19.03.2022
  367


Автор: Тортай Сәдуақас

Патша елшісі мен Абылай хан

Патша елшісі:
Қазақтың жері дарқан, даласы алып,
Қараймыз кең далаға тамаша ғып;
Игеріп кен байлығын сол аймақтың,
Береміз қамал менен қала салып!
 Жүрсе де кең даланың шарлап төсін,
Тарихын білесіз ғой «Жармақ – Көшім»!
Жоғары мәртебелім, біле білсең, –
Біз қанша бөгеп тұрдық қалмақ көшін!
Патшамыз мән береді аса бұған,
Өнермен өрге қадам басады ұлан.
Патшаға басыңды исең, қол береміз, –
Қытайдың қорғануға жасағынан!..
Ел-жұртың патшамызға бағынса анық,
Сол елді қорғау керек жанын салып:
Мал мен жан, жер-суыңды қағаздатып,
Қазынаға төлеу керек алым-салық!..
Абылай хан:
Ей, елшім, болып тұр-ау бағың үстем,
Мен саған қарамаймын жалынышпен;
Жайлаудың сонысына таңдап қонып,
Қайнардан халықпыз біз қанып ішкен!
Аттандап атқа қонған ер кіндікті,
Ұстандық ата-баба сертін мықты;
Қамал сап, жер-суымды харамдама,
Ен түзде елміз сүйген еркіндікті!
Ол рас, керек бізге өнер-білім,
Көркейіп келер ме екен кемел күнім?
Шынайы достық, адал ниет қана, –
Екі елдің бақшасына төгер нұрын!
Қазақтың жатсадағы жері кеңіп,
Біз қашан жатқа билік беріп едік?
Патшаңыз соқа-сайман, шаруа берсін, –
Елімді асырайын егін егіп!
Қаламыз бар Түркістан, Сыр бойында,
Жөн сілтеп зердесі бар тұр ғой ұлға;
Қала сап Созақ, Шуға, туған елге, –
Емізу жер емшегін бұл да ойымда!..
 Жықса да есер хандар халқын орға,
Тарихта түседі ғой талқыға ол да;
Бір кезде, мұрагері болған біздер, –
Дүрілдеп тұрмап па еді Алтынорда!..
Жақаурап айтасыңдар Жармақты құр,
Біздерге Тоқтамысхан болмақ тұғыр!
Қулықпен шабыстырған тағы оңбайды, –
Айдап сап қазақ пенен қалмақты бұл!?.
Адаспай алға ұстаған ақ тұйғыным,
Білеміз бодандық пен жат пиғылын;
Зорлық пен зомбылықты ойлаған тек, –
Озбырмен үзісеміз ат құйрығын!
Дос болып, мәмілеңе қосыламын,
Зұлымдық жасайды екен досына кім?
Естектің есін алып, қырып салған, –
Осындай сұмдығыңнан шошынамын?!.
Қазақтың байлық іздеп ұлысынан,
Шығармай, билемек кім уысынан?
Бізде де ынтымақ пен күш жетерлік, –
Тұтқасы дүниенің дін-исләм!
Қолдаса алла, аруақ, көк тәңірім,
Мендағы тәкаппардың тоқпағымын.
Мейрімі түссе рас, патша қатын, –
Тезірек берсін бізге от қаруын!?.





Пікір жазу