Абылай және табын Бөкенбай батыр
Табын Бөкенбай батыр:
Сұм қалмақ не істемеді бұл қазаққа,
Салды ғой қайран елді түрлі азапқа:
Төрт түлік малын алып, жерін алып,
Шарасыз көнді ғой ел бұл мазаққа.
Ежелгі сыйластықтың жібін үзді,
Атаның ұмыттырды жырын ізгі;
Айламен алдап-арбап, зорлық қылып,
Өргізіп-тұрғызды ғой ұлы жүзді...
Тонап ап қалың елді қаңыратты,
Алаштың аузын буып аңыратты.
Жетті ғой түбіне олар талайлардың,
Етті ғой қойдан жуас қоңыратты...
Есіріп келді Есілдің сағасына,
Салды ойнақ Сарыарқаның даласына;
Ордаңдап ойсыратып орта жүзді,
Арғынның қолын салды жағасына!..
Найманды қаңғыртты ғой жерін алып,
Егілді елі бұғып, ері налып;
Басқаша шүлдірледі амалсыздан,
Үзілген ән мен күйі сері халық.
Талайлар суға кетіп, тал қармады,
Қапаста қиналмаған жан қалмады;
Жас – жүнжіп, қарт – қалтырап, рубасылар, –
Сұмдыққа жол бергенін аңғармады.
Албанды қақыратып қан қақсатты,
Қыздарды ермек қылып малға сатты;
Залымдар туған елін бірге тонап,
Мәз болды иеленіп әр мансапты...
Алшынның сай-сүйегін сырқыратты,
Адайдың шыбын жанын шырқыратты;
Ананың арын төгіп зар илетті,
Аққудың ақ мамығын бұрқыратты.
Айдады үйір-үйір сыйға малды,
Шығарды салық салып қинағанды;
Айтқанын екі етпейтін, жылмаң қаққан, –
Маңына жылпостарды жинап алды...
Атаның ұмытылып ғұрпы қалды,
Ел ауып қонысынан жұрты қалды;
Халықтың қазынасын түгел тонап,
Талайдың қолдан тартып мүлкін алды.
Қатыгез сұмдықтарға болып кекті,
Жақсылар бас көтерген өліп кетті!
Бүлініп елдің іші, жамандық кеп,
Қарақшы, тонаушыға ел толып кетті!..
Жақсылар жарқын күнді тұрғанда аңсап,
Жаламен құртты оларды зынданға сап;
Өзді-өзді атыстырып ағайынды,
Елді іштен шірітуді қылған мақсат?!.
Біреудің түгін қоймай тонап өтті,
Біреумен құдандалы бола кетті;
Қолдаған Қонтайшыны кірмелер де,
Қазақтың қасиетін талақ етті.
Қонтайшы елді арбауға қалай епті,
Біреуді жақын тартып, малай етті;
Қарғыстан адам өлсе – Қонтайшы өлер, –
Ызасы сұмның елге талай өтті!..
Қанша жан зұлымдықтан зардап шекті,
Қанша ана қасіреттен зарлап, шөкті;
Мал-жанын мәмілемен берген тіпті, –
Елді де аярлықпен алдап соқты!..
Атаның салт-дәстүрі сақталмады,
Ауылда мінетұғын ат қалмады;
Бір кемел құтқара ма деген бұдан, –
Үміті қайран елдің ақталмады...
Айдап сап ағайынды бір-біріне,
Қиянат жасап бақты тірлігіне;
Осылай опынумен өтер ме екен,
Жете алмай қайран халық нұрлы күнге?!.
Кешіксек енді біраз, күнім қараң,
Тұйыққа тірелді ғой бүгін далам?
Баратын енді бізге жер қалмады,
Ер емес, осы жайды ұғынбаған?!.
Абылай:
Жарайсың Бөгенбайым – Ер табыным!
Бірісің тарпаң өскен кертағының;
Қазақтың бас қосатын туды кезі, –
Ойласа дәл өзіңдей ел тағдырын!..
Тізесін Лама-Доржы ол да бүкті,
Септесіп өткізерміз зор қауіпті;
Шешуші шабуылдың келді кезі, –
Етпеңдер көзден таса торғауытты!..
Ел болдық бұдан қиын шақта да біз,
Басымыз қосылса тек бақ табамыз;
Ералы, Нұралымен сөз байластық,
Үш жүз боп, Алла жазса, аттанамыз!..