23.03.2022
  143


Автор: Нұрлан Оразалин

АДАМДАРДЫҢ «ОЙЫНЫНАН» ЖЕРІДІМ...

(«Өртену. От кешу» дәптерiнен)
«… Жазуды сағынып жүрмiн…»
(09.05.1980 жыл, жұма,
Күнделiк беттерiнен)
***
Өтерiмдi, өтпесiмдi бiлер кiм?
Кетерiңдi, кетпесiңдi бiлер кiм?!.
Бәрi, досым, Жаратқанның қолында,
неге сонша қабаржыдың, түнердiң?!.
Алдау… Арбау… Керегi не елестiң?!
(Соғұрлы бiр түйсiксiз жан емеспiн).
Адассам да, сүрiнсем де, осылай
ғұмыр кешем…
Сүйемесiн менi ешкiм.
Естi жансың, есiркеме!
Жек көрем!
Естiмесе, естiмесiн көп керең.
Мен өмiрдi сүйiп өтем осылай,
тiрлiктi де тек өзiмше өткерем.
Жүрек, сана адалдыққа шөлдейдi,
шамырқансам, шабыт-қыран көлбейдi.
  Биiгiме көтерiлiп өзiмше,
өгейсiтпей айтып өтем елге ойды.
Ми аманда… Жүрегiмдi өртеп үн…
Көңiлдердiң қатқан тоңын ерiтемiн.
Жылдарымды жалғап асау жылдарға,
Ой шанағын шертiп өтем… Шертемiн.
Жаратқанның шерiн, мұңын, азабын,
шаттығы мен қуанышы, мазағын,
өткенiмше өрнектеймiн өлеңмен,
кеткенiмше жазып өтем… Жазамын.
желтоқсан, 1979 жыл.





Пікір жазу