23.03.2022
193
Өсек-аяң…
Өсек-аяң… Ғайбат сөзден шаршадым.
Жан төрiнде дiрiлдейдi Ар-сағым.
Алпыс екi тамырымда – бiр ашу,
арқалаған арман-мұңын баршаның.
Арылмаған таулар сынды мұнардан,
жүрегiмдi жұлқылайды бiр арман.
Алпыс екi тамырымда – бiр ыза,
аққу – көлден, айрылғандай сыңардан.
Жерiгендей опа бермес көп ойдан,
белгi жоқтай өтiп жатқан көп айдан.
Алпыс екi тамырымда – бiр дауыс,
жаңғырады түнде қалың тоғайдан.
Даламенен көшетiндей ән-қайғы,
бiрде төмен, бiрде биiк самғайды.
Алпыс екi тамырымда – бiр жүйрiк,
қиырымды қиырларға жалғайды.
Кел, Құдырет! Жүрегiмдi, кел, емде!
Кiм айтады?
Не беремiн өлеңге?
Атқақтайды менiң асау тамырым…
Сұрақ... Сұрақ...
Не беремiн мен елге?!.
желтоқсан, 1979 жыл.