Кісен
(«Шолпы» өлеңі әуенімен)
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Жендеттің қолында шылбыр;
Алашты шырмаған бұғау, –
Аяқ пен қолыңда шынжыр!
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Шығарған есіңді сын бұл;
Булығып бұғауда бұлбұл,
Шықылдап шығарды ес шіл, құр.
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Шыңырау түбіндесің бұл:
Шімірікпейді-ау шіркін,
Шырылдап ойбайла, шыңғыр!?
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Шыбындап ез басын шұлғыр;
Шыр бітпей шерлі жүр шетте,
Шаршатты-ау шүлдір де шүлдір.
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Ерлерді қор қылды-ау құрғыр;
Шырылдап шындықты айтқан, –
Әлихан, Ахмет сынды ұл!..
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Кісені талқан боп сыңғыр;
Сұлу қыз түстен де безді,
Сыр айтпай шолпысы сылдыр...
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...
Тілімді кессе де шын бұл:
Ойымда – қазақ пен алаш,
Мойында – тұзақ пен шылбыр!?.
Шылдыр-шылдыр, шылдыр...