20.03.2022
  292


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан және аталық Дат батыр, Монтай, Ораз (кіші Ораз) батырлар


Дат батыр:
Асырып асулардан өз еліңді,
Өткердің бастан ерлік кезеңіңді;
Аңсаған арманың не, хан иеміз,
Өкініш бар ма өртеген өзегіңді?!.
Абылай хан:
Би болған бас-басына біздің халық,
Бір қолмен жүре алмадық тізгінді алып;
Жұртыма емізе алмай жер емшегін,
Талайдан үмітімді үздім налып?!.
 Қазақтың болсадағы даласы алып,
Өнерсіз қала берер аласарып;
Өркендеп өсетұғын өнер-білім,
Жайланып жата алмадық қала салып!..
* * *
Басылар емес мынау өрт көңілім,
Ойлаумен елдің қамын өтті өмірім;
Түстікке жеке жүріп өкіндім бір, –
Қасымда болмады-ау деп «төрт момыным»!..
Өзімше зерлеуші едім заман сырын,
Кір-қоңын ел ішінің сан аршыдым;
Қорлығын көрген сәтте сарт-сабанның, –
Қасымда болмады әттең тама, алшыным?!.
Өкіндім елден шалғай кеткеніме,
Қиырға жасақ алмай жеткеніме;
Билердің ақылына ден қоймаппын, –
Дариға-ай, дәуренімнің өткені ме?..
Ел қамын ойлап өтті талай дана,
Бірліксіз ел боламыз қалай ғана?
Тиді рас қапылыста қамшым ұшы, –
Сырт берген Ботақан мен Жанайға да!?.
* * *
Өкініш аз ба өмірде шырмауықты?
Тойтарып тастасақ та зор қауіпті;
Оңайдан олжа іздеген өңкей қазақ, –
Ойпырмай, шаптық неге торғауытты?!.
Жайықтан Алтайға ауған осы қалмақ,
Алдынан болдық біз де тосып алмақ!?.
Айдап сап патшаның да өкілдері,
Қалмақтың жайрап түзде көші қалмақ?!.
Түсінсін мұны қалмақ сорлы қайдан?
Шығады мастанғанда зорлық ойдан;
 Көздері қанталаған батырларды
Тоқтата алмай, сонда болды майдан?!.
Білмеймін құтылады қайда қашып,
Балқашқа өрлей берді, сайдан асып;
Қанына қарайып ап қалмақтар да,
Келмеді мәмілеге, майдан ашып!..
Талауға түсті олардың неге көші?
«Қатын ер – қашқан жауға» деген осы;
Лап қойды атқа қонған арсыз жасақ, –
Бардай-ақ бәрінің де терең өші?!.
Жас шыбық, балғын өркен қалды солып,
Ашкөздік алақтады маңды шолып;
Жаңғыртып жапан түзді зары ананың,
Шаңына көме берді «Шаңды жорық»!?.
Киесі атты білім балалардың,
Қарғысы батты білем аналардың;
Екі оттың ортасында қалдық біз де, –
Құдай-ау, өзін-өзі табалар кім?!.
Болса да жерім дарқан, далам асқақ,
Бекіттік ел іргесін жаңа бастап;
Айдаһар – Самұрық ортасында,
Отырмыз енді, міне жалаңаш қап?!.
Дат батыр:
Хан-ием, көп дұшпанды жеңдіңіз де,
Мерейлі шаққа, міне келдіңіз бе!
Ертеңге елеңдеген еліңіз бар, –
Айтасыз не өсиет енді бізге?
Монтай батыр;
Хан-ием, болдым мен де ту ұстарың,
Жүріп ед санатыңда туыстарым.
Жан-жақтан жау анталап келсе тағы, –
Кім ойлар өзіңіздей ұлыс қамын?!.
 Ораз батыр;
Өсіріп ел мерейін, жер өркенін,
Хан-ием, бағын аштың кең өлкенің!
Абзалым алтын тудай айқындалған, –
Қалай деп болжайды екен ел ертеңін?!.
Абылай хан:
Береке орнасын деп құтты белге,
Шығандап елді бастап шықтым өрге:
Ұрпаққа үлгі болсын ерлік жолы, –
Ақ туын азаттықтың тіктім елге!
Білмеймін, не болады кейінгі ұрпақ,
Серпілтер сергелдеңде сенім бір тақ.
Сол сенім болар ма екен ерге серік,
Кете ме адастырып өмір бұрқақ?
Жолдардан өтерсіңдер не бұралаң,
Қайыспас нарлар керек тегі бұған.
Халықты қамықтырар қауіп те бар, –
Болса екен жерім азат, елім аман!..
Халыққа қарау ниет қастықты ойлап,
Сұм тағдыр бұғаулай ма тас қып байлап?
Туыстан туыс безіп, тұман басар, –
Ел ішін соғыс жалмап, аштық жайлап...
Созылып салқар көшпен нелер уақыт,
Сұм заман несібесін берер сарқып.
Білмеймін, азса ағайын не болады, –
Береке-бірлікпен тек келер бақыт!..
Ағайын араласпай-құраласпай,
Есігін бір-біріне тұра ма ашпай?
Аталы сөзін айтпай ақсақалдар,
Үлкенге ұл кетер ме құлақ аспай?
Киесі тегін болмас текті ортаның,
Әйтеуір үмітімді көпке артамын.
 Халықтың қамын жемей, нанын жеген, –
Қорқаулар көп бола ма деп қорқамын.
Таласып бір-бірінен тізгінді алып,
Жүрер ме жолын аңдып түзде ұрланып;
Бел алып қызғаныш пен қыздырмалық,
Зардабын тартар ма екен біздің халық?!
Ұласып ерегеске жастық айбат,
Кек сақтап, бір-біріне қастық ойлап;
Жарылып неше жікке елдің іші,
Жаңқадай жөнелер ме тасқын айдап.
Қулығын біреуінен бірі асырып,
Ұрпағым жасар ма екен тым асылық?
Шырмаудан шығар ма екен шынайы ұлдар, –
Шындыққа шыңыраудан құлаш ұрып?!
Аяғын бір-бірінің шалар ма екен,
Таласып шен-шекпенді алар ма екен?
Еңіреп ел деп туған жақсыларды, –
Тұқыртып, қолға бұғау салар ма екен?!
Тығындап абақты мен түрмесіне,
Бөленіп үлдесі мен бүлдесіне;
Жылмиып мансапқорлар жүрер ме екен,
Жиып ап жылпостарды іргесіне?!
Көріне дүние боқты жияр ма екен,
Нәпсісін олар әлде тыяр ма екен?
Өкпеге қимайтұғын жақсыларды, –
Өлімге өңкей надан қияр ма екен?!
Жұлысып бір-бірімен, ұтар ма екен,
Түйені түгіменен жұтар ма екен?
Қамыққан ел басына сын туғанда, –
Жан-жаққа бас сауғалап зытар ма екен?!
Қамымен қара бастың кетер ме екен,
Ор қазып бір-біріне өтер ме екен?
 Бүлдіріп «ала тайдай» елдің ішін,
Түбіне туған елдің жетер ме екен?!
Дәулеті шалқып-толған ел болар ма,
Басылмай, басқалармен тең болар ма?
Жоқ әлде ырылдасып, қызғанғаны, –
Ақыры қызыл итке жем болар ма?!
Жүре алмай бас шығарып бір жағадан,
Жақсылар жапа шегіп құр жаладан;
Мансапқор қарын менен нәпсіні ойлап,
Құбылар неше түрлі бұл заманаң!
Ел-жұртын әділдікпен бағар ма екен,
Жетім мен жесірге көз салар ма екен?
Құлқыны тоймай әлде құрғырлардың,
Мал-мүлкін тонап елдің алар ма екен?!
Бір-бірін жатқа барып жамандар ма,
Жалбақтап күнін көріп амалдар ма?
Адасқан елді жөнге салар ма екен, –
Бір кемел туып сол бір замандарда!
Таласып қалмайды ғой таққа ғана,
Үміті артқан елдің ақтала ма?
Сол елді адастырмай, аруақ қолдап,
Пәледен сақтай көрсін Хақ-тағала!
Арналып ел қамына бар ұлықты іс,
Халықтың бойынан сол табылып күш;
Ұшар ма қанат қағып тастүлектер, –
Ұя сап бәйтерекке самұрық құс!..
Заманның көрдік қой көп қақпақылын,
Бермеді жау да маза, жат та тыным;
Ендігі үміт, арман өздеріңде,
Дарыған ата рухы, Дат батырым!..
Мұратым, мұрагерім Уәли, Қасым...
Бір алла алдарыңнан жарылқасын;
 Ертеңге жеткізіңдер жарқыратып,
Жоғалтпай елдіктің сол лағыл тасын.
Айтамын елге аманат, халқыма наз,
Алдынан туа берсін жарқырап жаз;
Сақтаңдар сыйластықтың салтын ізгі, –
Байтоқа, Назар, Монтай, Жарқын, Ораз...
Бүгін мен болашақтың арнасы бір,
Ерлігін бабалардың жалғасын ұл;
Үлгі боп – Бөгенбай мен Қабанбайлар, –
Құлсары, Наурызбай, Алдасүгір!..
Таң атып, күн шығар-ау мұсылманға,
Ұрпағым, ұзатыңдар ісімді алға;
Аталар аманатын ұмытпаңдар,
Мендағы дем берермін қысылғанда!
Жұп жазбай болашаққа бір аттаңдар,
Жадырап келер солай шуақ таңдар;
Қашанда еркіндіктің рухын сақтап,
Ақ туын Абылайдың құлатпаңдар!
Дос болып жырлап еді жырыңды кім,
Қас болып қорлап еді ұлыңды кім?
Алданба аярларға арбап күлген, –
Ұмытпа озбырлардың зұлымдығын!
Бірлікпен берекелі болған ісің,
Бойыңа ата ғұрпы мол дарысын.
Біз көрген қауіп-қатер естен шықпай,
Мызғымас мықты болсын қорғанысың!
Алдыңнан шығып ылғи арайлы күн,
Әлемге әлді болсаң тарайды үнің;
Шыңдалып өсе берсін шынайы ұл-қыз, –
Танылып дос пен жатқа зор айбының!
Ел даңқын ер асырмай, кім асырған,
Таңдай біл абзалыңды шын асылдан.
 Көп болып дос-жараның, арта берсін
Талабың кең дүниеге құлаш ұрған!
Таңы атып азаттықтың арайлана,
Кең дала нұрға шомар бәрі айнала;
Өнерпаз өрендерім өсіп-өніп,
Талапты ерлер туар талай дана!
Құлпырып жұмақтайын дала гүлдеп,
Бастайды жақсылыққа жаңа бір лек;
Әділдік, адалдықпен қанат жайып,
Қарау ой, қалар артта, қара ниет!..
Құтайып күш-қуатың толған шақта,
Есіңе ап ерлеріңді болған сапта;
Қыраны еркіндіктің биік самғап, –
Ұрпағым, жетерсіңдер зор мақсатқа!
Жарасып жақсылардың тойда легі,
Есіңе аларсыңдар сонда мені:
Сол тойың тарқамасын, туған елім, –
Ежелден ұлы арманың болған еді!..





Пікір жазу