23.03.2022
  375


Автор: Тортай Сәдуақас

БӘЙТЕРЕКТЕР

Қос бәйтерек бар еді бұл әулетте,
Сая да еді, ағайынға, сәулет те;
Жұрттың бәрін желегімен жебейтін,
Асық болмай асып-тасқан дәулетке.
Елеп бәрін елдің басын құраған,
Ел мен жердің амандығын сұраған:
Көлеңкесін түсірмейтін ешкімге,
Бәйтеректер жайсын өркен дін аман!
Сұм тағдырдың көрсе де көп кеселін,
Қатал сындар қайтарған жоқ меселін:
 Аман өткен сұрапылдан сан рет,
Дауыл ұрып, сең соққанда неше күн!
Ақ тілеуі бөлінбеген тегі елден,
Алып үлгі алдында өскен еменнен;
Топырағы құнарлы еді ол өскен,
Тамырлары нәр алатын тереңнен.
Бірін-бірі демеп дәйім, түзетіп,
Төңіректің тыныштығын күзетіп;
Жамырасып жуан белде тұрды олар,
Маңдайдан – күн, табанынан сыз өтіп.
Еркін ұстап тіршіліктің шылбырын,
Шүкірлік қып сол қоңырқай тірлігін;
Көпке жаймай көңілдегі кірбіңін,
Қиянатқа қимайтұғын бір-бірін.
Қанаттары талықсыған құстар да,
Дамылдайтын қонып осы тұстарға;
Қос бәйтерек мәз болатын марқайып,
Көтеріліп құсы көкке ұшқанда.
Айтпаушы еді иығыма батты деп,
Қайтармайтын ел көңілін қатты кеп.
Жақынға да, жатқа да арнап ақ тілек,
Болатұғын оларға өмір тәттірек.
Көлденеңнің көңілін де жықпайтын,
Қатуланып қабақтарын шытпайтын.
Кім де болса қанатына демеу боп,
Ұшам деген талаптарын құптайтын.
Емен белі иілмейтін дауылға,
Жабықпайтын жаураса да жауынға.
Өркені өссін деп тілейтін өлкенің,
Бұлбұл сайрап, гүлгүл жайнап бауында.
Бұрын біліп жаманатты төнетін,
Жақсылықты күні бұрын көретін.
 Бар дәмдісін тосып елдің аузына,
Бар мен жоғын барша жұртпен бөлетін.
Тұлғасында туралық бар, бар айбын,
Бақытына болған қамқор талайдың;
Бықсық өсек, былапыттан аластап,
Тазалайтын ауасын сол маңайдың.
Сұрап келсе жүйелі істің жөнін кім,
Базынасын ақтарушы ед көңілдің;
Тура бидей тұрушы еді тұрпатты,
Шежіресін шертіп осы өңірдің.
Күннен – шуақ, топырақтан нәр алып,
Желектері жетілді өсіп, таралып;
Көпке жетті көлеңкесі, саясы,
Тамырынан талай өркен таралып.
Бұтағына салған төрт-бес ұяға,
Мәз болатын ұшырсақ деп қияға;
Айнала ұшып аймағында жүрді олар,
Құсекеш құс өз ұясын қия ма?
Құс базарын қыздырғандай әдемі,
Мол қызықтан қылған бәрін дәмелі;
Қанатымен су себетін бәріне, –
Жалғыз ғана қарлығашы бар еді.
Қапияда сол қарлығаш сүйікті,
Мерт болды да, тартты бұлар күйікті...
Қара жылан қапылыста қармап ап,
Арсыз ажал қыршынынан қиыпты.
Есер дауыл еседі екен не біліп,
Екіленді екі өкпесін тебініп;
Қос бәйтерек уілдейді егіліп,
Өзектерін қайғы құрты кеміріп.
Қар ұшқындап, аумаса да жаз әлі,
Бір ызғырық алды ызыңдап мазаны;
 Қос бәйтерек қосыла өксіп, томсарып,
Озған базар, тозған ажар, азалы...
Соқты дауыл солай бәрін сынап-ақ:
Сыр айтады сол туралы, сірә бақ:
Сая тапқан сабаз кетсе саяқсып,
Сырғып шықты сыпсыңдап кей сұғанақ.
Табалаған антұрған да табылды,
Тамырына балта ұрған да табылды...
Шарапатын көрген кей қу шалқақтап,
Астамсынып, тәубасынан жаңылды.
Айналасы өсіп-өнген құтты бақ,
Бәйтеректер болды олардан мықтырақ;
Пенделікке пысқырмады олар тек,
Текті емендер тік тұрады, тік құлап.
Құрысыншы құлы болған құлқынның,
Ұялардың шырқын бұзған шіркін кім?
Құстарыңды құса қылмай, жай өркен,
Бәйтеректер – бағбаны ата жұртымның!
Бәйтерекпен саялы ғой бұл мекен,
Бәйек болып қастарынан күнде өтем:
Ыңыранып, ыңырсиды түнімен,
Қос бәйтерек құлағалы тұр ма екен?!.
Жүз жасардай жұпарынан жұтса адам,
Бәйтеректер – қара шаңырақ, құт сабам!
Көзіме ыстық көрінеді қос алып, –
Бірі – әкеме, бірі – анама ұқсаған?!.
Елеп бәрін елдің басын құраған,
Ел мен жердің амандығын сұраған
Көлеңкесі көпке сая, құсқа – ұя,
Бәйтеректер жайсын өркен дін аман!..





Пікір жазу