Аталық Әйтімбет би, аталық Жақсылық Дәулетбай би, Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанай би және Абылай сұлтан
Әйтімбет би:
Абылай, ақ сүйексің, ханзадасың,
Мынау ел қажетіңе, ал жарасын;
Берейін ақ батамды ел алдында,
Уақыт та емдейді ғой жан жарасын.
Үзбестен бере берсін бақ құдайым,
Есіңе ел мүддесін сап тұрайын;
Өзіңе ақ тілегін арнап отыр, –
Бөгенбай, Жәнібек пен Бақтыбайың!..
Сен де бір мұрагері хан тағының,
Тағдырдан болмас енді жалтаруың;
Сыйлайды алдыңа – мал,
үстіңе – қос, –
Момын ел отау құрып алты аруын!..
Ұғынып халқыңа ауыр шақ туғанын,
Жасағың, сайлы болсын, ат-тұрманың.
Ақордаң асқақтайды Көкшетауда, –
Киелі шөккен жері Ақбураның!..
Абылай сұлтан:
Халқымның ұқтым тағы даналығын,
Той жасап, ат шаптырған әр ауылың;
Ақтармын ақ дәміңді, алла жазса,
Аман бол, Атығай мен Қарауылым!..
Бұқар жырау:
Ел босты бiреуi өрге, бiреуi Орға,
Халқымның бұрса деймiн тiлеуi оңға!
Ақ жолмен, Абылайым, баста еліңді,
Қонды ғой дәулетқұсы, мiне қолға!..
Қаз дауысты Қазыбек би:
Бұл жолмен жүріп еді Болат ағаң,
Төресің ел бастаған сол атадан.
Мерейің үстем болсын, жас сұлтаным,
Өзіңе құтты болсын жол атаған!..
Дәулетбай би:
Жорықта өтер бастан әрқилы күн,
Нығайту керек бірлік, хан билігін:
Абылай, ел бастасаң топты жарып,
Жеткізер мұратыңа Шалқұйрығым!..
Қанай би:
Нар болар намыс қуса бала тайлақ,
Құдайым бақ, дәулетін қабат айлап;
Алдыңнан жарылқасын, Абылайым,
Халқың тұр қапталыңда «Қарақайлап!»...
Абылай сұлтан:
Билерім, елмен мен де еңселімін,
Ақтармын адалдықпен ел сенімін,
Ертең-ақ жақсылыққа жол іздермін,
Дүйім ел маған енші берсе бүгін!
Әйтімбет би:
Сұм дұшпан жағамыздан тағы да алды,
Сорлы елдің мүлкін алды, малын алды.
Жұрт ауып, атамекен адыра қап,
Ардақты аталардың тамы қалды...
Қаперсіз қырда бейғам жатқандықтан,
Жау шықты Ақмаңғыт пен Тоқмаңғыттан;
Қас дұшпан қатар қонған тарпа бас сап,
Сұм тағдыр біздің елді көп қаңғыртқан.
Кесірін тигізді ме Кенегес, Мың,
Сор болды соңы мұндай ерегестің;
Бастары бірікпеген қайран алаш,
Ойлайық болашақты демеді ешкім.
...Ол аздай, ойсырата шапты қалмақ,
Қазақтың жанды жерін тапты қалмақ;
Жем болып жеке-жеке жебір жауға, –
Қайран ер қара жерді жатты қармап?!.
Ер туса, ел қуанбай, кiм қуанған,
Ел едiк бабадан көп үлгi қалған.
Ту тіккен мекені еді туған елдiң, –
Iргеміз сөгiлді ғой Сыр-Қуаңнан!?.
Түркiстан, Жиделбайсын, Бұқардағы,
Қалайша жат қыламыз құт арнаны?
Кетіріп бірлігімді бұзақы жау,
Бір-бірлеп босқан елді бұтарлады.
Безіндік үркінші боп Үргеніштен,
Босқан ел пана іздеді күн көріспен.
Тарады індет болып алауыздық,
Араз ғып ағайынды бүрген іштен.
Қаракөл – қалың жұртым, қара орманым,
Қойнында өсіп-өніп қала алмадым.
Бақтарын шаңға көміп заман кетті,
Шайқалтып шаңырағын ақ орданың.
Төріңде өркендеген өнер-білім,
Келер ме қайта айналып кемел күнім?
Қойнауы қарт тарихтың көмбесі еді,
Бабамның көпке айтатын көне ерлігін.
Қаракөл – қалған артта қайран аймақ,
Тұлпарын мінген ерлер таңға байлап.
Дұға арнап ата-баба аруағына,
Қалың ел Қаратаудан барған айлап.
Қалды ғой қанға бөгіп қайран дала,
Ұлы жұрт Ұратөбе, Сайрам қала...
Тәуекел ету керек қайтсек те енді,
Тап болдық бұл сұмдыққа қайдан ғана?!
Сияқты елді шапқан Ақсақ Темір,
Бел алды билеушілер асқақ небір;
Туған ел тоз-тоз болып ауа көшіп,
Тыныштық орнайтұғын аңсатты өмір.
Өз жұртын топырақпен көмді қамал,
Ере алмай көшкен елге шерлі қалар;
Бір кезде жайлау болған байтақ елге, –
Арқаға ауа көшу ендігі амал!..
Сарыарқа бұл ұрпаққа қоныс болар,
Алашқа ұлан-байтақ өріс болар;
Көзіңнен бұлбұл ұшып Әму мен Сыр, –
Көршіміз башқұрт, татар, орыс болар!..
Даланың шүкірлік қып кеңдігіне,
Салауат етеміз ғой шерлі күнге;
Абылай, аттана бер елді бастап,
Ұлыстың сұлтанысың енді, міне!..
Арсыға шығушы еді арымай кім,
Атағын шығар атаң Абылайдың!
Айдаһар, самұрықтың мысын басып,
Алашқа боларсыңдар тағы да айбын!..