Якут қызы
Якут қызы аяулым, Ақ қанатты періштем!
Көңілде жоқ қаяу-мұң, Гүл тересің еңістен...
Жыр қозғайын тыңдасаң, Қозы Көрпеш – Баяннан;
Айтылған жыр бұл қаша-н-н, – Саха, Алтай, Саяннан!..
Ортақ маған, саған да, Мейрам сопы бабамыз;
Енші алған сол заманда, Сарқылды ғой сабамыз...
Алды дұшпан жағадан, Тартты етектен бөрісі;
Сахалин мен Магадан, – Енді ерлердің қонысы!..
Саха елінің саласы, Береллах6
– бұл Бөрілі;
Сыздап жүрек жарасы, – Өтуде ақын өмірі!..
Мамонттардың сүйегі, Жатыр мұнда шашылып;
Ақын сөзі киелі, Қалды аяққа басылып...
Аю, бұғы, бұландар... Жортқан еркін тайгада аң;
Қапаста отыр қырандар, – Заман еркін байлаған!..
Мен де торда ұлыған, Көк түріктің бөрісі ем!
Айырылған ұлынан, – Елмен қайтіп көрісем?!.
Ғұннан тегім тараған, Теле, Басмыл, Қарлықтан;
Жау болса елді қамаған, Кім бар біздің зарды ұққан?!.
Алдарқатар ақынды,
Жыртық – жүрек, жыр – кебін!
Толтырмай ма сапымды, Күлік мінген Күлтегін!..
Толғап ерлік дастанын, Аңыраса қобызың;
Қосар ма екен бастарын, – Қарлық, қыпшақ, оғызым?!.
Бақсы болып дуала, Зұлымдықты аласта!
Залым күшті қуала, Жоламасын алашқа!..
Мен де айтайын саған жыр, Қойлыбай мен Қорқыттан!..
Түбі оңбас заман бұл, Ақындарын қор тұтқан!..
Сияқты Айып пайғамбар, – Көрген ауыр азабым;
Қандай енді қайран бар, Қайтер екен қазағым!..
Якут қызы аяулым, Ақ қанатты періштем!
Көңілде жоқ қаяу-мұң, Гүл тересің еңістен...
Иіскер едім маңдайдан, Аяқ-қолым кісенде!..
Бұйырады қандай дәм, Көрге ұзамай түсем бе?!.
Енді қапас апанда, Әйел затын көрмеспін;
Желік буып жапанда, Желмес енді кербестім!..
Бақсы болып толға сен, Елдің көне сарынын;
Мен де ұрпағы болмас ем, – Бұқсам, Кенесарының!..
Өшпес, өлмес бұл сарын, Сақтап бәрін жүр есте!
Ұрпақтардың мың санын, – Үндер ерлік күреске!..
Якут қызы, сен бір пәк, – Ақ қанатты періште!..
Рухы өшпеген ер ұрпақ, – Жетер бір күн жеңіске!..
* * *
Есек мінген есерді, Есіртті ғой бұл Кеңес?
Етіп тулақ неше ерді, – Елдің ішін қылды егес!
Елдің көбін айдатып, Мінді олар да тағына;
Қызыл тілін сайратып, Қызыл үйге жағына?!.
Тексіз туған немелер, Тентіретті жақсыны!
Ез қолынан не келер, Төбеде тұр тақсыры!..
«Істік мұрттың» торына, Түсіп олар шатылды;
Амал не, елдің сорына, – Не жайсаңдар атылды!
Сталиннің ырқынан, Шыға алмады-ау қырандар;
Тікенек тор – мұртынан, – Ысылдаған жыландар...
Еңбектері тати ма, – Жарамсақтап мансапқа?
Ала кетпес бақиға, Болса да ие қанша атқа;
Сонша мақтап советін, Ала қойсын баспана;
Тыйып жаман әдетін, Іс қылмасын масқара.
Тексіз туған, іркілдеп, Сылти басқан шіркіндер;
Ойлап па екен күркілдеп, Келер деп Хақ бір күндер?!.
Мал тапқанға мастанып, Істері көп күмәнді;
Партбилетін жастанып, Лақтырды олар құранды?..
Көп сомаға көмілді, Белсенді атқа ілінген;
Кімнің ары төгілді, Кімнің беті тілінген?!.
Алсадағы қанша ақша, – Ақиретте шоқ болар!..
Қаны ақынның қанша ақса, – Сонша абырой төкті олар!..
Кеңесшілер сор бейне, Өтер солай бақылдап;
Абайша ақ сөйлей ме, Махамбетше лапылдап!..
Тексіз келсе билікке, – Тонап жұртын жылатар;
Тұлпар туған жүйрікке, Бұғау салып құлатар.
Түрік десе құлықсыз, Алаш ұлын жамандап;
Жалшы, малай, біліксіз, – Өтер елді қарамдап...
Жаман әдет қыр асып, Салар ма елді азапқа?
Ұрпаққа әрі ұласып, Сор болмасын қазаққа?!.
* * *
Жар отауы жырақ қалған, Жылытпайды жанымды.
Жыр отауы сыр ақтарған, Ысытпайды қанымды.
Күндер қайда шуақтаған, Сорады аяз тәнімді?!.
Күйремек пе қуатты арман, Сындырды сұм сағымды?!.
Азуымды айға білеп, Арыстан ем атылған.
Мөлдірімді лайлады кеп, Арзан пұлға сатылған.
Қамалаған қайғы әбілет, – Тереңіне батырған...
Қайда қайрат, қайда білек, Қалың жауды жапырған?!
* * *
Халқым еді қайтпас қайрат, қуатым,
Алаш еді сарқылмайтын суатым;
Анық сүйдім, жанып-күйдім, жарладым,
Жұртым қайда жан сырымды ұғатын?
Кәне, жеткен мұратым?!
Жұмсап маған сотын, отын, құзырын,
Қыр соңымнан қалмай қойды қызылың;
Бардым сотқа, жандым отқа, күйредім,
Жанұшырдым, қолдай ма деп қызырым!
Кәне, көрген қызығым?!
Байларды да байыптадым, мақтадым,
Жарлыны да жақын тарттым, жақтадым;
Түстім торға, ұштым зорға, торықтым,
Қырсық заман құрды маған қақпанын.
Кәне, олжа тапқаным?!
Қара жұмыс қажытты ғой күнұзын,
Зар қылды ғой нанға-дағы бір үзім?
Жаным – дертте, жырым – өртте, қиналып,
Бұл жалғанның көре алдым ба қызығын?
Кәне, шыққан мүйізім?!
Шыбын жанды халқым үшін қинадым,
Еңіресе ел, көзім жасын тыймадым;
Түстім топқа, ұштым оққа, мерт болдым,
Ғұмырымды алашыма сыйладым!
Кәне, тапқан иманым?!.
* * *
Кешір мені, анашым, «Халық жауы» атандым!
Аян беріп алашым, Жақсылардан бата алдым.
Сүйемін ғой мен де елді, Жөн сілтедім қазаққа!
Түрмеге әкеп сендерді, Салдым бірақ азапқа!?.
Көкке сауып кеудеңді, Кейімеші, өтінем?..
Тыйып сауық-серуенді, Ел қамымен кетіп ем.
Үміт етіп өсірген, Қарғанбашы, жан анам!
Болдым саған кесір мен, Болсам деп ем садағаң?!.
Кешір мені, көкешім, Салдым сені айдауға!
Солай қор боп өтесің, Аяқ-қолың байлауда!
Қазы болып қазаққа, Қазы-қарта жеп едің.
Енді, міне азапта, Қара су тек қорегің?..
Кешір мені, бауырлар, Босамадың бұғаудан.
Дертің күнде ауырлар, Басымыздан күн ауған.
Кешір мені, шерменде, Әпке, қарындастарым...
Сор боп тиді сендерге, – Атым, жыр мен дастаным?!.
Кешір мені, ағайын, Кесір болдым сендерге.
Өртеніп іш сарайым, Тілектеспін мен де елге!
Зардабы осы уақыттың, Күйдіңдер ғой мен үшін!?
Мен ойлаған бақыттың, Көре алмаспыз жемісін?!
Бола алмадым ұлығың, Жеткізбедім ұшпаққа.
Өтер болды-ау ғұмырың, Қорлық пенен қыспақта?!
Қорлығы өтті-ау кәпірдің, Атты, шетке айдады?!.
Амалым жоқ, аһ ұрдым, Таба алмадым айланы?!
Тұлпар мініп тағалап, Болар едім коммунар?
Елдің бәрін алалап, Талайды ғой о қулар.
Малыңды алып қорадан, Тартар ма едім артельге?
Бірін-бірі тонаған, Болар ма едім тәнті елге?!
Бұзып ата салтымды, Достарымды сатам ба?
Қуантам ба халқымды, Не сыйлаймын Отанға?
Отырар ма ем ЦК-да, Болар ма едім комиссар?
Табыс тауып жұқана, Көтеріліп көңіл сәл?!.
Сталин мен Ленинді, Жырлар ма едім мадақтап?
Алашымды, елімді, Жамандар ма ем қабаттап?!.
Орден тағып кеудеме, Отырар ма ем төрінде?
Есер қиял желдене, Желік кіріп көңілге?
Тіл табысып қоғаммен, Бөлсем бай мен кедейді?
Сонда разы болар ма ең? Кейінгі ұрпақ не дейді?!.
Жақсылығы сол ма еді, Сәкен менен Тұрарға?
Жұбата алмас ол мені, Дауа болмас бұларға?!
Сол түрмеге қайрадан, Келмес пе едім оралып?
Дұшпан тісін қайраған, Атпай қоймас, ол анық...
Қара бастың қамы ма? Есімде алаш, есімде ел.
Мен байғұсты тағы да, Кешіріңдер, кешіңдер!?.
* * *
«Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!..»
Деуші едің сақтағандай бір сырды ішің.
Өртеніп сүйе білдің, күйе білдің,
Сайратып махаббаттың сыршыл құсын.
Шарқ ұрдың азуыңды айға білеп,
Дүниенің талмай іздеп тылсым күшін.
Сорыңды қайнатты ғой орға жығып,
Соңыңнан қалмай жүрген бір сұм кісің.
Өкпеге қимас жанға, өлім түгіл,
Кім салған кірш еткізіп кір сүңгісін?!
Қазақтың маңдайына сыймай кеткен,
Күңірен, күйзел ақын, күрсін-күрсін?!.
Қырандай көк жүзінде ұшқан дара,
Дауылға қарсы жүздің құштарлана,
Қақ жарып қара бұлтты қанатыңмен,
Қасқиып қарсы тұрдың дұшпанға да.
Қыздырған жыр көрігін қызыр едің,
Қызғанған қызығыңды ішітар ғана?..
Алдыңда алтын хәкім Абай дара,
Тәнті еді талантыңа талай дана.
Жарқылдап жырдың көшін бастап өзің,
Жақсылар жүруші еді бәрі айнала.
Толғадың азаттықтың жырын тынбай,
Қызықпай қызыл тулы сарайға да.
Аузымен құс тістеген дүлдүл едің,
Залымдар зынданға атты қалай ғана?..
Деуші едің тар қапаста қалмас жырым, –
Шықты күн, атты таңдар арайлана!
Ұрпағың жетті сол бір азат күнге, –
Кеш бізді, мін тағыңа, жарай ма, аға!?.