МАҒЖАН МЕН КӨКШЕ
Ер Көкшем, айтшы өзің ақтарылып,
Сен бе ақын жүрегіне жаққан үміт?
Төріңде тебіреніп тұрды ма ақын,
Тәңірі жасап берген таққа мініп!
Шықты ма ол Оқжетпестің қиясына,
Қонды ма ол қыран құстың ұясына?
Жалбарып жаратқанға жұрты үшін,
Қосты ма алты алашын дұғасына?!.
Нұр-Мағжан Хаққа елім деп жылады ма?
Жыр-Мағжан жасыннан от сұрады ма?
Сыр-Мағжан сүйемін деп сертін айтып,
Ер-Мағжан жауға шаппай тынады ма?!
Оқжетпес, өзің айтшы жастарыңа,
Ақынды көтердің бе асқарыңа?
Шығармай шыңға өзгені одан биік,
Дауаңды дарыттың ба дастанына?!.
Оқжетпес, айтшы анығын, алып-қосып,
Советтің санасында қалыпты өшіп;
Асқақтап тұрады деп асқар шыңдар,
Тұрдың ба шабытына шабыт қосып!
Айттың ба Абылайдың өсиетін,
Бердің бе Кенесары қасиетін?
Алаштың ай мүйізді ақ серкесі,
Дұшпанға сен емес деп бас иетін?!.
Айнакөл, айтшы толып кемеріңе,
Алды ма ол маржан сүңгіп тереңіңе!?
Ақының айдыныңда құлаш ұрып, –
Толқыннан толқын туар, демеді ме?
Айтсаңшы, Биші қайың, батқан мұңға,
Ару деп ақын сырын ақтарды ма?
Шолпанын Ботагөзге қия алмаған, –
Үміті сол ақынның ақталды ма?!
Ақ қайың, айтшы, аймалап тұрды ма ақын,
Алды ма желегіңнен жыр қуатын?!
Саптарың сарбаздардан берді ме елес, –
Аттанған Абылайдың ту ғып атын!
Ақ самал, айтсаңшы енді желпіндіріп,
Естің бе сері ақынды серпілдіріп?
Бердің бе екпініңді, жолбарысың, –
Жортсын деп кең далада еркін жүріп!
Шашынан сипадың ба, тарап майда,
Дедің бе саған берер қанат қайда?
Өлімге қиған қайран ағайын-ай,
Шабандар шын жүйрікті жаратпай ма?!.
Ақ нөсер, айтшы, төпеп, селдеттің бе?
Ақынды нұрға малып сен кеттің бе?
Жырыңды осылай бір нөсерлет деп,
Күркіреп тұрды ма екен жер-көк бірге!
Ақша бұлт, жайып па едің бұған құшақ?
Жаттың ба жасын атып, ұранды сап;
Қақ жарып қара бұлтты қанатыңмен,
Ақыным, ұш дедің бе қыран құсап!
Ақ боран, аһ ұрдың ба, ақырдың ба,
Ақынды оппа қарға батырдың ба?
Алаштың елі жатқа құл болмас деп,
Атойлап ата аруағын шақырдың ба?
Азынап, аңырап бір биледің бе?
Найзасын Наурызбайдың түйредің бе?
Адуын арынымды ал, абызым, деп,
Ақынды аяқ-қолдан сүйредің бе?
Апырмай, айтшы, ашынған сәттерінде,
Әлдиле, деді ме ақын, ақ кебінге;
Қызылдың айтағына құтырынып,
Жынданып жырттың ба жыр-дәптерін де?!.
Артынан опындың ба, өкіндің бе?!
Егіліп, арысым деп, өкірдің бе?!
Зымиян замананың заңы ма бұл,
Зарлатып... беретұғын...бетін бірде!..
Жә, жетер! Естелік сол есіл күннен,
Жоқтаймыз ерлерді, енді есім кірген:
Бермесін енді басқа... тарих – айғақ,
Жарайды... жаманатты кешірдім мен...
Ақынды ақ ниеті шыңдайды елдің,
Сен барда, Көкшем, сағы сынбайды ердің.
Сырыңды айта берші ерлер жайлы, –
Келеді тыңдай бергім, тыңдай бергім!..