21.03.2022
  348


Автор: Тортай Сәдуақас

ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ БЕСІНШІ ЕСТЕЛІГІ

Асыра сілтеушілер зардабы.
Көсем жол көшін бастап соныға елдің,
Көп жанның бірі болып соңына ердім;
Асыра сілтеу болып, амал қанша,
Келді бір ақ сирақ жұт сорына елдің?!.
Шындықтың кім естімес зор дауысын,
Сорласа ел содырлардан сорлауы шын:
Еріксіз еске аламыз мұны бүгін,
Бұл сұмдық енді қайтып болмауы үшін!
Жел кірген жетесіне, желік кірген,
Асыра сілтеушіге ерік тиген:
Жымысқы жау шықты да жар астынан,
Бөрі тиді бүйірден бөрік киген.
Сынық жүз, сырқат елде сияқ қандай,
Мелшиді домбырасы күй ақтармай.
Басынан бақпаған соң жер емшегін,
Жұтты жұт тігерге де тұяқ қалмай.
Қотанда ит қалмады тышқан аулап,
Аң ауды аңырап бұл тұстан аулақ.
Жұт жеті ағайынды, дерт те жайлап,
Өртейді өзегіңді өрт іште алаулап.
Ашылып обыр құлқын араны енді,
Мерт қылып, мылтық атпай ала берді;
 Қамшы ұрмай қан қақсады қаншама адам,
Шоңқиып, шоқпар тимей қала берді.
Аспаннан ала жаздай нәр тамбады,
Аңызда масақ қағар дән қалмады;
Үйірден сыпырылып ноқта қалды,
Желіде жеміріліп арқан қалды.
Күлі ұшып қу далада тандыр қалды,
Ел ақтап, көрдік талай қаңғырғанды;
Естідік есінен де тандырғанды,
Табылмай көлде сүйрік, балдыр қалды?
Анада емшек емес, шандыр қалды,
Емексіп кім емізер балдырғанды?!
Арқалап екі иығын талдырған-ды,
Бақыты сол сәбидің мәңгі ұрланды.
Тұлпарда тұтам жал жоқ, тұлдыр қалды,
Көмейге құм құйылып бұлбұл қалды;
Осылай сағын елдің сындырған-ды,
Жеткізіп айту қиын бұл бір халді!
Тоз-тоз боп тозып кетті аз ғана ауыл,
Басына қиын сынды жазған ауыр.
Белшеден батырғандай сазға дауыл,
Ауған елден көзіңді жазба, бауыр?!
Шошайып көп әулеттен бірі қалды,
Кей үйдің иті ғана ұлыған-ды.
Біреудің жетімек боп қызы қалды,
Біреудің тұлдыр жетім ұлы қалды.
Екінің бірі кетіп, бірі қалды,
Ананың зары аңырап тұрып алды!
Табылмай арпа-бидай алтынына,
Біреудің сандық-сандық пұлы қалды!
«Қарасу ылайланды есік алды»,
Құмығып ата жұрттың пеші қалды.
 Есесі кеткен зарлап есіне алды,
Есен-сау ести алмай есіл әнді.
Шошытып тамам елдің сесін алды,
Кесірді халық қайтіп кешіре алды?
Сөгілді қабырғасы қалың елдің,
Жалғыздың жалқы туған несі қалды?!
Болады елдің жайын не десек те,
Кезінде жарамадық неге сепке!?
Асыра сілтеушілер азары өтті-ау,
Кещені кешірмейді келешек те.
Шағылып тауы, шатақ шаққа жеткен,
Қиында ел шындық шоғын шақпақ еткен;
Аңғырт жұрт өзін-өзі алдарқатты:
«Сталин білмейді ғой әттең, әттең!?.»
6-шы сұхбат
– Сұм дұшпан қайнатпақ боп сорымызды,
Құртпақ боп құтырғанда жолымызды;
Онда да ер атанған екенсіз сіз:
Жас ұрпақ ұсынады төрін ізгі?!
– Ішінде жүрмесем де қан майданның,
Бірімін сағыныштан сарғайғанның.
Қанша рет қару артып эшелонмен,
Оқ жауған алғы шепке, шалғай бардым.





Пікір жазу