20.03.2022
  521


Автор: Тортай Сәдуақас

КЕНЕСАРЫ МЕН ЖАНҒАЛ БАТЫР

Алдаумен, арбауменен, өсекпенен,
Халықты малдан бетер есептеген;
Қосылып Самұрық пен Аждаһа елі, –
Қысқандай кең даланы қос өкпеден...
Патшаның құрығы ұзын отарлаған,
Бір жақтан Қоқанд шауып қоқаңдаған;
Қазақтың ауылы жоқ мұң шалмаған,
Жат қолдың кеніші жоқ қопармаған...
Біресе патша айласы пайдаға асып,
Бір жақтан Кенесары майдан ашып;
Таласқа түскен басы сын сағатта, –
Құтылар қайран қазақ қайда қашып?!.
Хан Кене алты алашқа аты мәлім ел ардағы. Ал Жанғал
Оразұлы – Кенесарының серіктесі, Атығайдың Бағыс табынан шыққан батыр, би, старшын, 1895-1862 жылдары өмір
сүрген. Бағыстан Қыдыр, Серкеш, Әйтiмбет, Даңқой тарайды. Әйтiмбеттен: Айбердi, Рысқұл, Өте-Қайып, Мәшек
туады. Өтеден: Ораз, Жарқын және Досқана; Қайыптан:
Ескене және Жылқыайдар тарайды (бұлар Абылайдың айналасында болған белгiлi елағалары). Ораздан: топқа түскен
әлдiлерi «Бес қасқа» атанған Тiлеуқабыл, Жәдiгер, Жанғал (Жанқабыл) Байғабыл, Мырзағұл, Томалақ және Тәңiрберген (одан Қуат) туады. Ел аузындағы әңгiмеде Жанғал жас кезiнде Жайық жақта кiшi жүз жасақтарымен бiрге жортуылжорықта жүрген дейдi. Аталары еншi бөлемiз, ауылға келсiн деп алысқа ат сабылтып, арнайы адам жiберген екен.
Жанғал бұған да мойын бұра алмай, келген адамға «менiң еншiмдi ағам Жәдiгерге қосып берiңдер» деп қайтарған дейдi кәрi құлақтар. Ол жасынан осындай батырлығымен көзге түссе, кейiн ел қалауымен би болып сайланып, әдiл билiгiмен де кең танылған. Ал 1835 жылдан бастап старшын болып сайланған. Үлкендердің айтуынша ол (Әбiлқайыр, Пiрәлi сұлтандармен бiрге) көтерiлiс алдында Кенесарыны ата мекен – Абылай қонысын аралатып, Қылшақты өзенi
бойындағы ауылында (Егiншоқыда, қазiргi Жамантұз, кейiн Кенесары атындағы кеңшар) бiрнеше күн қонақ еткен.
Кейiн көтерiлiс кезiнде бұл болыс Кенесарыға ермей қалған. Осыны пайдаланған қайсыбiр ұры-қарылар Кенесарының
атын жамылып бейқам отырған бұл елдiң 9 мың жылқысын барымталап, халықты қан қақсатып, таптырмай кеткен.
Мiне, сол қаралы күндерi Жанғалдың да Кенесарымен түс суытқан тұстары болған. Соған қарамастан сыйласқан ерлер
бiр-бiрiне деген iшкi түсiнiстiгiн сақтап қалады. Айтқандай, 7-8 жылдан соң жылқының қайда сiңгенi анықталады.
Қиянат жасаған жiгiттерiнiң кiнәсiн мойындаған Кенесары осы болыстың басты адамдарына жүгiмен бiр тоғыз түйе айдатып жiбередi, сәлем айтып, хат жолдайды.
Жанғалдың бейiтi Жамантұзда, Қылшақты өзенiнiң
бойында жатыр. Бұл жер (Жамантұз – «Ханский пикет»)
Абылайдың, Атығай-Қарауылдың қара жолы өтетiн тұс.
Жанғалдың аталары да осы төңiректi жайлаған. Абылай
ханға келетiн елшiлер, керуеншiлер, әртүрлi шенеунiктер,
ру басылары, билер мен батырлар хан ордасына өтетiн ауыз.
Архив құжаттарында (ҚРОМА, 374-1-3892) Жанғалды 1842
жылы 46 жаста деп көрсетеді және ауыл старшыны, «простой, усердный и услужливый», «добрый, исполнителен,
имеет склонность к человеколюбью» деп мiнездеме берген.
Сонда оны 1795 жылдары туып, 1862 жылы (1861 жылы
тiрi) қайтыс болған деуге болады. Аталас ағайындары:
Қанай Жiгiтеков, Сейтен Боранбаев, Бектас Ескенин, Әзбай Тiлеубердин, Қожағұл Тасболатов, Қарабай Байжолов, Тiлеп Дәуқарин, Елемес Балпышев, Ақылбай Тiлепов, Жабай Сейтенов, т.б. елағаларымен бiрге халықтың басын құрап, Бурабай өңiрiндегi ел iргесiн бекiте түскен.
Ол өз елiнiң да басын қосып, қонысын тиянақтап бередi.
Қылшақтыда (Жамантұзда) бiр-екi бауырымен өзi отырса, ата-қоныс Қызылағашта, Саумалкөл-Шарықтаста Қосым, Тiлеуқабыл, Қайып ата, Жылқыайдар балаларын,
Мапырашта (Кiндiкқарағай) Жарқын ата, Байғабыл балаларын, Бапатта (Жасыл) Сағындық әулетiн жайғастырып, ата-
бабадан қалған нулы-сулы жерлерiн игерiп, отырықшылыққа бет бұрады. Жанғал би көзi тiрiсiнде-ақ өз iзбасарларын
билiкке араластырып тәрбиелеген. Бауырлары Есенбайды, Жәдiгердi, Мырзағұлды, Қосымды (елге сыйлы бай, жомарт адам болған), Сағындықты, Тiлеуқабыл мен Байғабыл
(Байғал) балаларын, немере iнiлерi – Жарқын ата балалары
Жұмық пен Медеттi, өз баласы Тезекбай бидi, бауырлас
iзбасарлары Қашқын, Шәпей Томалақовтарды, Жұмағұл
Әлiбеков, Итбай Баубеков, Иманқұл Қартов, Қыстаубай
Құйқин т.б. ел мүддесiндегi қызметке тартып, жөн-жоба
көрсеткен. Ел бiрлiгiн өсиет еткен. Жанғалдан Тезекбай,
Етекбай және Есбол тарайды. Оның алғыр ұлы Тезекбай да би
болып сайланған, шешен, өлеңшi, ақын адам болған (көрші
Майлыбалта, Кәдір елінде ақын Тезекбай Шоқтыбайұлы
(1827-1912) өмір сүрген). Бiр өкiніштiсi, Тезекбай би әкесi
Жанғалдан кейiн екi жылдан соң (1864 жылы) ерте дүние
салған. Ел аузында одан қалған сөздер бар. Осы шығарма да
сол Тезекбай атамыздан қалған әңгіме-толғамдар негізінде
жазылып отыр. Тезекбайдың жастай қалған ұлы Қуанышбай
да есейе келе шешендiгiмен танылып, билiкке араласады.
1.
Жанғалдың бауыры Жәдігер де би, мырза болған адам.
...Бірде Жәдігер елінің желдеп кеткен екі-үш үйір жылқысын
Кенесарының жігіттері барымтада айдап әкетеді. Артынан
іздеп барған адамдарға теңдік бермей, малын қайтармай
қояды. Әңгіме Жанғал батырға да жетіп, ол ағайындарының
қолқалауымен хан ордасына барып, елдің жоғын жоқтап,
мәмілеге келеді... Қайтарда хан батырдың иығына шапан жауып құрметтейді, астына ат мінгізіп ардақтайды. Аттанарда
Жанғал айтқан екен:
Жанғал батыр:
«Кенеке, келгенім жоқ мал алғалы,
Жаумысың шауып алар қамалдағы!
Ысқырса – жел, үскірсе – жұтқа кетер,
Батырға батырып айтқан амал-дағы.
Ауылым Қылшақтының бойында еді,
Көк майса, Қызылағаш қойында еді.
Мал емес іздегенім, ел жақсысын
Мейман ғып аттандыру ойымда еді.
Ауылым Көкшетаудың бауырында,
Атақты Әйтімбет би қауымында.
Тілегін ақсақалдар қабыл алып,
Болыңыз аунап-қунап ауылымда.
Ауылым Егіншоқы етегінде,
Ер жігіт қашан да елдің жетегінде.
Бас қосып ел жақсысы кеңеселік,
Кенеке, енді аттанып кетемін де...»
Содан уәделі уақытта Кенесары хан нөкерлерімен
Қылшақты – Егіншоқыда (ежелгі Хан бекеті, бүгінгі
Кенесары ауылы) отырған Ораз-Жарқынның ЖәдігерЖанғал ауылына келіп түседі. Мәртебелі меймандарды
Қылшақтының «Таскөпір» деп аталатын өткел-қылтасынан
күтіп алып, құрметтеп аттан түсіріп, өзен аңғарындағы
төбеге арнайы тігілген ак шаңқан үйлерге алып барады. Хан
Жанғалдың үйіне түседі. Айнала аю мен жолбарыс терісі
төселген үлкен үйге есіктен кіре берген Кенесары оң аяғын
бір аттап, әрі қарай аттап кете алмай, бір сәт аңтарылып
тұрып қалады. Сонда ауылдың үлкен ақсақалдарының бірі
Томекең (Томалақ):
Елінде еркіндігі ер дананың,
Өздерің – жолбарысы кең даланың.
Атамыз атаңызбен бастас болған,
Хан ием, жоғары шық, кел қарағым! –
деп, мейманын қошаметпен күтіп алған екен.
Әйтімбет би ауылындағы бұл мәслихатта Атығай-Қарауылдың, ат жетер жердегі сыбайлас қонған, сыйлас отырған
Керей, Уақ, Қыпшақ, Қырғыз, Алшын, Керейт, Табын, Үйсін, Тоқтауыл, Тарақты ауылдарының игі-жақсылары  бас қосып, кеңес қылады. Оңаша отырыста Кенесары қол
жиып, жасақ құратынын, бұлар қолдау жасап, қажетінше жігіт, ат беретінін айтады. Хан қалың қазақтың басын құрап,
хандығын нығайтып, патшаға мойынсұнбайтын ел болуды көксейді, арман-мақсатын айтады:
Кенесары:
«Өзен-суды жайлады,
Тұнығыңды лайлады.
Көл иесі жоқ па еді!
Қайран жерді харамдап,
Қала салды қамалдап,
Жер иесі жоқ па еді!
Ердің еркін байлады,
Ит жеккенге айдады,
Ер иесі жоқ па еді?
Арамдайды қаныңды,
Алам дейді жаныңды.
Ел иесі жоқ па еді?
Татулыққа шақырдым,
Тұрлауы жоқ кәпірдің, –
Жияр емес айылды.
Жалаңдатып қылышын,
Шайқап елдің ырысын,
Шапқылатты майырды.
Қолқамызға қол салып,
Бетімізге сол салық —
Топшымызды қайырды.
Іріткі сап ішінен,
Арбауына түсірген,
Уыты елге жайылды.
Хан кетісіп қарамен,
Би келісіп парамен,
Еркімізден айырды.
Тарыдай боп шашылған,
Табанына басылған,
Жұртыма айтам жайымды.
Бұл қылығын тыймаса,
Етек-жеңін жимаса,
Тартқызамын уайымды.
Қамалдарын шабамыз,
Басына әлек саламыз,
Арты болсын қайырлы!»
Пірәлі сұлтан (Бабасан-Бағыс елінің төресі):
Кенеке, бөтен емес, бауырымсың,
Алаш деп асыл туған сауырымсың;
Халыққа бас-көз болу парыз бізге,
Жапанда жауын ұрсын, дауыл ұрсын!
Біз бе екен қарап жатқан дуандағы,
Патшаның жол бере ме жуандары.
Тойымсыз тажалмен бұл алысуға, –
Ешкім де белін бекем буа алмады!
Атылды, шабылды да талай дана,
Мал-жанға тіреледі бәрі айнала.
Айдалды кісенделіп қанша боздақ,
Бұл тордан құтылармыз қалай ғана?!
Кенесары:
Ел қамы болушы еді жігітке арман,
Шен алдың, шекпен алдың ұлықтардан.
Арбалып аждаһаға, атқа мінбей,
Су жүрек сендерсіңдер бұғып қалған.
Басыңды шұлғи берме, ей Пірәлі,
Патшаға мойынсұнған кейпің әлі.
Кәпірдің уысында қалмасын жұрт,
Азбасын Абылайдың кең тұрағы!
Асқақтап онда – Айғаным, мұнда – сендер,
Тіл алғыш ақ патшаның тұлғасы еңдер;
Қолында озбырлардың құлдық ұрмай,
Жолында азаттықтың тынбас ерлер!
Мен – сұңқар қия шыңды жанап ұшқан!
Күн туды жан берісіп, жан алысқан.
Көнсем бе жандаралдың жарлығына,
Болсам ба Ұлытауға аға сұлтан?
Болмаса, мені өзіңе сана дұшпан,
Дұшпанның сыры мәлім сан алысқан.
Жолымда тұрамын деп мерт болмаңдар,
Мен де бір түзде жортқан тағы арыстан!
Тайқы етті маңдайымды тар заманаң,
Сарылып сарттан өлді Саржан ағам!
Күреске шығып, жаудан кек аламын,
Қолыма қару алам, қанжар алам!
Жолыма бөгет болмас жасауылың,
Даланың көрсін байқап асау ұлын!
Сор болар, дәулетіңді тонап олар,
Қор болар сол иттерге жас аруың?
Жігіттер, керегі не сары уайым,
Қасымда аман болсын Ағыбайым!
Аруағын шақырамыз аталардың,
Ардақтап алты алаштың Абылайын!
Қайссың бар мақұлдамас Қасым ерді,
Қалың ел қасиеттеп қасына ерді.
Біздерге аманат боп асыл мұрат,
Келгендай азаттықтың ғасыры енді.
Ерліктің жолы шығар бұл бізге тән,
Қол ұшын берер Қытай, Қырғыз, Қоқан?
Жеткізіп мұсылманды мұратына,
Жарқырап тұрмай ма ертең жұлдызды Отан!
Ақ жолға бұрады енді көшін далам,
Дұшпаннан біздің ерлер тосылмаған.
Пірәлі, доғар сөзді, қайт бетіңнен, –
Ер болсаң ер соңымнан, қосыл маған!
Болмаса, кетіп тынар күйі орданың,
Таланып, өртке кетер үй-орманың;
Жағынып жандаралға, жапырылып,
Жетеді ақ патшадан сый алғаның!
Пірәлі сұлтан:
Шен алдық, шекпен алдық, рас оның,
Қауымға зияны жоқ, сірә соның;
Бұғаудан босау енді бір қиямет, –
Ұзын ғой құрығы мен құлашы оның?!
Кенеке, белді бекем буғанмен де,
Жөн шығар көпке мойын бұрған да ерге:
Кім айтты, ұмытты деп елдің қамын,
Сен туған Абылайдан туғам мен де!
Тұлпардан туған біз бе шабан, жортақ,
Ел бастап жүре алмайды адам қорқақ.
Тәуекел бар бізде де,
тәубе де бар, –
Абылай саған да ортақ, маған да ортақ!
Кенеке, сен де төре, мен де төре,
Бұл тажал ұзағынан келді өлкеге.
Анамыз келін болған елді шаппа,
Атамыз атқа мінген жерді өртеме!
Қалың жұрт қажыды ғой барымтадан,
Көбейді ел ішінде қарымта, лаң.
Жарлының жалқысын ап, байдың – барын,
Осы ма түрің елді жарылқаған?!
Қан кешу – сақтасын де құдай одан,
Жете алмас мұратына бұлай адам.
Қытайды көріп қайтқам – темір ноқта,
Жіберіп елшілікке Ғұбай ағам!..
Жүргенде алыс-жақын досқа алаңдап,
Қалармыз қалың жауға босқа арандап.
Ұшпаққа жеткізем деп жүргенде елді,
Көзінен жас ақпасын қос тарамдап?!
Жанғал батыр:
«Ойда-қырда орыс бар,
Қопарыла көшетін,
Қайда жайлы қоныс бар!
Алыс жатқан алшын бар.
Ала көңіл болмасаң,
Алтын сақа, алшың бар!
Өрде жатқан үйсін бар.
Қоқан, қырғыз шабынса,
Ойыңда не қисын бар?!.
Тау жайлаған манап бар.
Айласы көп ақ патша, –
Алды-артыңа қарап бар.
Даңғырлаған датқа бар,
Саудырлаған сарт та бар, –
Жақсы жолдас сайлап ал, –
Жақынға бар, жатқа бар!
Қопаңдаған Қоқан бар, –
Қопаңдауын қоймаса,
Одан қандай опаң бар!
Қалың жатқан Қытай бар.
Тең ұстамай тізгінді,
Көретұғын құқай бар.»
Ағыбай батыр:
Ардақтап Абылайдың ақ ордасын,
Ағайын ауылыңа бақ орнасын.
Жанғалым, ризамын пейіліңе,
Ылайым мұқалмасын ақ алмасың!
Қылды Қарауыл Бөгенбай би:
Біздің де көкейде бар талай арман,
Жақсы өмір табылады қалай алдан?
Ереді, ер Кенекем, Қылды-Ноғай,
Жанымда бауырларым Шамай, Арлан!..
Қырғыз-Атығай Тілеміс батыр (Жекебатыр):
Айырар алла өзі ақ-қараны,
Жігіттің сында ашылар бақ-таланы.
Ержүрек төлеңгіттер құзырыңда,
Кенеке, соңыңыздан аттанады!
Сары Атығай Аңғалбатыр:
Атамыз Алдасүгір, Қараменде,
«Сары» деп аты шыққан тәмәм елге;
Жорыққа қосыламыз жорға мініп,
Бере гөр, е құдайым талап ерге?!
Атығай Бағыс Қожағұл би:
Уай, Аңғал, ай, Тілеміс, ант ұрған ба,
Шалқақтап сөйлейсіңдер мен тұрғанда.
Тәубе деп аталарың тұрмап па еді, –
Бағыстан Әйтімбеттей ер туғанға!
Баласы ер Тасболат Қожағұлмын,
Топ жарып қатарымнан оза білдім.
Қоныстан айырылып қор болмайық, –
Жігіттер, пайымдайды о жағын кім?
Ақ патша таптап өтер алып бура,
Соғысу – жол емес қой анық тура.
Аузына аждаһаның құрбан етіп, –
Кенеке, халқыңды олай қамықтырма?!
Кенесары:
Қожағұл, туып едің Тасболаттан,
Тасболат жан емес қой қашқан оқтан.
Аруағын Әйтімбеттің аттамайық, –
Не керек, қол бастамай, босқа мақтан?!
Тілектес болып отыр Ғұбайдолла,
Араша түсуімді сұрайды ол да;
Соңымнан ермегендер соры қайнап,
Өздері қазып жатқан құлайды орға!..
Басында Көкшетаудың мұнар ма екен,
Жақсысын бір көруге ел құмар ма екен?
Жылғара, Сартай төре не пиғылда,
Алдымнан Аңғал, Жанғал шығар ма екен?!.
Жанғал батыр:
«Хан Кене, көкжал Кене, батыр Кене,
Қам көңіл қарашыңды жатым деме.
Аузыңа – ас, астыңа атын берген, –
Алашта момыныңның хақын жеме.
Хан Кене, көкжал Кене, батыр Кене,
Бір тойым болар ма екен кәпірге де!
Қор болар елі-жұртың жат қолында,
Қарасын зорлықшының батыр, Кене.
Хан Кене, көкжал Кене, батыр Кене,
Жортқанда жолығарсың ақыр неге!
Сақадай сайлап алмай сарбазыңды,
Табылар табалайтын қатын неме!
Хан Кене, көкжал Кене, батыр Кене,
Ақырып ата аруағын шақыр, Кене.
Ақ туын Абылайдың көтермесең,
Атадан асып туған затың неге!..»
Не керек, бұлар түгел ел болып қопарыла көшпейік,
жайлы коныс қарап, хандықты нығайту керек деп шешеді.
Патшаның бағуында, орыс өкіметінің аузында отырған елжұртты қозғамай, мұнда да ат-көлік, ас-су сайлайтын, хабарошар алып тұратын сенімді адамдар болсын деп ұйғарады.
Құрбандық шалып, ел ақсақалы Тілеуқабыл Кенесары
бастаған батырларға бата береді:
«Жортқанда жолың болсын, –
Жолдасың Қыдыр болсын.
Көк тәңірі қорғай гөр,
Көп тілеуі қолдай гөр.
Жер иесі Қамбарым,
Жетім-жесір тілеуін, –
Жеткерсе деп арнадым!
Су патшасы Сүлеймен, –
Сақта топан, дүлейден,
Жел патшасы Жебірәйіл,
Жебе қорқу, үрейден.
Ескен желдей ескен-дүр,
Есіркесін Ескендір.
Есе бермей дұшпанға,
Есін алып сескендір!
Әзірет Әлідей пырақты бол.
Рүстем-Дастандай қуатты бол.
Лұқпанның жасын берсін,
Аллатонның басын берсін.
Сүлейменнің тағын берсін,
Ер Шыңғыстың бағын берсін,
Жиреншенің жағын берсін,
Абылайханның сәулетін берсін,
Дәулет атаның дәулетін берсін.
Ошбай ердің жалынын берсін,
Алдасүгірдің арынын берсін,
Бақтыбайдың қайрат-қарымын берсін.
Құлсарының сұсын берсін,
Құлекеңнің күшін берсін,
Өтекеңнің өрлігін берсін,
Айберлінің ерлігін берсін!.
Қайып батырдың қайратын берсін,
Ораз батырдың айбатын берсін.
Рысқұлдың ырысын берсін,
Монтай ердің қылышын берсін,
Жылғараның алтын мен күмісін берсін.
Қаз дауысты Қазыбек сөзін берсін,
Үйсін Төле би тезін берсін,
Шақшақ Жәнібек жолын берсін,
Ер Бөгенбай қолын берсін.
Малайсарыдай сапарлы бол,
Қабанбайдай қаһарлы бол.
Баяндай білекті бол,
Жәпектей жүректі бол,
Әлмәмбеттей алымды бол,
Қожаназардай қарымды бол.
Уа, Абылайдан туған асылсың,
Тентек төре Қасымсың!
Қасыңда өңкей қас батыр –
Жаудың құтын қашырсын!
Көре алмаған көп дұшпан, аяғыңа бас ұрсын.
Рахмет жауып алладан,
Алапасын асырсын.
Ақ ордасын алаштың, –
құрауында жүргейсің.
Ғайып ерен, қырық шілтен, –
шылауында жүргейсің.
Ата-баба аруағы, –
Жебеуінде жүргейсің,
Соңыңа ерген ел-жұрттың,
Тілеуінде жүргейсің.
Меккедегі Мұхаммед,
Түркстанда Қожахмет,
Көкшетауда Әйтімбет,
Тілегімді қабыл ет!»
Кенесары ел құрметіне, ер пейіліне риза болып аттанады... Аласапыран заманның барымтасы мұнымен бітпейді,
ағайынның өкпе-назы азайып қалмайды. Арада елді неше
жыл сергелдең қылған бір сұмдық оқиға болады, бүкіл
Арқаны дүрліктірген шапқыншылық шығады. Оның cыры
мен шыны төмендегідей.
2.
Бурабай баурайын жайлаған iргелi болыстың бiрi –Бабасан-Бағыс болысы едi. Бұл – Абылай хан ордасын тiккен астана жұрт, айдынды ел. Абылай айналасындағы айтулы би, атақты батырлар шыққан алқалы орта, алғашқы округ кiндiгi болатын. Нақты дерек бойынша Кенесары қозғалысының алдында мұнда 29 мыңдай жылқы болған
екен. Осы төңiректегi Ғұбайдолла, Әбiлқайыр, Пірәлі
сұлтандар, Жанғал, Әзiбай, Қожағұл билердiң ауылдарында Кенесары өзi де қонақта болып, әңгiме-дүкен құрған.
Кейiн ол Ұлытауға шегiнгенде оның үндеуiмен ҚылдыНоғай, Есенбай, Қараша-Жаулыбай болыстарының бiрнеше
ауылдары (бәрi емес) оған ерiп шығады да, жекелеген ауыл
адамдары болмаса, Атығай болыстары бұған жаппай мойын
ұсына қоймайды. Кең жайлаған құнарлы жерiнде бейқам
отыра бередi. Кенесары болса Ғұбайдолла және басқа да
«кiнәлi» сұлтандарды, кейбiр ру басыларын жазғырады.
Барымта өршiп кетедi. Жортуылдағы қолға қару-жарақ,
азық-түлiк, киiм-кешек, сауын, сойыс керек, әсiресе
керуеншi-саудагерлерден, Орта Азиядан керек-жарақ, қару
алу үшiн ауылдардан жиған азғантай зекет, казактардан тартып алған бес-алты мәстек не болады, оған үйiр-үйiр тәуiр
жылқы қажет екенi белгiлi. Сондықтан көтерiлiсшiлер Шуға,
Жетiсуға қарай шегiнiп бара жатқандықтан, өздерi беталған
елдiң емес, артта қалған жұрттың малын барымталауға
мәжбүр болған. Сол себептен әсiресе, Көкшетау, Құсмұрын
округiндегi ел осындай сойқанға көп ұшыраған. Бiр жағынан
соның кесiрiнен де көтерiлiс жалпы халықтық сипатынан
айырыла берген. Оның үстiне Кенекеңнiң өзi де, саяси амалайласы болар, патша өкiметiнен бiржолата күдер үзбей,
соңғы кезге шейiн Ұлытау өңiрiндегi биліктен үмiттi болған.
Рас, әлгіндей қаныпезерлiктi көбiне Кенесарының атын
жамылған, әйтеуiр көтерiлiс ұранымен мал әкелудi, ел тонауды желеу етiп, жеке басының қамын ойлаған кейбiр рубасылары мен оның ұры-қарылары жасап отырған.
Ордаға осындай оңай олжа апарып, молырағын өздерi
сiңiрiп кетпек болған бiр топ ұры-қарылар 1839 жылы күзде
бейқам жатқан Бабасан-Бағыс болысының тебiндегi өңкей
күйлi жылқысын айдап әкетедi. «Жұт жетi ағайынды» дегендей осының алдындағы қыстың басында (5 қараша) қатты
боран болып, олардың бiраз малы шығын болады. Ал келесi
1840 жылы қара малдың үлкен iндетi келедi. Мұның бәрi мал емшегiн емген елге үлкен ауыртпалық болады. Әсiресе 9
мың жылқының iз-түзсiз кетуi елдiң қабырғасына қатты батады. Мұндай көлемде барымта жасау бұрын-соңды болмаған сұмдық едi!
Бұл жәйттер ел аузында аңыз болып айтылып келсе, архив құжаттарында да (ҚРОМА, 374-1-1883, 345-1-1436, 64-
1-2774 т.б.) анық көрсетiледi. Кiнәлi адам аттарын да атайды. Бұл құжатта жоғалған мал былай көрсетiлген: сұлтан
Әбiлқайыр Ғаббасов – 737 (құлынымен қоса қолды болған
барлық жылқысы), төлеңгiтi Жоламан Санамыров – 40, қалыңға келгенi – 45, Жолбарыс ұлымен – 20, қалыңға келгенi –
17, Әдiл Аблаев – 1496, Пiрәлi Ғаббасов – 413 және 82; старшын Қожағұл Тасболатов – 1309 және 40, старшын Қарабай
Байжолов – 1167, оның бауыры Олжағұл – 153, Аманжол
бауырларымен – 241, Аманбай ұлымен – 142, Көжекбай бауырымен – 45; старшын Әзбай Тiлеубердин – 213 және 47,
Баржақ Тiлеубердин – 317 және 47, Дәулет Байжанов – 63
және 8, Тектұрмас Төлебаев – 110, Беркiн Сарыбасов – 28
және 5, Күсеп, Көшет және Досет – 33 және 21, Құлжабай
– 6 және 3, Сүйiндiк Игiбаев – 46, Тiлеулi Жарылғапов – 63,
Шотан – 33, Күсемiс – 8, Қарынбай – 127 және 47, Дәуiтбай –
63, Сұлтан Бердалин – 6; старшын Көбен ауылынан Айтқожа
Тілепов – 29, старшын Жанғал Оразовтың ауылынан Қосым
Сағынаев – 40, Майлыбалталық старшын Қуандық Құтманбетовтың ауылынан Дәрбек Әбжанов – 5 және 6; старшын Айнағұл Қырғызбаевтың ауылынан: Сасықбай Құлжанов – 401 және 80, Отарбай – 61 және 30, Емеген – 133
және 21, Ақбала – 37, Елғонды – 30, Құлжан – 32, Бостан –
138, Сейтен Боранбаев – 318 және 47, старшын Қарабай Байжоловтың ауылынан Төлемiс – 127, олармен жүрген Есенбай болысының старшыны Үкiбас Қодықовтың ауылынан
Айдарбек, Орал және Бұғы – 30 және 15, Барлығы – 8898
жылқы, 96 түйе қолды болған. Бұл арада айта кететiн ел
аузында қалған тағы бір сөз бар. Барымташылар Көкшетаудан
малды суыт айдаған кезде ере алмаған құлын-жабағылардың
әр тұста қалып кеткенi аз болмаған. Осындай бес жүз
құлынның паң Нұрмағамбеттiң әкелерiнiң қонысында иесiз
қалып, сонда олжа болғаны да айтылады…
Ел бiрден бұл кесепат Кенесарының жасақтарынан келдi
деп бiледi. Содан елдiң белдi азаматтары Кенесарыға барады. Жүз шайысып, елдiң талабын айтады, ымыраға келедi.
Кенекең мұндай көп жылқыны көрген жоқпыз, сұрастырайық деп шығарып салады. Патша әкiмшiлiгi де бұл
фактiнi өз ыңғайына сәттi пайдаланады. Бабасан-Бағыс болысына қамқорлық жасағансып, оларды 25 жылға жасақ
төлеуден босатады. Мұны жазбаша да, ауызша да жержаһанға жар салып, көтерiлiсшiлерге қосылмағандарға
осындай жақсылық жасаймыз деп Кенесарыға қарсы үгiтке
ұластырады (Бұл оқиғаның ең өкiнiштiсi мынада: ол кезде
3 жыл сайын әр отбасының мал-жаны көрсетiлiп салықтық
түгендеу жүргiзiлiп хатталып отырған. Әлгi жағдайдың
кесiрiнен бұл елдiң деректерi, кейiнгi ұрпаққа қажеттi аса
құнды мәлiметтер хатқа түспей қалған).
Содан 6 жыл өтiп, жаңа айғақтар табылып, iстiң ақиқатына
жету үшiн бұлар Кенесары ордасына тағы да барады. Архив
деректерiнде Кенесарыға бұл жолы Қожағұл би бастаған 9
адам барды дейдi. Мiне, осы жолы 9 мың жылқының қайда
кеткенi, кiм алғаны белгiлi болады. Барымташыларлар
малдың бiр бөлiгiн ордаға әкелгенiмен, көбiн өздерi сiңiрiп
кеткенiне көз жетедi. Оны да қайтарамыз деген сөз болады.
Хан Кене Атығай-Қарауылдың үлкен билеріне хат жолдап,
олардан патша жандаралына өтініш айтып, ханға Ұлытауды
алып беруін сұрайды. Ал Кенекеңнің өзі бұлармен қимай
қоштасты дейдi… Бiзден бiр бiлместiк өттi, ел кешiрсiн,
Әйтiмбеттiң (Абылай аталарының санатында жүрген, баталас болған атақты би) аруағына шет болмайық, алда Әзiрет
Сұлтанға барамын, елдiң сонда қалған аруақтарына дұға
оқытамын деген екен есiл ер. Кенесарымен бірге жүрген
елдiң басқа да жiгiттерi бұлармен шұрқырай табысып, шер
тарқасып, елге дұғай-дұғай сәлем айтады.
1846 жылғы 15 наурызда жазылған құжат былай дейді
(аға сұлтан Маңдай Тоқтамысовтың рапортынан): «… отправился он (Қожағұл Тасболатов) с девяти при нем товарищами той же волости (Бабасан-Бағыс) киргизами в октябре месяце минувшего 1845 года к султану Кенесары Касымову за получением двух невест и угнаннога приверженцами
Кенесары прежде скота…»
Олар Ұлытау, Байқоңыр арқылы Шуға жетедi: «… и достиг кочевок Кенесары, расположенных на урочище Кокуй
Куль, лежащем на северо-восточной стороне гор. Алатава, с
растояния от реки Чу, примерно, восьми дневного перехода.
Но они ехали по случаю заледенелости снегов, от реки Чу
до кочевок Кенесары 17 дней. А с места своей кочевки доехал он до Кенесары в 57 дней и там на месте находился 12
дней. По приезду к Кенесары и доклада ему о том, тот час
же вставлен дом для помещения их на степи от аула в одной
половине верст юрта…, а завтра потребовал его к себе в отхожую юрту и принял благосклонно… Просит уступить ему
под зимовки Улутау, с отводом коих поступает в Сибирское
ведомство и обещает быть навсегда мирным, а по неотдачи ему Улутау, уклонным от Российского правительства и
нарушителем спокойствия подведомственных ему оному
киргизу, о чем и послал с ним бумагу Вашему превосходительству. А другую, написанному им на имя девяти почетных биев Атыгаевских и Караульских волостей (чтобы
они представительствовали у начальства с своей стороны об
уступке ему Улутава)… Кенесары, за угнанных у Кожагула
лошадей, отдал в уплату 20 верблюдов и 2-х лошадей, выдал
также одну невесту высватанную за сына Дюсена…»
...Содан Жанғал батыр ашу буып, айбалтасын асынып, ханның ауылына тартады. Қасында Қожағұл би бастаған серіктері болады... Ордаға келсе, Кене хан Ағыбай, Наурызбай бар, төрт-бес адаммен оңаша мәслихат құрып отыр екен. Қаһарына мініп келген қарулы батырды есікқұлдары үйге жіберуге ханнан қаймығып, жібермеуге сұсты батырдан сескеніп, кесе-көлденеңдей береді. Екпіндеп келген Жанғал есіктегі екі күзетшіні екі жаққа итеріп жіберіп,
ордаға «ассалаумағайлейкүм» деп баса-көктеп кіріп келеді.
Хан жастықта шынтақтап жатыр екен, батырды бұрыннан бағалап, жақсы көріп, сыйласып жүрсе де, өткір сұсын көргенде селк етіп, бірдеңенің бүлінгенін біліп, басын жастықтан жұлып алады. Отырыстың шырқы бұзылып, есікқұлдары жүгіре еніп дабырлай бергенде, Кене қолымен ымдап, олар сытылып сыртқа шығады да, төрдегілер аңта­рылып отырып қалады. Жанғал сол бетінде аңыратып қоя
береді:
Жанғал батыр:
«Айхай, сонда кім едім,
Айтулы ердің бірі едім.
Ақ Жайықтың бойында, –
Ақ қар, көк мұз түнедім.
Алаштың қамы үшін деп,
Ақымды бермей арсызға,
Атойлап жауға жүр едім.
Ақсұңқар құстай түледім.
Ақырып талай дұшпанға,
Ақ найзамды тіредім,
Айбалтамды біледім.
Алдымда өткен ағалар,
Артымда ерген інілер, –
Атаның салты білемін.
Ақтықтың жолы осы деп,
Алладан медет тіледім.
Атығай мен Қарауыл, –
Асқар таудай тірегім!»
Кенесары:
Жанғал-ау, сыр алысқан сыйласымсың,
Жарқ етіп жарды соққан бір жасынсың.
Ай-күннің аманында бұл не шапқын,
Өзіңдей ел абзалын кім басынсын?
Сөзінен жігіт едің жығылмайтын,
Біреуден әсте қорқып-құбылмайтын.
Асынып айбалтаңды не көрінді,
Басқаға батыр едің ұрынбайтын?!
Жанғал батыр:
«Дәуіт пенен Қарақай, –
Болғанда хан-талапай,
Қанышердей бабаңа, –
Пана болған деуші еді;
Есенаман ел бастап, –
Дана болған деуші еді.
Құдайберді қол бастап,
Жаға болған деуші еді.
Жуытпаған харамды,
Жолатпаған жаманды,
Серкеш елдің пірі еді,
Әйтімбет ердің бірі еді,
Хан көтерген бабаңды.
Сарқылтпаған сабанды,
Қабыл еткен тобаңды,
Атығайдың бір құты, –
Дәулеткелді деуші еді!
Ақ киізге көтеріп,
Алты аруын әперіп,
Алтын шатыр құрғызып,
Ақ батаға кіргізіп,
Айдай әлемге жар салып,
Абылайдың алдына,
Айдағысыз мал салып,
Дәулет берді деуші еді!
Сол ақ орда, ақ орда.
«А, құдайлап» сақтаған,
Абылайлап аттаған.
Болғанда ел «Ақтабан»,
Арғын, Наймен қаптаған,
Керей, Уақ жақтаған.
Қоңырат, Қыпшақ, Үйсін мен,
Алшын атын баптаған,
Ақ найзасын саптаған.
Қалмақ, шүршіт, сарт, кәпір
Жауды өткерді деуші еді!
Сол жақсының соңынан,
Айнымаған жолынан,
Ата аруағын қорыған,
Ақ патшаны қор тұтқан,
Абылайды зор тұтқан,
Әулет келді деуші еді! –
Кене деген атың бар,
Төре деген затың бар, –
Ала алмаған момында,
Айтшы, қандай хақың бар?
Қарашыңмен кетісіп,
Қарақшыдай жетісіп,
Қара басты, ханым-ау,
Қара басына не түсіп?!
Атығай мен Қарауыл,
Ат шаптырып бар ауыл,
Хан көтерген атаңды,
Орыс шапса – орманың,
Қалмақ шапса – қорғаның,
Бұзба, ханым, батаңды.
Қызығын бірге бөліскен,
Жылап бірге көріскен,
Ішіндегі қапаңды.
Өкпелетіп халқыңды,
Бұза берсең қалпыңды.
Халқың айтар қатаңды?!» –
деп, көкіректегі шері мен көкейдегі ойын ақтарып салады. Оның Кенеге еркін, батыл сөйлейтін себебі, ханмен сыйластығы, айбынды батыр, айдынды беделімен бірге, бұл да қай заманнан үзілмеген қаракөктің тұқымы. Жанғалдың Серкеш, Қадыр, Әйтімбет, Әжімбет, Назар, Атабай, Рысқұл, Өте (Өтеген) Қайып, Мәшек, Айберді, Досқана, Ескене, Ораз, Монтай батыр сынды аталары өз уақытында Абылайдың абыройын асырып, сұлтан сайлаған. Бөгенбай, Қабанбай, Құлсары, Жәпек, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Бұқар, Қанай би, Құлеке, Олжабай, Дәулеткелді, Әлмамбет, Малайсары, Баян, Наурызбай, Барақ, Саңырық, Қойгелді сияқты игі жақсыларымен бірге – Абылайды хан көтеріскен, ерен ерліктерімен танылған үлкен тұлғалар
болған.
 Хан жігіттерінің әлгіндей әдепсіздігінен бейхабар екен: «Сабыр, батыр, сабыр. Сабаңа түс, бас ашуыңды!


Жігіттерден бір білместік өткен екен ғой», – деп, орнынан тұрып кеп құшақ жайып, қасынан орын береді. Жас Науан да өзін найзаласуға, жолбарыс аулауға баулыған  тәлімгерін құрметтеп төрге шығарады. Көптен көріспеген олар амандық-саулық, ел жағдайын сұрасып, әңгіме-дүкен құрады. Ағыбай батыр да ағынан жарыла батырдың буын басып, шерін тарқатқандай Кенеге: «Япырай, түсіңіз қашып кетті, сонша абыржып?» дегенде, хан айтқан екен: «Көсемау, мұның сырын білмеуші ме едің, бұл – алған бетінен қайтпайтын, айтса екі айтпайтын, қорқып-құбылмайтын, жолынан жығылмайтын, жер түбіне жеке жортқан, жасанған жауға жалғыз шабар Жәке батырым – Жанғалым емес пе!
Мысы басып кетті білем, көзі шатынап кіріп келгенде, аузынан жалын атқан бір жолбарыс иығынан атылайын деп
тұрды ғой, шалт бассаң, шауып кетуден тайынбас бұл!» –
деп, батырды көтермелей әңгімеге тартады.
Кенесары:
Батыр-ау, не дейін мен жан алқымда,
Сабыр ет, сабыр түбі – сары алтын да!
Сыйласып өткені рас аталардың, –
Сөзіңнің, нендей өкпе бар артында?!
Жанғал батыр:
Зорлықпен жігіттерің жылқымды алды,
Шаң борап, Көкшетауда жұртым қалды;
Жаныма батып тұрған мал емес-ау, –
Жағасы жақсылардың жыртылған-ды?!.
Кенеке, малын тонап шабысқандай,
Жамандық жасап еді Бағыс қандай?
Ағеке, ризамыз, ара түстің, –
Анада айтып келді Арыстанбай!..
«Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын.
 Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай-Қарауылдың баласымын»! –
Деп еді Сізге алдияр, сол Арыстан,
Ел едік құшақ жайып, қол алысқан;
Сыйласып жүрген кезде қимас жандар, –
Баққұсы сонда ғана жоғары ұшқан!
Атығай Бағыс Қожағұл би:
Алпыс күн асып келдік көп белесті,
Қой дейтін ішіңізде жоқ па еді есті?
Кенеке, ел болудан кетістік қой,
Тоғыз мың жылқы – тоғыз тоқты емес-ті?!
Ұрыңды қолыма бер қайқаңдаған,
Әлі де арызым бар айта алмаған.
Тапсырды біреу – малын, біреу – жанын,
Айттырған келінімді қайтар маған?!.
Кенесары:
Арқалап озбырлықтың бар азабын,
Ермеген елді рас жазаладым.
Білмеймін кімге қандай болды зорлық,
Мал-мал деп тағы сендер мазаладың?!
Адасып, жол таба алмай түзде бейне,
Өкпесін артып тұрып бізге кейде;
Озбырдың қамшысынан жауыр болып,
Ел шіркін Кенекем деп іздемей ме?!
Жоқ әлде, кек тұта ма, жоқтап малын,
Сойылын шыға ма алып, тоқпақтарын;
Болмаса, әр ізімді қадір тұтып,
Сақтай ма қаһармандық соқпақтарын?!
Ағыбай батыр:
Ел мен жұрт аман ба екен ол жақтағы,
Заманның түсіп тұр ғой зор батпаны.
Ақ сөйлеп, әділ шешім жаса, Алдияр,
Орданың аз емес қой олжа аттары?!.
 Пірәлі сұлтан (Бабасан-Бағыс елінің төресі):
Оңдырып жатқан кім бар мұсылманды,
Кенеке, ісің лаңды, түсің кәрлі.
Ол жаққа қандай сәлем, талабың бар,
Біздерді тағы қатты қысымға алды?!
Кенесары:
Жолықтыр Жандаралға, хаттарыма
Ден қойып, ол уәдесiн сақтады ма?
Бере ме Ұлытауды билiгiме,
Қулықпен түсiре ме қақпанына?!
Хатымды тапсыр, тағы бiр сынайын,
Мен неге ол кәпiрден қымсынайын?
Бiр хабар алайыншы Күнiмжаннан,
Күнiмжан, күндей күлiп тұрсын айым!
Күйбеңмен өтiп жатыр күнiм жалған,
Ақауыз құлайтындай бүгiн жардан?
Кернеген кеудем толы ыза мен кек,
Айрылып аһ ұрамын Күнiмжаннан!..
Қылды Қаруыл Бөгенбай би:
Бармысың, бауырларым, жырақ қалған,
Жеттік-ау, бұл күнге де сыр ақтарған.
Біз бейбақ өттік қанша сынақтардан,
Сол бақыт көрінбейді бірақта алдан?
Шыдайды ердің ері мына сында,
Қажыдық, қалжырадық расында;
Жүрміз ғой – бауырларым, Бекбау інім, –
Серік боп Кенекеңдей шын асылға.
Жекебатыр (Қырғыз-Атығай Тілеміс батыр):
Аман ба, ауыл-аймақ Шортандағы,
Не заман өзегімді өрт алғалы.
Ерлігін Кенекеңнің үлгі тұтып,
Бел буып тәуекелге жортам-дағы.
 Сары Атығай Аңғалбатыр:
Кенеке, түсетіндер көбейді ізге,
Әйтпесе, нар тәуекел демейміз бе?
Бауырлар, мұқатқалы келгеміз жоқ,
Бір көру жүздеріңді мерей бізге!
Жанғал батыр:
Тайсалмай дұшпанға оқ аттың, Кене,
Ел тонап қандай олжа таптың, Кене;
Өзгенің өзегінен тепкені аздай,
Өзіңнің бауырыңды шаптың неге?!
Алдыңа алыс жолдан несін келдім,
Кінәңді елді шапқан кешірген кім?
Тоналған тоғыз мың сол жылқы ішінде,
Ақысы кетті жетім-жесірлердің?!
Кенеке, бұл кекшілдік деп түсінбе,
Жүргені аз ба кәпір тепкісінде:
Байлардың үйір-үйір байталымен,
Жарлының жалғыз аты кетті ішінде?!
Ауызын салар әлі аюан неме,
Қанатын төрт қиырға жайған, Кене,
Өкпелер, өзіңді ойлар Көкшетауың, –
Алдыңнан жарылқасын қайран, Кене!
Кенесары:
Ол рас, ермегеннiң есiн алдым,
Есесiн жеген жоқпын есi бардың.
Сараңның сансыз малын садақа еттім,
Жарлының жалғыз атын несiне алдым?!
Тайсалмай дұшпанға оқ атты Кене,
Сол елден қандай рахат тапты Кене?
Тәубеге келтірем деп туғандарын,
Ауылын бауырының шапты неге?!
Патшаға сатылғанға салқын Кене,
Алашқа ақтың үйі алтын Кебе;
 Қызыңды – күң, ұлыңды – құл ғып жатқан,
Патшаға пейіл бердің, халқым, неге?!
Дәстүрін пайғамбардың бұздың неге?
Үйірді иманыңды құзғын неме.
Алысқан ата жаумен арыстандай,
Не күйде демедің ғой біздің Кене?!
Еркіңді басқыншыға бердің неге,
Сендерден сұрадым ба мен бірдеңе?
Өзіңді қойдан жаман қуалайды,
Бекініп алған дұшпан енді іргеңе?!
Дұшпанға мойыныңды бұрдың неге?
Алдымда қасарысып тұрдың неге?
Ант ішіп, азап тартқан, ашу буған,
Келер деп ойламадың бір күн Кене?!
Кешірсін Керей, Шекті, Алтын-Жаппас,
Жарқырар, шаңға бөгіп алтын жатпас.
Ұғынар ұлағатты ұрпақ болса,
Түсінер тірлігімді халқым жақтас.
Кезім бар қаһарланып қамшы үйірген.
Шығардым шығын-дағы қанша үйіңнен?
Кешіңдер, бас жарылып, көзің шықса,
Қой бағып жүргем жоқ қой әншейін мен!..
Жанғал батыр:
Сындарда серік болар намысы ердің,
Кенеке, өрлігіңе тағы сендім.
Ер туған жеріне өтер қарыз болып,
Дұғада аман болсын арысы елдің!
Кенесары:
Сәлем айт Сарыарқаның даласына,
Шалқыған Сексенкөлдiң саласына.
Ормандай ортасында өркен жайған,
Сәлем айт орта жүздiң баласына!
 Көлдері Көкшетаудың күміс пе екен,
Ауылдар арқадағы тыныш па екен?
Жапырып көк шалғынын жатттың қолы,
Жатыр ма ыңыранып ырыс мекен?
Жайлауы Көкшетаудың жасыл ма екен,
Шоқытып шыққан әкем Қасым ба екен?
Жайылған кілем болып алдымыздан,
Қала ма жат қолында асыл мекен?!
Шомылып көк мұнарға Көкше мекен,
Тастары Көкшетаудың текше ме екен?
Аңсары ауып тұрған ата жұртқа,
Апырмай, бұл көңiлдi не етсем екен?!
Өр шыңы Оқжетпестің биiк пе екен,
Баурайын еттi ме екен киiк мекен?
Қиядан қыран қылып ұшырғанда,
Қиянға қалай оны қиып кетем?!
Айдыны Айнакөлдiң мөлдiр ме екен,
Келетiн оған көлдi көрдiм бе тең;
Шығандап Алатауға өрлесем де,
Шықпайды түсiмізден сол бiр мекен.
Өрені өжет пе екен, батыл ма екен,
Шыға алмай шынжыр торда жатыр ма екен?
Қапаста қанша уақыт қалған кезде,
Қайда деп ойлай ма екен батыр көкем?!
Көкшенiң айналасы қайың ба екен,
Сорлы ердi елiнен не айырды екен?
Орнатсам Абылайдың ақ ордасын,
Алашым аллажар деп дайын ба екен?
Басында Көкшетаудың мұнар ма екен,
Жақсысын бiр көруге ел құмар ма екен?
Аман ба Абылайдың асылы деп,
Алдымнан аңқылдап жұрт шығар ма екен?!
 Сәлем айт ата жұртқа, сұрағанға,
Көз көрген, қадірлескен дін аман ба?
Жүрегім түршігеді, езгі көріп, –
Қайран ел көздің жасын бұлағанда.
Сәлем айт Қалқаш, Қойлы, Бағысыңа,
Бір жақсы туса елдің бағы, сірә.
Көп қамын ойлай жүрсін сол жақсылар,
Ел сынға түскен кезде жан ұшыра!
Сәлем айт Мұстафаға, Маңдайға да,
Кемеңгер жандар едi қандай дана?
Көрiсу ендi бiзге оңай болмас,
Мекенiм шет қиянда, шалғай дала.
Сәлем айт елдiң құты Жылғараға,
Бiр сөзi татитұғын бiр қараға;
Әкенiң көзiн көрген жайсаң едi,
Әкесiн тастаушы едi кiм далаға?
Сәлем айт Шыңғыс пенен Есенейге,
Өкпе артып жүруші едiк кеше кейде;
Зымырап уақыт шiркiн барады өтiп,
Бағыңды ұрлай ма, әлде еселей ме?
Өзімнің, орын таппай байтағымда,
Серпілем, батамын да қайта мұңға;
Түлкі өтпес түлейге бір кеттім еніп,
Бұл жолдан қайтпаймын ба, қайтамын ба?
Осылай қуғын көріп мен елімде,
Оралып келмеймiн бе, келемiн бе?
Қауышып алтын дидар халқымменен,
Сәлемiн пайғамбардың беремiн бе?
Жанғал батыр:
Кенеке, жолығыстық жырақта елден,
Елшіміз жоғымызды сұрап келген.
Тілеуің қабыл болсын, алдиярым,
Алла жар болып сізге қуат берген!
 Кенесары:
Ерігіп жүрмегенім елге мәлім,
Тындырдым талай істі келген әлім.
Түн қаттым, тайғақ кештім, ер жастандым,
Ел жидым, орда құрдым, жер қарадым!
Адамды арбаса да құрғыр мансап,
Жолында ұлы мақсат жүрдім жан сап.
Басымды тауға да ұрып, тасқа да ұрып,
Ақ таңын азаттықтың тұрдым аңсап!
Байлық па – айналамда аз ба дәулет,
Сол байлық сор боп талай азған әулет;
Дәулетті шайқап-төгіп жатпас па едім,
Ойлаймын тағдырдың бұл жазғаны-ау деп!
Жәңгірдей отырмас па ем орда болып,
Дәуiрлеп, дәулетқұсы қолға қонып.
Патшаның пақыры боп жүрмес пе едім,
Пасықтың пәрменіне зорға көнiп.
Шыңғыстай шалқып-толқып толмас па едiм,
Мұсадай аға сұлтан болмас па едiм.
Болмаса Беклербектей бедел алып,
Қопаңдап тұрмас па еді қолда әскерiм!
Алатау, Қаратаумен ендігі ордам,
Мендей де ер бар ма екен шерлі болған?
Қаруым, жер қайысқан қолым болмай,
Амалсыз Ақмоланы бердім қолдан?!
Жаралы жолбарыспын бүгiнде мен,
Сұм заман жүрегімді тілімдеген.
Алаштың басын қоссам деп армандап,
Әйтеуір ер көңіл бар түңілмеген!
Атылған арыстанмын бүгiн айға,
Жандарал қанша арбады, тiлi майда.
Айыбын тартқызатын арсыздардың,
Алаштың Абылайдай пiрi қайда?
 Дұшпаннан тайсақтамай ұрған батыл,
Ағыбай, Иман, Жәуке, Құрман батыр;
Жанымда Жекебатыр, Наурызбай,
Соңымда зор қақпанын құрған кәпiр!
Жанайдар, Тілен, Сапақ, батыр Ерден,
Көшкенде көлік берген, ақыл берген;
Үш жүздің баласының бәрі де бар,
Қаһарман әскерімнің сапында ерген!
Білетін бұл маңайдың жерін артық,
Отырмын Сыпатайға сенім артып!?.
Сұраншы, Бұғыбай мен Қараш келіп, –
Жатырмын жақын елге желі тартып.
Біреу жүр – хан басымды сыйлағаннан,
Біреу жүр – ағайын боп қимағаннан.
Біреу жүр – қорыққаннан қарашым боп,
Жолға сап, жөн көрсетіп, қинағаннан.
Біреу жүр – бар азапқа көнемін деп,
Біреу жүр – хақ жолында өлемін деп.
Жолында әділеттің біз құрбандық,
Жұртымды сол ерлікке келем үндеп!
Таяныш таба алмадым шығыстан да,
Қол создым Қоқан, Хиуа ұлыстарға;
Тірестім, қыр көрсеттiм, қылдым айла,
Есемiз толар бәлкiм ұғысқанда.
Қырандай қиялаған шың-құздарда,
Ұрынып күндіз – дауыл, түнде – ызғарға;
Алашым, арысым деп қол созғанда,
Бастары бірікпей тұр қырғыздар да?..
Еткендей қазағымның ұл-қызы арман,
Елiмнiң туар ма екен жұлдызы оңнан.
Бөгенбай барып қайтты бәтуаға,
Бергендей оң сәлемiн Қырғыз Орман!..
 Мұқалмас бойымызда асыл қайрат,
Тәуекел еткен едім, басым байлап:
Алаштың басын құрап атқа мінем,
Көтерем алла жазса жасыл байрақ!..
Жанғал батыр:
«Тобасы жоқ тобыр қап,
Тозса ағайын арасы,
Төреге де төр тимей,
Толып тұрған қанасы
Төгілетін күн туар!
Көбейсе ердің таласы,
Көкіректе наласы,
Көне сырлы көк сауыт:
Көбесі мен сағасы
Сөгілетін күн туар!
Жайшылықта жолдас көп, –
Қайсысы ердің данасы?
Іс түскенде басыңа,
Қас пен достың шамасы
Көрінетін күн туар!
Ел қиналып сасқанда,
Ер жаңылып, етегін басқанда,
Алқа топтың ағасы,
Алтын тонның жағасы,
Алты алаштың панасы,
Аруағы асқан ұл туар!
Айтулы елдің құты еді –
Абайділдадан айырды,
Қанатымнан қайырды.
Төрелерім топқа алды,
Старшын мен майырды.
Атасына тартқан деп,
Атағың елге жайылды!
Айтып-айтпай не керек,
Жүз бәйбіше жүкті боп,
 Тоқсан тоқал толғатса да,
Енді өзіңдей, Кенеке, кім туар!»
Кенесары:
Алысып біз де өтерміз сапқа тұрған,
Аяр жау алмай қоймас қақпан құрған.
Не болар бізден кейін бұл дүние,
Жеріміз не болады жатқа алдырған?!
Есіл ел, лайланар ма Есіл, Нұра,
Озбырдан бересіңдер несін бұға?
Заманның жетсем деп ем көшін бұра,
Кейінгі оқып аят, десін дұға?!
Мәз болып жүрмеші, елім, сайранға аз-ақ,
Жеріңді етпейсің бе майданда азат?
Бірлігің болмай солай, дұшпан итке
Қор болып өтермісің, қайран қазақ?!
Ақыл қос, амалын тап, айлаға бас,
Кеудеңе шер толмай ма қайғы аралас,
Көзіңнен жас ақпай ма қан аралас,
Болмаса ынтымағың, қайран алаш?!
Сендерге айтылмаған сөзім бекер,
Ұрпақты күрес қана төзімді етер.
Қамыты бодандықтың қажытқанда,
Жолымның ақтығына көзің жетер!
Қолыңа жатқан кезде бұғау батып,
Айтармын мынау жұт деп, мынау бақыт:
Алашты оятармын аян беріп,
Аруағын Абылайдың бір аунатып!
Алармын дүлдүл болып жол әркімнен,
Бұлбұл боп бақтарыңа қонармын мен.
Жетермін арман болып жас ұрпаққа,
Таңдайды, табысады олар кіммен?
 Сағым боп тербелермін белесінен,
Сең болып сөгілермін көбесінен;
Жел болып гулеп жанын сергітермін,
Жасын боп жарқ етермін төбесінен.
Тамшы боп мөлдірермін тұнығынан,
Кие боп табылармын құрығынан;
Қайран ел алашым деп аттанғанда,
Ту болып желбірермін тұғырынан!
Нұр болып таралармын реңіне,
Рух болып жайылармын жүрегіне;
Сіңермін санасына сәуле болып,
Жетермін сөйтіп мен де тілегіме!
Ел жетер, мен жетпесем ол бақытқа,
Болатын қолда билік, қолда тұтқа;
Кенекем кетіпті деп жолды салып,
Есіне алар бәлкім сол уақытта?!
Тұлпарлар шығып талай үздiк, дара,
Жатар ма баяғыдай мызғып дала?
Жолымды жалғастырып кейінгі ұрпақ,
Ұстай ма шылбырымды Сыздық бала?!.
Бас қосып аттанса деп ұл-қыз барлық,
Тағдырын ойлап елдің тізгінді алдық.
Алаштың арманы үшін жан қиярмыз,
Алланың ақ жолында біз құрбандық!
Тар жолда талай ерлер тайғанақтар,
Тарпынып кермеде тұр тарлан аттар:
Атойлап азаттықтың ақ жолында, –
Басымды тiктiм, елiм, аллауакбар!..
Өкінішке орай, Кенесары-Наурызбай көтерілісінің қайғылы аяқталуы көп елдің көкірегін қарс айырып, көкейдегі
арманын қиып кеткен еді. Оған ел аузында сақталып қалған,
сол Тезекең, Тезекбай би айтты дейтін мына бір жоқтаудың
жұрнағы да айғақ болғандай:
 «Айласын дұшпан асырды-ай,
Жүзімді қайғы жасырды-ай.
Ажалға қайтіп қиды екен,
Кенекем сынды асылды-ай!
Өзекті жайлап өкініш,
Жер болып көңіл басылды-ай,
Арулап қойып аруақты,
Болмадық әттең басында-ай.
Қормалым, қорып баққаным,
Қорлығы өтті-ай датқаның.
Итаршы болып патшаға,
Пара мен шенге сатқаның!
Қолына залым түсірді-ау,
Қапыда құрып қақпанын.
Қазақтың басын қосам деп,
Осы ма олжа тапқаның?!
Найза бойы жауынан,
Биікте тұрған, Кенекем.
Исі қазақ сөзіне, –
Иіп те тұрған, Кенекем!
Кенекемнен айырылып,
Кетті қазақ, берекең!
Жетім қалған ел-жұртың,
Жетер ме енді мұратқа?
Жебейтұғын Кенекем,
Мерт болып кеттің жырақта,
Жай тапсын жаның жұмақта.
Хор қызы болсын құшқаның,
Қор болып өтсін дұшпаның!..»





Пікір жазу