Асқар Сүлейменовке
Өмiр босқа күрсiнтiп өтер ме деп,
ойым қаңғып қиырға кетер ме деп,
өзiмдi-өзiм келемiн жұлмалаумен,
өзiмдi-өзiм келемiн «көтермелеп»…
«Жоғымды» да бiлмейдi «барымды« ешкiм,
Қайғы…
Шаттық…
Өмiрде бәрiн кештiм.
Жаным таза… Рухым азат менiң…
Айыптамас, жан аға, Арымды ешкiм.
Тулап үнi өмiрдiң құлағымда,
көк өзенге, аунадым бұла құмға;
қарда тоңдым, жауында қалдым талай,
аязда да қалдым мен жылы ағында.
Оза алмаған сәтiм көп дара шығып,
алабұртам соны ойлап, аласұрып…
Ай, жұлдыздан сұрасын сенбейтiндер,
Сөз-тұлпарды келемiн таң асырып.
Торға түстi сенiмiм, тоңды арманым,
қиналғанда қамығып, тоң қармадым.
Жүрегiмнен сұрасын бiлмейтiндер,
тағдырымның мiнезiн толғар қаным.
Өмiр босқа күрсiнтiп, өтер ме деп,
Ойым…
Жырым…
Далаға кетер ме деп,
Өзiмдi-өзiм келемiн ширықтырып,
Өзiмдi-өзiм келемiн «көтермелеп»…
желтоқсан, 1979 жыл.