19.03.2022
  322


Автор: Тортай Сәдуақас

Қазақ ордасын құру туралы Ақжол бидің Әбілқайыр ханға елшілікке баруы және оның қастандықпен ажал құшуы

Аманжол жаршы (Ақжол бидің жас нөкері):
Алдияр!.. Ақбозатың құлады орға!..
Қонбайды Ақсұңқарың, сірә қолға!?.
Мерт болды қапияда Ақжол биің,
Көз жұмды көзсіз ерің мына жолда!..
Керей хан:
Ақжол би алты алашқа аян тұлғам,
Қорықпай қолын салған қай антұрған?!.
Дұшпанның ат құйрығын кескені бұл, –
Онсыз да дау-жанжалға таяу тұрған!..
Сұм дұшпан шықты ма екен торып алдан,
Қай жендет аярлықпен қолы барған?!.
Тағы да Әбілқайыр ылаң салды-ау, –
Біздермен ата дұшпан болып алған?!.
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Ұлыста ұйыстырған тамам елді,
Ақжол би сыр алысқан ағам еді;
Қайғысы қатты батты қабырғама, –
Құн сұрап, ханға қайта барам енді!..
Бұрындық сұлтан:
Би айтты: әңгіменің бәрін ептеп,
«Басшымыз Керей менен Жәнібек! – деп, –
Жеке орда болсақ, деді, қатар қонған!» –
Айтты ойын, Шудан асып әрі кетпек!..
«Ұлы хан – ие болу оңай ма атқа?!
Жарлығың жетпей жатыр зор аймаққа...
Біз жеке орда құрып, септесейік, –
Жол бермей ұрыс-керіс, дөң-айбатқа!..»
«Біздің ел қазақы орда болсын!» – деді,
«Жұртына көк түріктің қонсын!» – деді;
 Байыптап ел азғанын, жер тозғанын, –
«Ортайған ел қазаны толсын!» – деді.
Ақжол би айтар сөзге болған ұста,
«Көк түрік жолы, – деді, – ол да нұсқа:
Шу, Талас, Арқа, Ұлытау – атамекен, –
Тұрайық, – деді, – сондай қорғаныста!..»
«Ұрынсақ үскірік пен ақ боранға,
Қалмақтың соққысы бар қатты одан да;
Әрине, бізге оңай болмасы анық, –
Бір күнде ел басына бақ қонар ма?»
«Баласы бір атаның мың бөлінген,
Нөкер ғып ертіп кетті кім көрінген;
Алдымен қауым болмай, ел құралмас, –
Бауырлар басын қоссын шын көңілмен!»
«Ел жайын білмейсіз бе, білесіз бе,
Жұрт алаң алым-салық, дүресіз де:
Байтақтың бір бұрышы бүтінделер, –
Сол үшін келіп тұрмыз, міне сізге?!.»
«Айтуға көп тілегін қондым атқа,
Ел жетер, біз жетпесек ол мұратқа»:
Хан қанша арбағанмен алдын орап,
Қайтпады алған беттен ол бірақта!..
Түпкі ойын айтпады хан бүркемелеп,
Төкпеді кәрін және үрке ме деп;
Әйтпесе, қазаққа кең жол ашатын, –
Тағдырлы сәт еді ғой бұл керемет!..
Қасым сұлтан:
Ордадан шықтық ұзап, ертесіне
Кезіктік құмдауытты өлкесіне:
Сол жерде қол кезікті, қанжарларын
Тақаған елшілердің желкесіне?!.
Лап қойды перде таққан қалың жасақ,
Осы екен қас дұшпанға шабылған шақ;
 Қамалдық – қаруымыз қамшы ғана, –
Үлгермей қорғанудың қамын жасап?!.
Айналған қулығының көбі лаңға,
Залым хан «иек қаққан» Қобыланға?!.
Қарулы жасақ содан түскен ізге, –
Жеті адам не істей олар көп ұланға?..
Түсті екен соңымыздан дұшпан нағып,
Сан соқтық мынау сұмдық істі аңғарып?!
Қадалған жауырыннан улы жебе, –
Атынан Ақжол биді түсті аударып?!.
Ақжол би алашыма тұлға сынды,
Оқ атып оған, дұшпан шын басынды?!.
Сұмдардың аңдығаны сол-ақ екен, –
Лезде кейін серпіп, құмға сіңді...
Дұшпанның болды осындай қанды лаңы,
Олардың Ақжол екен аңдығаны;
Осылай орға құлап мерт болды ғой, –
Алаштың арда туған арғымағы!?.
Аманжол жаршы:
Жүрегі аттай тулап, дүрсілдеді,
Өмірім үзілді-ау деп күрсінбеді;
Керей мен Жәнібек деп сәлем айтып,
«Арқаға көштің басын бұрсын!» – деді.
«Сұм дұшпан шалды аяқтан аңдып тұрып,
Ел рухын жеңе алмас тек шалдықтырып!
Арғынның бір биі өлер, әзер болса, –
Қазағым өрлер, – деді, – хандық құрып!..»
Бұрындық сұлтан:
«Қапыда қайырылды ақ алмасың,
Қайран ел бастарыңа бақ орнасын!..
Ұштасып үш Алаштың ойы, – деді, –
Хандықтың тігерсіңдер Ақ ордасын!..»
 «Білемін ұмытпасын олар мені;
Дерт буған заманның тек қонар ма емі?
Қаза боп қазақтың бір қара шалы, –
Халқымның мерейі үстем болар!» – деді.
Қасым сұлтан:
«Күнаһар құтылады қайда қашып?
Әрбір іс жатқаны жөн пайдаға асып;
Мен үшін дүрлікпесін елдің іші, –
Құн сұрап, қол төндіріп, майдан ашып!?.»
«Құдайым садақа ғып алсын мені,
Тоқтатпай көшті, ілгері барсын!» – деді...
«Айтылған уағадамен амал қылса, –
Ағылар Үйсін жұрты, Алшын легі!..»
«Жазмыштан пенде ғана аса алмаған,
Туған ел ерлер барда қашанда аман:
Орындап сертті! – деді, – Хан мен Сұлтан, –
Жолымды жалғастырар Асан бабаң!..»
Аманжол жаршы:
«Хан отыр мың сұрланып, жүз бұлданып,
Ел болу керек, – деді, – тізгінді алып!..
Ағайын ынтымақпен басын қосса,
Ешқашан қор болмайды біздің халық!..
Серік боп асуларда шуақты арман,
Ұрпақтар өтер талай сынақтардан...
Мұраты хасыл болса сол буынның,
Ісіміз сонда біздің шын ақталған!..
Кезде бұл орда сайлап, алыс қонар,
Жүрмесін бой алдырып намысқа олар;
Ақылмен сабыр сақтап іс қылмаса, –
Ел іші дау мен дамай, шабыс болар?!.
Бұл жәйтті пешенеме жазған ба еді?
Мен – сөнсем, елдің оты – маздар, – деді;
 Қалмақтан беті қайтқан Әбілқайыр, –
Шабуға бізді қазір аз дәрмені!..
Байыптап билерменен қосып үнін,
Іс қылсын уағадамен қос ұлығым:
Қапа боп, қамсыз отыр Әбілқайыр, –
Сондықтан көшетін сәт осы бүгін!..»
Бұрындық сұлтан:
«Керей хан, Әз Жәнібек басшың! – деді, –
Орда боп ел мерейі тассын!» – деді;
«Сондықтан осы кезді пайдаланып,
Сарысу, Ұлытауға ассын!» – деді...
«Шу жаққа ордасымен қонсын! – деді, –
Ақарыс, Бекарыспен толсын легі!..
Халқымыз мұратына жетіп ізгі,
Хандардың мерейі үстем болсын!» – деді...
«Бекзатым, Бұрындық пен Қасым! – деді, –
Әбілқайыр күші әлі басым, – деді, –
Ақ батам екеуіңе қабыл болып, –
Бабалар ісін өрге асыр!» – деді...
«Есіңе, қос ұланым, сақта! – деді, –
Сендер де мінерсіңдер таққа! – деді, –
Ұмытпай ата жолын, қазағым деп, –
Халқыңа парызыңды ақта!» – деді...
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Жылжи бер, Керей аға, көшті бастап,
Жолыңды алла оңғарсын көз қырын сап;
Ақжол би мерт болды деп сауын айтсақ, –
Тағы да бүлінеді Дешті-Қыпшақ!?.
Мен неге хан алдында қымсынайын,
Айыбын бетке басып, құн сұрайын?!.
Орыны толмас мына ауыр қаза, –
Не дейміз, жаулық демей бұл сыңайын?!.
 Сұм дұшпан бізді тағы салды егеске,
Ақжол би елші болып барды емес пе!?.
Алдырып үш алаштың билерін де, –
Қоясын ақтарамын Хан кеңесте!..
Онсыз да талас-тартыс жай аз ба еді?
Өресі сол иттердің таяз ба еді?..
Мерт еткен менің әкем Барақ ханды, –
Онда да сол ұлыстың Аязбегі?!.
Тағы да басымыздан ұшқан бөрік,
Жаулықты бастады өзі дұшпан болып;
Итаршы болып жүрген Аязбектер, –
Ұшпаққа жетпес ондай мыстанға еріп...
Керей хан:
Ешкімнен сұрамаймыз енді пұрсат,
Жеріне тұрысатын келсін нұсқап;
Болмаса, айыптарын шын мойындап,
Қолыма жендеттерін берсін ұстап!..
Қақ жарған қара қылды сырласа кеп,
Би еді Ақжол аға тұлғасы ерек!
Білеміз енді өзіміз не істесек те, –
Бөлініп ел болуға бұл да себеп!..
Жиренше би:
Ақжол би ұйытушы ед сөзіне елді!..
Асаным, орнын басар өзің енді;
Төбе би өзі айтқандай, дауды өршітпей, –
Тізгінді тартуға сәл кезі келді!..
Бірлікпен елдің бағы өрлейді тек,
Аталар айтып кеткен өлмейді кеп:
«Бауырмал арғын-қыпшақ бүлдірсе істі,
Қайтсе де екіншісі жөндейді!» – деп...
Асан баба:
Тездетіп орнатайық жаңа орданы,
Сол еді Ақжолдың да бар арманы!..
 Жан-жақтан жақын-жегжат бауыр басса, –
Бір жерге тоғытқандай сан арнаны.
Қақ жарып қара қылды, болған ізгі,
Ақжол би қолдайды ғой ол да бізді!
Ел қамы, ұрпақтардың ертеңі үшін, –
Тездетіп орнатайық Ордамызды!..
Жиренше би:
«Орманбет хан өлгенде,
Он сан ноғай бүлгенде»...
Ойға салып көргенде,
Мынау іс одан бір кем бе?!.
Қардың басын қар алса,
Ханның басын хан алар!..
Халық торға қамалса, –
Қайрат қылар қара нар!..
Бір боздаққа лап берген, –
Емес тегі құн сұрау;
Тағдырыңа тап келген,
Тарих сыны, бұл сынау!..
Жинау елдің арысын,
Көтермей-ақ босқа шу;
Болашақтың қамы үшін,
Қайта ұйысып, бас қосу!..
Бастау алған бұлақтар, –
Шу мен Нұра, Сарысу;
Жырақ кеткен жұраттар, –
Бауыр болып табысу!..
Анау жатқан Шу, Талас,
Көк түріктің даласы;
Қалады одан кім қалас,
Шақырса Отан – анасы?!.





Пікір жазу