Гүлдер
Терезде құмырада көрнекті
Қағаз гүлдер қатар тұрды шын гүлмен.
Сол жасанды гүл сымақтар көрнекті
Темір сабақ сымға ілген,
Бұлғақтады шалқып бір,
Сұлулықта деп біздерден артық кім?
Бір шақта тамшы бүріккен,
Қағаз гүлдер Юпитерден сұрады,
Құтқар деп бұл бүліктен,
Және олар жаңбырды ұрсып сыбады.
«О, Юпитер, тоқтатпасаң болмайды,
Жол да оңбайды,
Одан пайда таппақ кім?
Көшеменен жүрген адам сорлайды,
Арасында қалып қалың батпақтың».
Тәңір, бірақ келіспеді онымен,
Жаңбыр жайлап жауа берді жөнімен,
Сырғып гүлдің жонымен.
Шаң мен тозаң, қапырық та басылып,
Түрленді бақ желектері ашылып.
Шын гүлдер де ерекше бір бой алып,
Шыға келді неше түрге боянып.
Жаңбырдан нәр алды,
Жұпары таралды.
Қағаз гүлдер мылжаланып оқыста,
Керексіз боп лақтырылды со тұста,
Айналды қоқысқа.
* * *
Шын таланттар сыннан қорықпас қасқа нар:
Мұқата алмас қасиетті өнерін.
Жасанды гүл дегенің
Жаңбырдан да жасқанар.