19.03.2022
  401


Автор: Тортай Сәдуақас

Абылай хан және сардар Қабанбай, Наурызбай батырлар

Қабанбай батыр:
Әміршім, шет жайылып шектік азап,
Бас қосып, жеңіске енді жетті қазақ.
Бірлік пен ынтымақтың арқасында, –
Бәріміз Жетісуды еттік азат!..
Туған ел жолымызға қарап қалды,
Тағыңа артқан сенім тағы ақталды.
Тартынбай аттанайық жортуылға, –
Талқандап жоңғарды да, манаптарды!?.
Хан-еке, батырың ем мәрт санаған,
Ақорда тағы сенім артса маған;
Оңтүстік шепке де бір соққы керек, –
Қазағым деуші еді ғой, «сарт садағам»...
Наурызбай батыр:
Ұрпағы жасыған жоқ көк бөрінің,
Дұшпанды дірілдеткен өктем үнім:
Қарасай, Төле, Мәмбет, Сауырығым,
Райымбек, Сатай, Бөлек, Бектемірім!..
 Бөкей мен Жауғаш, Сәмен, Құдайберді, –
Жабыққан ел жүзіне шырай берді;
Аймақты азат етіп, қайта түлеп,
Ұлы жүз елдің басын құрайды енді!..
Сұрадың әділетпен Ұлы жүзді,
Ұлдарың – Әділ, Сүйік жылы жүзді;
Қазақтың бірлігі мен тірлігі үшін,
Жақсының жалғар олар жібін ізгі!..
Абылай хан:
Ақтармыз ел сенімін артқан ерге,
Сайланып, біз бір керуен тартқан өрге.
Қалада, отырықшы елді айтады, –
Қырдағы ел өздерінше «сарт» дегенде...
Қабаным, Ерасылым, Дарабозым,
Дедім де «хан батыры» қалап өзім.
Үш жүздің басын қосып жауға аттандық,
Қан жылап қалмасын деп қаракөзім!..
Жау қашты!
Жеңіс алда... тасқа тілім,
Көп болсын үлкенге – ізет, жасқа – ақылың;
Бөгенбай, Қабанбай мен Наурызбай, –
Өздерің қуат берген бас батырым!..





Пікір жазу