ҚАСТЕРЛІ МЕКЕН ҚАСТЕГІМ
Дұшпанның қолын қашырмай, –
Халықтың бағы жанбас деп;
Жарқылдап жайдың тасындай, –
Шайқасқан мұнда нар Қастек!..
Асудан жауды асырмай, –
Қол бастап майдан ашты ұлан;
Басқыншы жауға бас ұрмай,
Мерт болған солай жас қыран!..
Бермеген жауға намысты,
Маңына жиып әскерін;
Қорғаған ата қонысты, –
Ұмытпас елі Қастегін!..
Болса да ерте құрбан ұл, –
Есінде елдің ер кісі!..
Атауы жердің бұл да бір, –
Ерліктің өшпес белгісі!..
Сүйінбай, Жамбыл жыры мол, –
Аңызға арқау бұл мекен;
Ерлік пен елдік сырын ол, –
Әйгілеп жұртқа тұр ма екен?!.
Туған ғой мұнда шешендер,
Тақылдап сөйлер таңдайы;
Туған ғой алғыр көсемдер, –
Жарқырап шыққан маңдайы!..
Қарасай батыр ту тіккен,
Биігі Суықтөбенің!..
Алатау сүйіп нұр төккен, –
Түлетіп талай өренін!
Бабалар салты сақталса,
Сыйлайды ол елге асылын:
Қарт тарих сырын ақтарса, –
Бір шеті ол Қозыбасының!..
Болған бұл елдің ұраны, –
Ер Жәпек, Әйтей, Қауменім!..
Биікке қонған қыраны,
Сұңқарлы қия, таулы елім!..
Ғұмырын елге арнаған,
Жарылғап, Қараш, ер Дәулет;
Солардың ісін жалғаған,
Намысшыл қанша келді әулет!..
Халқына қамқор, алды кең,
Сұраншы батыр, Медетбек!..
Алысқан жаумен, алдымен
Азаттық елге керек деп!..
Жаңғыртқан жолын бабаның
Саурық, Андас, Нарбота!..
Оңғарып алла талабын,
Соңынан ерген сан бота!..
Би болған жұрты қолдаған,
Сандыбай, Үмбет, Шалданбай, –
Көппенен қанат қомдаған,
Еліне олжа салғандай.
Танытқан елдің бәріне,
Тазабек, Сатай, Қанайын!..
Жақсылар туар әлі де, –
Шуаққа бөлеп маңайын!..
Төрт түлік өріп, қаптаған,
Береке тұнған бұл өңір!..
Еңбекші жұрты баптаған,
Жалғасар жайнап ұлы өмір!..
Толысқан туған өлкем деп,
Жамырап буын жас, керім;
Жайнай бер өсіп, өркендеп,
Қастерлі мекен Қастегім!..
Болашақ таңы көрінді,
Жас керуен жайнап асты өрге;
Қасиет тұнған жеріңді, –
Қастерле, жұртым, қастерле!..