22.03.2022
  97


Автор: Абдрахман Асылбек

Демьянның сорпасы

«Көршім-ау, жарығым,
Сорпадан ішсеңші».
«Көршім менің, тойып тұрмын». «Бәрібір,
Бір тостағын тағы да іше түссеңші,
Қандай тәтті сорпа бұл!»
«Үшеу іштім». Оның сірә есеп пе?
Денсаулық бар кезекте
Түгел ішкін, қалдырмағын орта қып!
Қандай сорпа десеңші,
Бал татиды, көрсеңші!
Қуан-дағы, сүйікті дос, қанып ал,
Табан, сазан, ішек-қарын – бәрі бар,
Еш болмаса бірін алып жесеңші».
Демьян солай көршісін бек сыйлады,
Сорпа беріп үсті-үстіне қинады.
Фокадан тер жаңбыр болып тамады,
Дегенменен, бір тостаған тағы алды.
Соңғы күшін жиып бір,
Тауысты ол. «Мұндай досты құптаймын, –
Деді Демьян, – ал, паңдарды ұқпаймын,
Бір тостаған тағы да іш, сүйіктім!».
Фоканың тым сасқаны –
Сол сорпадан іші бүре бастады.
Әрең алып ол демін,
Қатты буып белбеуін,
Жетті үйіне қиын болып бас қамы,
Ішкенінің бәрін құсып тастады,
Содан бастап Демьянға аттап баспады.
* * *
Бақыттысың, жазушым, талант болса өзіңде;
Босқа бөсіп, мән болмаса сөзіңде,
Әсер ете алмассың еш сезімге.
Жазғандарың тыңдаушысын пыстырар,
Демьянның сорпасындай құстырар.





Пікір жазу