Ит, адам, мысық және қыран
Ит пен Адам, Мысық, Қыран қосылып,
Ақыреттік дос болмақ боп келісті,
Шеттерінен серттерін де берісті,
Тамақты да ішті бірге отырып.
Не көрсе де көрмек болды бірге олар:
Бір-біріне сенеді,
Көмегін де береді,
Керек десе, досы үшін өледі.
Аңға шығып бірде олар,
Жырақ тым
Кетті достар ауылдан,
Аяқ талып ауырған,
Тоқтады кеп басына бір бұлақтың;
Бірі жатып, бірі отырып қалғыды.
Кенет Аю ну орманнан шықты да,
Аузын ашып келе жатты тұп-тура.
Көре салып дәл мұны,
Қыран – көкке, Мысық қашты тоғайға,
Өлем-ау деп Адамнан шын зәре ұшты.
Сенімді Ит алайда,
Азулы аңмен арпалысты, алысты,
Тамағына жабысты.
Ызаланып бірде Аю ақырды,
Бірде өкірді, бірде белі бүгіле,
Төбет тісін сүйегіне сіңіре,
Әрмен қарай батырды,
Сарқылғанша қайрат-күші ақырғы.
Сенімді Ит серігін еш сатқан ба?
Ал, Адам ше? Тек ұятқа батқан да,
Ит пен Аю арпалысып жатқанда,
Мылтығын ап иіле,
Безіп берді үйіне.
* * *
Сөзге шебер болғанымен тәуір шын,
Нағыз досты таршылықта танырсың.
Ондай достар мүлде кем!
Көріп жүрмін күнде мен,
Сенімді сол Төбеттей қалғандарды тұтылып.
Кей Адам
Бәле-жаладан
Дос арқылы құтылып,
Оны сорға тастайды
Және ұрыса бастайды.