19.03.2022
  243


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан және қырғыздың Жайыл ханы

Абылай хан:
Қырғыздың кездері аз ба өрге басқан,
Қарт тарих қалған жоқ па ер Манастан?
Ел едік қатар қонып, кең жайлаған, –
Шығардың үлкен дауды сен Таластан!..
Ел болған кездер есте Қырғыз – Арғын,
Мен бүгін елді бастап тізгін алдым;
Қасымда жүр ғой, міне серік болып,
Отаршы, Сарудан сан қырғыздарым!
Шақырдым үйіріме үріккенді,
Шығардым ел төріне үміткерді;
Ел қылып отырмыз ғой ордамызда,
Қырғызды, қарақалпақ, түрікпенді!..
Сезініп анталаған қауіпті енді,
Алтайдан төлеңгіт2
те ауып келді;
Патшадан, қалмақ, қытай – қайыр болмай,
Біздің ел оларға орын тауып берді!..
Білесің бастан өткен ел жайларын,
Ұрынып, әлденеге бел байладың?
Қазақтың басына іс түскен кезде,
Ол рас, Жетісуды ен жайладың?!.
Бағына себепші боп талай ұлдың,
Қалмақтан босқан елді сан айырдым;
Жайлауы тарылып тұр – «Бақтиярдың»,
Дулат пен Албан, Суан, Жалайырдың...
Жайыл хан:
Тыңдасаң базынамды мен де айтамын,
Қырғызға талмай іздеп жер байқадым;
Тықсырып бізді тауға не жетпейді, –
Сарыарқа жатқан жоқ па кең байтағың?!.
Кезінде қалың дұшпан қамалаған,
Қазақты жеріміз жоқ табалаған;
Кіріптар болған тұста қырғызға кеп, –
Қазақтың Таһир ханы паналаған!?.
Белгілі тай басады ат тұяғын,
Сонша жер болса игі бақ-тұрағың?
Әперген әупірімдеп бұл сыйыңды, –
Бағалай білсе еді бақтиярың?!.
Намысын жыртқан елдің мен де ардағы,
Қазақтың осы ма еді енді арманы:
Қырғызға келіп бәрің қыр көрсетіп, –
Бізге де шегінетін жер қалмады!?.
Абылай хан:
Бастаған кезде алаштың елдігі оза,
Жеріне болар қазақ енді қожа;
Мүйіздеп сендердағы, Қоқандқа еріп, –
Бері ауды Шанышқылы Бердіқожа!..
Ауыр қол келді Арқадан, күш толымды,
Көпсінбе онсыздағы қысқа өмірді?
Әкетіп мал-жаныңды, босатыңдар, –
Шамалған, Қаскелең мен Үшқоңырды!..
Қазақ та қойсын енді ру таласты,
Жайлайық бірге қонып Шу, Таласты;
Ежелгі ұлы хандар ұрпағы едік,
Ұстаған ынтымақпен алты алашты!..
Қоймасаң бұл ісіңді күнің қараң,
Күн туар қатын-балаң шырылдаған;
Мал-мүлкің батырларға олжа болып, –
Ақ үйлі аманат қып ұлыңды алам!..
Ел жайын ойлаушы еді батыр аңсап,
Ісіміз біздің әлі жатыр ақсап;
Күреске шақырып тұр, әне бізді, –
Ауғанның әміршісі Ахмад шах!..





Пікір жазу