21.03.2022
  95


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖОЛ МҰРАТЫ

Көкшетау теміржол бөлімшесінің әкелібалалы еңбек ардагері Сағидолла және Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты
Әнуарбек Жуанышбаевтарға арнаймын.
Автор.


I. Жастық шақ. Сағынышты сапар. Купедегі кездесy
Жастықтың қызығын кім қанып ішкен,
Жас жүрек жалын атқан жанып іштен.
Ынтыққан іңкәр көңіл алып-ұшып,
Санаңды сарғайтады сағынышпен.
Қызық қой студенттік шақ, жар таңдауың,
Шығарып салды кеше дарқан қауым:
Шынығып құрылыстан қайтқан бетім,
Көңіл тоқ, көйлегім көк, қалтам қалың!
Біз бір жас замананың көшіне ерген,
Қалқатай қарсы алмақшы тосып елден.
Өткенде өкпелесіп қалған едік,
Сапарым сәтті болар осы келген.
Салмақтар сезім күйді жоқ таразы,
Әйтеуір көңілде ғой көп пен азы;
Әйтпесе бір-біріне іңкәр жанның,
Өмірде таусылған ба өкпе-назы?!
Кімге оңай сүйгенінен қапы қалған,
Бақытым жолығардай ақыры алдан:
Табысқан арман қуып сол қалқаның, –
Кел деген кеше ғана хатын алғам.
Алаң боп жолға шығып барам бүгін,
Жайқалтып қарсы алуда далам гүлін:
 Тамбурдан тамсанамын кең өлкеге,
Менің де теміржолшы – мамандығым!
Арқаның қылаң беріп бір өркеші,
Жалт етіп өтеді елік қыр еркесі;
Көк балақ егінжайы ен шалқыған,
Тыныстап жатыр еркін тың өлкесі.
Кең далам, перзентіңді қолдашы ұғып,
Сүйгенім тұрған шығар жолға шығып:
Толқуын жас жүректің сезінгендей,
Жүйткиді жүрдек поезд ол да асығып!
Сатырлап зымырайды доңғалағы,
Қолтығын бырт-бырт сөгіп сорғалады:
Дүрсілдеп соққан менің жүрегім бе ол,
Лүпілдеп әлде құрбым жол қарады?!
Осы жол – өнеге алған ұл-қыз жастан,
Заулайды басқаға бас бұрғызбастан.
Қарсы ағар қайсар жылдар қапталынан,
Жамырап жанарымда жұлдызды аспан.
Осы жол – канал қазып, қала сапты,
Беріпті бекеттерге жаңаша атты.
Уақыт пен кеңістіктен бірдей озып,
Жалғайды ол өткен күн мен болашақты!
Жаны ізгі, ісі құнтты, сөзі адалға, –
Жөн сілтеп өмір қолын созады алда:
Жасампаз ерлікпенен, махаббатпен,
Зырылдап жастық дәурен озады алға!..
1-ші сұхбат
Бұл сапар бізге сабақ беріп құнды,
Саралап сан тағдырды серік қылды.
Бір тұста қасында орыс кемпірі бар,
Купеге бір қара шал келіп кірді.
 Сұсы да, тұлғасы да басым елден,
Қайратты қарттың бірі жасы келген.
Бізді де шолып өтті жіті жанар,
Қоштасып нөкерімен қасына ерген.
Тағдырдың көп көргендей сынақтарын,
Аңғардық көзінде мол шуақ барын.
Күректей алақанын көлегейлеп:
«Жол болсын! – деді бізге, – шырақтарым!»
Қаратпас алды-артыңа, жастық маусым,
Мінің бе албырттық пен бастықпау шын?
«Даңғаза музыкаңды тый!» деген соң,
Жақтырмай магнитофон бастым даусын.
Атамен – ақыл айтқан алпысқа кеп,
Атымен бұрғамыз жоқ айтысқа бет;
Сұрадым: «Досов деген ауыл қайда,
Жақын ба Қотыркөлге, қай тұста?» деп.
«Жолымыз бірге болды онда, шырақ!
Сапарың шыққан әрбір ол да сынақ.
Жеткізбес оңайлықпен жол мұраты,
Танытар жай-күйінді жолдасың-ақ!»
Кемпір де пейілі кең, қарапайым,
«Дәм алып отыр, – деді, – балақайым!»
«Жүздің түрін білгенше, бірдің – атын»,
деп тағы қойып қалды сары апайым!
Бірі екен ардагердің көпке ардақты,
Кезінде алдынан көп ел тарқапты:
Кеу-кеулеп қоймаған соң кебімді айтып,
Ширақ қарт әжептеуір шер тарқатты:
– Досов кім? Өзің оны білесің бе?
Тарихты лақтырмаңдар күресінге.
Қайыншылап барасың қайдам, шырақ,
Не сыр бар «Досов» деген бұл есімде?!





Пікір жазу