ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ БІРІНШІ ЕСТЕЛІГІ
Бай жылқышысы Дәулеттің революционер
Әбілқайыр Досовпен танысып теңдік алуы.
Ақ патша тақтан құлап дүрбелеңде,
Ақ, қызыл ат ойнатқан қыр-белеңде;
Ақымды бардым сұрап қожайыннан,
Желігіп жел сөзбенен бірге мен де.
Ол кезде он алтыда жасым менің,
Қысы-жаз жылқыда, қос басында едім.
Әкем де барымтада мерт болыпты,
Сұм тағдыр сондай қатал-тасыр ма едің?..
Байдың да құнығуы-ай қолқасының,
Жөнелді балағаттап ол пасығым.
Ақырды ақымақ деп, ақы түгіл,
Бұлдады, бұралқы ит деп сорпа-суын.
Зарлатқан жетімін де, жесірін де,
Күң болып анам өткен есігінде:
Арымды таптап келген есер байды, –
Кещелік болар еді кешіру де!
Кім салған мұндайда ақыл безбеніне,
Қан толып кетсе керек көздеріме:
Қамшы үйіре түскенде қарсы ұмтылдым, –
Артында жоқтаушы жоқ ез деді ме?!
Қатты ұрып қатқан құрық қақ басынан,
Өкіріп құлады бай шалқасынан.
Сытылып сол бетімде кете бардым,
Қапастың қарамды үзіп қақпасынан.
Басқа түк өндірмеді «бұзақы» ұлан,
Ішімде қыз-қыз қайнап ыза тұнған:
Кейіспен кетсем деймін Қотыр жаққа, –
Апам бар ертеректе ұзатылған.
«Мырзаға қол көтерген қай әулекі?» –
Дүрлікті аяқ асты бай әулеті.
Тоғайға жасырды одан жылқышылар,
Әйтпесе бір сұмдықтың таяу беті.
Жалғыздың көрешегін көрсетуге,
Ұстаңдар депті ауылға келсе түнде.
Нуына Бұландының сіңе бердім,
Бірер күн паналап сол ел шетінде.
«Мұны да жазмыштан сол көріп пе едім,
Бөріге талаттың ғой, бөрікті елім?!»
Үстінен түстім түсте бір керуеннің,
Сақадай сайлап алған көліктерін.
Маңына жорта мені жолатты ма,
Басыма болар ма екен сор аққұла?!
деп іштей секем алдым, сақ олар да
Тінте қарап көлденең көк аттыға.
Тағдыр-ай, болдың деймін, қатты неден?!
Сыр тартып бұлар-дағы бақты менен.
Байқаймын сырты сұсты, іші – зілсіз,
Кеңестен, кедейлерге бақ тілеген!
Состиып тұрсың дейді шошып неден?
Сырласып, жөнін айтты жосықпенен.
Қадаған қызыл жұлдыз маңдайына,
Осы екен командирі – Досов деген!
Жымиып, жылы сөйлеп райын бұрып,
Жаныма жақын келді ол жайымды ұғып.
«Қарағым, қолға солай қару алдым,
Қарымнан сыпырылып қайың құрық!»
2-ші сұхбат
– Осы жол – ақ тер еткен, көк тер еткен,
Осы жол – көк тайғақты көктеп өткен:
Жолбасшы болған кім ед өзіңізге,
Өмірде өткенде сан өткелектен?
– Досовтай қызыл ердің қасына ердім,
Кеңеспен қайта түлеп рәсімі елдің;
Лениннің жолын сілтеп еңбекші елге,
Жүруші ед мейманасы тасып ердің.
Ескі өмір есемді жеп тонағанда,
Айнала қарлы құйын борағанда:
Заманның көшіне ертіп, көзімді ашқан,
Мендағы қарыздармын сол адамға!..