19.03.2022
  352


Автор: Тортай Сәдуақас

ДИҚАН ДИДАРЫ

 Көкшетау облысы, Бурабай ауданы, «Ұрымқай»
кеңшарының атақты диқаны, КСРО Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты Баянбек Нұрышевқа арнаймын.
Автор.
Бірінші тарау. АЛТЫН ТУРАЛЫ АҢЫЗ
1. Туған жер келбеті. Аталар дәстүрі.
Сыйлаған сал, серілер ән төресін,
Сүйемін туған жердің әр төбесін:
Көңіліндей елімнің көсіледі ол,
Өсіреді ерімнің мәртебесін.
Ата мекен аяулым, дарқан анам,
Арманын ата-баба арқалаған.
Асыр сап алабыңда, ассам да өрге,
Аңсарым алабөтен тарқамаған.
Көктемде Көкше – кербез, көгі арайлы,
Көп белес көз алдымда көкорайлы;
Көсілген кең танапта бітік егін,
Көп көрдім диқан деген Толағайды.
Шаттанып ырыс тұнған мекеніңде,
Толқисың тәтті қиял жетегінде;
Алдыңнан Ақтөбе де шығар көлбеп,
Ен шалқып егінжайы етегінде.
* * *
Ақтөбе осы өңірдің төрі ме еді?!
Ну орман, тұнған егіс төңірегі.
Қарсыда қалың егіс қапталынан, –
Қарасы үш адамның көрінеді.
Құшағын айқара ашқан дала қандай,
Шуақтан бойға шабыт тарағандай.
 Бірі – қарт, бірі – жігіт, бірі – балғын:
Ғұмырын жерге етене балағандай.
Жан сырын перзентінің анасы ұғар, –
Бәрінің қарт әжесі дала шығар.
Ұқыптап ұрпақ сырын ұғысқандай,
Әкесі, қарт атасы, баласы бар.
Өткеріп тайғақ кешу, ауыр жылын,
Арқалап келе жатқан дәуір жүгін;
Өткен шақ, Бүгінгі күн, Болашақ таң, –
Толғайды қаһарман бұл қауым жырын.
Жаны ада жарамсақтық, жасық ардан,
Ерлікпен ел мерейін асыра алған;
Жасампаздық рухымен табысқандай, –
Өшпес даңқ, ұлы жеңіс, асыл арман.
Жеріне – құт, еліне ырыс тілеп,
Қырманда қызыл үйген, күміс күреп:
Серттесіп, сенім артып жүздескендей, –
Парасат, жастық жалын, құрыш білек!
Сындарда жауын жеңген жамбасқа ұрып,
Тыңда арда – орақ орған, дән бастырып;
Салалап ақ сақалын сұңғыла қарт,
Келеді әңгімесін жалғастырып:
«Туғанынан түйенің өркешінде,
Көш түзеген кең байтақ өлкесінде;
Төрт түлік пен
дән еккен диқан баба,
Біздің ел емген халық жер төсін де!..»
Бірінші шегініс. Жүніс қарттың баласы Қожабек пен
немересі Баянға алтын туралы аңыз айтуы.
«Ежелден ел қонған бұл Ақтөбеге,
Ұрпаққа тарихы оның нақты өнеге:
Тағдырдың талай сынын бастан кешіп,
Айналған бүгін енді бақ төбеге.
 Бұл мекен – Мапырашты, Шұбарағаш,
Ел қонған Абылайлап, ұраны – Алаш:
Жол бастап Жанғал батыр... Атығаймен, –
Тоқтауыл, Қырғыз, Керейт жүр аралас...
Тоқтауыл – «Жанту, Торы» ұрандары,
Қырдағы Қаракесек ұландары;
Келіпті «Қарақойын - Қашырлыдан», –
Болған соң Атығаймен құдандалы!..
Өтеді ел тарихы сырғып алдан:
Көш тартып келген қауым Сыр-Қуаңнан...
Бабамыз Құнанбайдан қалған сыр бұл, –
Елінің мерейіне шын қуанған!
Жақсының мерейі үстем досы барда,
Ел мен ел бауыр басқан, қосып арна:
Ертеде қадірлі бір қария өткен,
Ғұмыры аңыз болып осы маңда...
Қарт екен қасиетті хан - қараға,
Сыпайы сұмдық сырын аңғара ма?
Мансап іздеп, дәулетке мастанбаған,
Масақ теріп маңыпты маң далада.
Кетті екен кең пейілдің күйі неден,
Жұртта қалып қараша үйіменен:
Соңғы рет үш ұлымен қоштасыпты,
Өтерде Диқан баба дүниеден.»
Диқан баба аңызы:
«– Ғұмырың көпке арналған қандай керім,
Маржан боп жерге тамды маңдай терім.
Туған жер топырағын торғын еттім,
Жер екеш жер де нағыз таңдайды ерін.
Кемтарға беріп келдім қол ұшымды,
Төре де, төлеңгіт те төр ұсынды.
Сұйылып ақ селеудей сақал-шашым,
Азды-көп өтеп келдім борышымды.
 Қарымда қауқар да жоқ бұрынғыдай,
Боз басым бозқырауға ұрындың-ай!
Кеусендей менде қандай салмақ қалды, –
Сырт берді сырымды ұрлап сығыр құдай!
Әкесін өтер дейсің кім арқалап?!
Беу, ертең бетпақ дүние қылар талақ;
Жерді бақ – жұтқа бермес, жұртқа қумас,
Жатқанда жалпағынан мына Арқа алап!
Жетеді мұратына талпына алған,
Көненің сара жолдай салты қалған:
«Алтын – тас, арпа-бидай – ас» емес пе,
Артық па ат – арманнан, алтын – ардан?!
Атаңның атан жыққан күйі міне:
Қайта енді қосылмаспын үйіріме;
Көз алдым қызыл өрттей қызыл қырман,
Түйір дән дүниенің түйіні ме?!
Жерге сіңем – неше жыл тершіп едік,
Қызыл бидай қырға өссе келші көріп.
Келмеске кетіп барам, дәулет те жоқ, –
Сендерді ен жарылқар енші бөліп.
Сәт келді сабыр табар салқын көрден,
Жайымды жақсы-жаман халқым көрген.
Не дейін, тарыққанда ұрпақтарым,
Алар деп ат басындай алтын көмгем!..
Шынымен тұғырымнан кетемін бе,
Құтты ұя құрсам деп ем мекенімде.
Япырай, қай тұста еді, есімде жоқ,
Әйтеуір сол төбенің етегінде!..
Бөлінбей түртіне бер бөктеріңді,
Төгерсің қажырыңды, көп теріңді;
Күшіңді, намысыңды, төзіміңді,
Ерте тек сайлай бергін кетпеніңді!
Бақ-дәулет қарекетсіз қайда адамға:
Ынсап қыл ынтымақпен пайдалан да!
 Таба алсаң, ақ – ішерге, ақша – пұлға,
Ат болар, атан болар – айдағанға!..»
Жетсін деп терең ойдың ұшығына,
Айтқан қарт өсиетін үш ұлына.
Алтынды табар екен қайссы бұрын,
Өрі ме, өжеті ме, пысығы ма?!
...Қарт қайтқан, қалды артында үш ұланы, –
Қараша үй қасіретке ұшырады.
Кешікпей кетпен алып кетті аттанып,
Үлкен ұл ішіндегі пысығаны.
Мұның да қызығы көп бастан кешкен, –
Алтынды ат басындай тастар ма естен!
Тобықтан қызыл суды кешіп жүріп,
Төбені үңгіді етіп астан-кестен.
Қыла алмай қатты тоңға, қатқаққа айла,
Біресе батып жүрді батпақ, лайға.
Тасыр күш тарс-тұрс ұрып, тасты опырып,
Обыр көз ол тінтеді – таппақ қайда?!
Алтынды еншілеп ап «қияндағы»,
Іштарлық ешкімге оны қия алмады.
Туғызған дүлей құлқын мастық, мансап,
Санасын тұмандантып, қиялдады.
Қазады қайта-қайта, тұлданады...
Тапқаны қиыршық тас құр манағы.
Шашады бұқа болып топырақты,
Ит болып, есі шыға тырмалады...
Қызыл жоқ қырып алар пақырыңда,
Танабың талқан болған, тақырың да.
Алтынның буы басып буындарын,
Айырды ақыл-естен ақырында...
Ағаның екінші ұл да салтын бағып,
Кетті ол да ақ найзасы жарқыл қағып.
Жақсылық жасамақшы жұртқа бөліп,
Жоғалып жонда жатқан алтынды алып.
 Қуалап құрыды әлі құба түзді,
Қопарып бір атыздан бір атызды;
Қара күш қаратпады алды-артына,
Болғанмен мақсаты зор, мұраты ізгі.
Жас еді, жасын да оны жасқамаған,
Сертке нық, сөзін жерге тастамаған.
Бас салды ойда жоқта жас батырды,
Жат жерлік шапқыншылар баспалаған.
Зәредей зәре-құты ұшпады да,
Қаймықса – өшпес таңба түсті арына.
Сүйенді ер сүйменіне сүйікті елден, –
Сүйем жер бермесем деп дұшпанына.
Көзіне көрінбей бір таныс пенде,
Туған жер берді жалғыз намыс, дем де.
Жасаулы жаумен жалғыз жағаласты,
Арсызбен арпалысып арыс кеуде.
Өр еді, өжет еді, амал қанша,
Жан берді жалпақ жерін жау алғанша.
Жалғыз ер қос көрініп жау да ықты,
Қарай ма қаскөй дүние қараң қалса.
Қанжоса болды дала, көз байланды,
Боз дала боздағым деп боздай қалды.
Құлқынның құнын кесіп айбалтасы,
Тор сауыт тоғыз қабат тозбай қалды...
Тағдырдың тарпып өтіп тарпаң сыны,
Осылай опат болды ортаншы ұлы...
Кенже де кетпен алып, тырма жекті,
Қыстырып қонышына ат қамшыны.
Ағадай болмады тек алқын-жұлқын,
Сүюші ед ортаншыдай халқын, жұртын.
Жер жыртып, атыз тартып кетті, бәлкім,
Ілінер тырмасына алтын бір күн...
Тер төгер кәсіп осы-ау пайдаға асар, –
Қиынға қайратыңды қайра да сал!
 Малалап майдаласа топырақты,
Жарқырап жатқан алтын қайда қашар?!.»
* * *
– Айналған осылайша аты аңызға,
Бір жайсаң өткен екен атамызда.
Жер жайлы жеті атаға жеткен лақап,
Аз емес опамыз да, қапамыз да.
Ұрпаққа өнеге боп қалыпты аңыз,
Сол үшін борыштымыз халыққа біз.
Жемісін жерге беріп, жерден алған,
Перзенттік парызды одан парықтаңыз.
Көңілге бұл сабақты түйіп берік,
Бәрінен ел мұратын биік көріп,
Өткердім ғұмырымды – жарылқады, –
Жерім де асыл нәрін иіп беріп.
Алтын дән болып дәйім жан азығы,
Жасымнан жаттағаным дала жыры:
Жібіткен жер емшегі таңдайды да,
«Тақыр қоян» тарыққан ана жылы.
Дала деп байлыққа кім қызықпады,
Болмаса бұра тартқан бұзықтары;
Егінді еккенде де тәлім берді,
Орыстың көрші қонған мұжықтары.
Ғұмырдың соқпағы-ай сол толы сынға,
Есейе еселенді борышым да:
Танаптың көрдім зорын, сорым қайнап,
Сонау жыл «орыс - керман» соғысында...
Қара жер қайран ерлер қаны тамған,
Құтайтып қанша адамның қары талған.
Азаппен азаттыққа қол жеткізіп,
Атандық енді біз де кәрі тарлан.
Колхозда Жәкен, Айып.., Құрман – бастық,
Қыр сайын қызыл үйіп, қырман бастық.
 Есер де ел ішінде аз болмады,
Етектен іліп-тартып қылған қастық.
Сын қысса жігеріңді құм етем деп,
Қыңбады ер туған жерді түлетем деп:
Есімде Әбдуәли, Тұрғынбай да, –
Тұратын орыс-қазақ «Тұрекең» деп.
Жатсақ та аттандырып жасақты елден,
Қайран ел қан-жоса боп қасап көрген.
Кешегі қырғын соғыс шығар ма естен,
Малтығып қатын-қалаш масақ терген.
Қу соғыс опа берді, кәні, кімге,
Жаралы шығар жаны бәрінің де?!
От кешкен опындырып, бауырлардан,
Үзгем жоқ үмітімді әлі күнге.
Аңсатқан қайдан табам аяулымды,
Қақсатқан қайда тығам қаяу-мұңды?!
Бәріне куә соның бұл Ақтөбе,
Қатар да қалды сиреп, таяу құрбы...
Өзіңе бәрі де аян, жарқындарым,
Тың екен Тың көтере талпынғаның.
Бүгінгі ұрпақтардың бақыты үшін,
Арқаның ақтарыңдар алтын дәнін!
Жұрт болып естімеген жұтты мүлде,
Жеткізем дейсіңдер ғой құтты күнге.
Түгі мол төрт түліктің өрісі еді, –
Алмаңдар өгейсітіп түп-түбінде!..
Еліне тілеп солай ырыс, бақты,
Ұрпақтың ойын қарт та дұрыс тапты.
Зәузаты бір қауым ел, өмірі – аңыз,
Дүйім ел құрметтеген Жүніс қартты!
Айтқан сыр ата қыран түлегіне,
Ұялап жас Баянның жүрегіне,
Сіңіріп санасына, ұқтырғандай
Парызы мен қарызын ұлы еліне!..
 2. Қожабек отағасы. Баян мен оның досы Виктор
туралы.
Қожабек – қара торы, қалың қабақ,
Таппайды еңбек десе дамыл, тағат.
Көкірегі жазған хат, көп тоқыған,
Кетеді жұмыс десе жалындап-ақ.
Біртоға, мінезі ауыр, сөзге сараң,
Шойыннан құйғандай бір өзгеше адам.
Шалдықпас шаруасынан ауыл үйдің,
Бәрін де деп білгендей өз босағам.
Тоқтығын толғап елдің «Тоқтауылда»,
Намысын жанып өскен от, дауылға:
Жүнісовтер әулеті неше түтін, –
Сыйлы да, сыпайы да ол көп бауырға.
Тағдырға өкпелі ме, разы ма:
Өмірі өнеге елдің біразына;
Тұйық боп көрінгенмен тұрғыласқа,
Шешілер шешен тілі қыза-қыза.
Сыртынан сыпайыны даттамаған,
Зайыбы – Қамар шаруа баққан адам:
Айдын көл абысынға ақ көңілі,
Біреудің ала жібін аттамаған.
Бұл күннің қасиетін ол да білер,
Түнімен ұйқы көрмей болды әбігер.
Бұларды ақ тілекпен шығарып сап,
Таба нан қарып берген жолға бірер.
Шваабтың Викторы да бар қасында,
Еншілес, ен-таңба жоқ «мал басында»:
Қожекең бұларға отау бөліп берген,
«Неміс» деп ойлағанмен алғашында.
Механик – Швааб деген іске шебер,
Бойындағы талап пен күшке сенер.
Ағайын боп ат басын іркер ме еді, –
Қожабек бұларға ара түспесе егер...
 Жорғасын жылқышы аға таңға байлап,
Еңбегі құтпанының жанған аймақ:
Қоздаған қотанында қоңыр тірлік,
Оянған ауыл таңы қандай әйбат!
Қызарып қызулы күн қырға батып,
Көгілдір көктем таңы жылдам атып;
Түтіні туған үйдің түзу шығып, –
Тұрғаны тіршілікте бұл да бақыт!
Қасында Қожабектің қос балапан,
Келеді нық адымдап қосқа таман:
Құлшынса құрыш білек – осы қолдар:
Жұдырық болған жауға, досқа – алақан!
Алаулап жас қиялдың шамшырағы,
Баянның таусылған ба сан сұрағы:
Келеді назын айтып көкейдегі,
Көкесін жауапқа алып әлсін-әлі:
– Киноға бардық кеше Жеңістермен,
Жастар да лагерьдегі тегіс келген;
Партизандар туралы, қандай қызық,
Сен солай соғыстың ба немістермен?!
Майданның көп азабын көргем дедің,
Қолыңнан санадың ба өлгендерін;
Командир болдыңыз ба, асқан батыр,
Көке, осы қайда сенің ордендерің?!
Шайқасып Курскінің дәл түбінде,
Дейсіз ғой тілін білдім танкінің де;
Жіберсе осы жерге соқа жегіп,
Жапырып тастар ма еді жарты күнде?!
– Тағдырдың тарттық қой біз сынақтарын,
Басыңа бермесін тек, шырақтарым.
Қайтесің қарғыс атқан сол соғысты,
Арайлап ата берсін шуақ таңың!
«Жаманнан жақсы туар жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туар оңбас деген»,
 Кінарат түсірме тек көңіліне,
Жүрген соң жаның сүйген жолдаспенен.
Тажал боп танылмасын неміс түге,
Сан ұлттың ұлы әперген жеңісті де:
Күл шашса Гитлер – өрт күллі адамға,
Гете – жыр жұпар сепкен жер үстіне.
Айырған аяулыңнан, қызығыңнан,
Қатерге қысқа күнде жүз ұрынған;
Соғыстың сойқандары-ай, зәру қылған
Бір тұқыл темекі мен бір үзім нан!
Соғыс, соғыс... сор болған қасіретпен,
Талайдың бақыт үшін басы кеткен.
Аңырап арысынан ана қалған,
Қақ болып омырауға жасы кепкен.
Қарамас жортақсың ба, жорғасың ба,
Қор болып қаңғып келген қорғасынға:
Кеудеңді оққа төсеп сен жүресің,–
Сен үшін жанпида боп жолдасың да.
Достық қой күш беретін адамға нық,
Сеніммен жүрдік талай қамалды алып.
Қайда екен қайран достар қанды көйлек,
Жүр ме екен алапаттан аман қалып?!.
Екінші шегініс. Қожабек отағасының майданды еске
алуы.
«...Танкке айырбастап тракторды,
Солдат боп көкең солай бір-ақ тынды.
Не жеңу, не мерт болу Отан үшін, –
Көкейде жалғыз ғана сұрақ тұрды.
Бес адам экипажда – қол есебі,
Әйтеуір алдық жаудан мол есені:
Сондағы командирім Борис деген, –
Жігіттің Тимошенко төресі еді.
 Тұлпарым – «Т-34» басы қатты,
Жауызға жалын құсып, жасын атты.
Атқышым Иван деген, радист – Саша,
Оқтаушым қырғыз еді Қасым атты.
Өткердік сан ұрысты ауыр бастан,
Жеңіліп, сағы сынып жауым қашқан.
Ажалмен жекпе-жек кеп талай рет,
Бориспен екі жылдай бауыр басқам.
Жон етін жұлып берер жолдасына,
Қыңқ етпес жігіт еді-ау ол да, сірә;
Мойымас, ер көңілді жас лейтенант,
Ұқсайтын көпті көрген қолбасыға.
Танытып зор тұлғасы өр айбатын,
Кең толғап көңіліңді тоғайтатын.
Суретке қойнындағы жиі қарап,
Жары мен жалғыз қызын көп айтатын.
Өзі де агроном, жұбайы да, –
Шыр біткен егіс көрсе шырайына:
Алтын дән сапырамыз соғыстан соң,
«Коля» деп айтушы еді ұдайына.
...Айтамыз баршаға ортақ сыр ұшқынын,
Білсін деп қорғағанын ұлысты кім?
Сұмдығы қырғын соғыс естен кетпес,
Созылған иінінде Курскінің!..
Өрт шарпып, кең даланы отқа ораған,
Арпалыс алды-артыңнан оқ бораған;
Жаныштап өтеміз деп жау жасағын,
Екпінмен оздық алға тоқтамаған.
Жәдігөй жауды інінде тұншықтырып,
Қуалап тым-тырақай тұмсыққа ұрып;
Жүргенде жүргізуші мен бе айыпты, –
Тап болдық бір сұмдыққа қырсық қылып.
Гүрс етті... арандап бір отты лаңға,
Көміліп кете бардық көк тұманға:
 «Япырай, қапияда торға түсіп,
Төрт бірдей жолдасымды жоқ қылам ба!?»
Кіргенде тас-талқан қып «тас қамалға»,
Жау бетін кейін серпе бастағанда;
Ажалдың аузына кеп арандадық,
Қалмады секіруден басқа амал да...
Танкі де жанып жатыр жалын ұшып,
Секіру қамындамыз жан ұшырып;
Ағытып үлгердім-ау автоматты,
Қолымның рычаг қысқан жаны шығып.
Безгегі ұстап, тимеген тісі-тісіне,
Зіркілдеп зеңбіректер үсті-үстіне;
Қарғыған оң қапталға үш адамның
Гүрс етіп бір жарықшақ түсті үстіне.
Бұрқ етіп топырақты аспанға атты, –
Заматта жайрап түскен достар жаты;
Тіл тартпай Қасым, Иван құрбан болған, –
Тағдыр-ай тасырлығың тастан қатты!
Ыңырсып Борис жатыр, ауыр демі,..
Бұл кезде қайта өршіген жау ілгері;
Борисім – Саша арқалап жөнелерде,
Абай бол... Коля, Коля... бауыр деді.
Көргендей бізді қолдан саяқ қалған,
Жау алды оқ бойындай таяп қалған;
Кеудеме қыса түстім автоматты,
Сәт шығар есіл ғұмыр аяқталған.
Тиеді тасырлықтан тасқа маңдай,
Әйтпесе мұраты бар басқа қандай:
Ағыттым автоматты нысанаға ап,
Төбесіне жаудың жай тастағандай.
Топанға лақтырғанда өмір мені,
Көмілген сыр еді ғой көңілдегі;
Сондағы жаны бірге жолдастар ғой,
Төр үйдің тұрған анау төріндегі...
 Бой жасырам, төпелеп ұрамын да,
Кенет, кенет... сүрініп құладым ба;
Білемін солқ еткенін иығымның,
Шың еткен шуыл қалып құлағымда...
Ел үшін есер жаумен мен де егестім,
Серт бұзбай сең де бұздым, сел де кештім;
Еңбегім қарапайым қапа қылмас,
Алғысынан адамның кенде емеспін.
Тағдырдың тартсақ та сол қайғы, азабын,
Бұл күнде бақытты елім, бай заманым.
Міндетсу мінезде жоқ тау қопарса,
Даурығып даңқ іздеген қай қазағың.
Білімдар бұл сөзімді бекер демес,
Алда ғой біз талпынып жетер белес.
Ат басын ірікпеген ақтық жолдан,
Ат іздеп, атақ қуған Көкең де емес!
Айтқан бұл парыз шығар марқұм атаң,
Рухы бар жасампаздық жалпыға тән:
Барақат тауып енді барлық адам,
Жайнайды күннен-күнге жарқын Отан!»
3. Ауылдағы тың жерді игеру. Баянның Бағдатты еске
алуы. Шет елдік тілші.
Бұлар да осы кезде қосқа келді,
Тұр күтіп бір қызықты достар енді;
Шапағатты шағынан көктеменің, –
Көресің кереметті тосқан елді.
Даланың таңы мынау тыншу атқан,
Тарайды мол шарапат күншуақтан.
Жылғалар жамырасқан – жер тамыры,
Бойында бұлқыныс бар құлшына аққан.
Шақырған шадыман шақ, ырыс күнге,
(Осы еді-ау арманы қарт Жүністің де)
Жеңіске бастағандай ал қызыл ту, –
Желбіреп Ақтөбенің тұр үстінде!
 Жаңғырып мотор даусы жыраққа алыс,
Ағылды Ақтөбеге шұбап таныс...
Директор Тұяқбаев белгі берген,
Тыңға енді басталды деп ұлы аттаныс!
Қара жер – қанша батыр тапқан ұлды,
Көл-көсір құтың да енді ақтарылды:
Тартуға тыңның жаңа бораздасын,
Қожабек тәуекел деп атқа мінді.
Түрленіп туған жердің көк кілемі,
Түлеткен туған елдің көп түлегі;
Ту жатқан тың далаға түсіп жатты, –
Дәуірдің дәуірлеген көп түрені.
Етегі Ақтөбенің дала жатқан,
Құйылды ел мына жақтан, ана жақтан:
Қожабек келеді алда, Баян, Виктор, –
Қасында қызық көре бара жатқан.
Түрленіп түлегендей қыран дала,
Көзді арбап көсіледі мұнарлана.
Алапқа ақ селеулі алдындағы
Қарайды жас Баян да құмарлана.
Көп жылды көріскендей араға сап,
Жер жарықтық ақпейіл анаға ұсап:
Ағытып омырауын перзентіне,
Жайғандай еміреніп дала құшақ.
Құт орнап жеңістен соң өңіріне,
Сол кездің желпінеді төлі, міне:
Келеді қара толқын қаптай өріп,
Қуаныш ұялатып көңіліне.
Қарайды қара мақпал қырға мына,
Атаның абзал ісі ұлға мұра:
Толқиды, толғанады, қиялдайды,
Тербеліп ұлы еңбектің ырғағына.
Тұлпарға жер тарпыған мінді бүгін,
Бәйгеден кім тежейді қырдың ұлын:
 Жалына жабысты ұлан, дүниені
Дүбірі дүр сілкінтіп дүлдүлінің!
Талайғы тарқатқандай нала-мұңын,
Ерекше түрге енген ғой дала бүгін:
Барады жылы ұшырап мына бейне,
Өріліп жатқан бейне қара бұрым.
Қарайды қайта-қайта көзі қанбай,
Қара атыз ғұмыры боп созылардай.
Ұқсатқан Бағдатының бұрымына,
Қасында сол ерке қыз өзі бардай.
Албырт ойын қиялдың күші жеңген,
Шарқ ұрып сол қиялдың құсына ерген;
Тапты, тапты іздеген інжуін де, –
Тәтті-тәтті армандай түсіне енген:
Жас Баянның қиялы:
...Көк өскен көктемеде күлтеленіп,
Дегендей Ақтөбеден гүл терелік;
Келеді бір топ бала серуен құрып,
Жалт етіп жанабынан үркек елік.
Жалпақ жон жазғытұрым жасыл қандай,
Айнала қызғалдақтар шашылғандай.
Алдында бір қызыл гүл тұр алаулап,
Көргеннің көзіне оттай басылғандай.
Ұмсынды ғажап қалып «қасқа» гүлге,
Сыйламақ Бағдатынан басқа кімге?!
Тамырын аршып еді, астындағы
Жатқандай жарқыл қағып тас та бірге.
О, ғажап! Табады екен талпынған ұл,
Таң қалды тасты аршыған қалпында бұл:
«Бағдат, сен білесің бе, таптық нені?
Алақай, атам айтқан алтын да бұл!..»
Селк етсе... жоқ Бағдат та, алтын-дағы,
Трактор таспа тілген қалпында әлі;
 Қары екен көкесінің қапсырғаны,
Қара айдын қалып жатыр артындағы.
«Шіркін-ай, баламысың... жатпадың ба,
Не қызық мұндай қауырт шақта мұнда?!»
Дегенше төтелете шапқан бері, –
Көрінді бір салт атты қапталында.
– Ел аман, жұрт тынышта шапқыны не,
Жетеді-ау қызылмай қып ат түбіне.
– Бұл Мұқан бригадирдің құласы ғой...
Танапқа таяп қалды атты, міне.
Келеді ол ер-тұрманы жарқыл қағып...
Әке отыр суыт жүріс артын бағып;
Түтіккен түрі жаман бұл әбігер, –
Жөнелер келе сала алқымға алып.
Көп оның қызығы да, шыжығы да,
Төренің құлдық ұрған құзырына:
Жарамсақ белсендінің біреуі еді,
Ойнатқан «әңгір таяқ» ұжымына.
Тілімен рза қылып әр қауымды,
Сол пысық, сол біледі мал табуды:
Көп тоқтап көк пәуеске үйіне оның,
Қалады қара «ЗИМ» де қаңтарулы...
– Аупартком... келмекші ертең... шет елден де...
Дайындал, жер алыс па, жетер демде;
Сұраса жағдайыңды, білесің ғой...
Жүрмейін сөзге ілігіп бекер мен де.
Өзіңнен бір ауылдың білер халін,
Бүтіндеп бітірем бе бұл ел қамын;
Анада алған ұнды қонаққа деп,
Қойып ек біздің үйге бірер қабын...
Тезірек іске кіріс, қосыңа жүр,
Жабдық бар, қазан дайын, мосы да әзір.
Оралғы болар мына боқмұрындар,
Ал ұнды жеткіземіз осы қазір.
 Астында арқар таң ат шатқаяқтап,
Сөзін ол апыл-құпыл жатты аяқтап...
Деп қалды Қожекең де, тізгін тартып:
«Қасқаның қай қылығы-ай қатты аяп қап!»
Тың жайлы хабар-ошар береміз деп,
Шетелден тілші келсе дерек іздеп;
Аупартком Әділбеков өзі айтыпты:
«Жүнісов ауылына келеміз!» – деп.
Соңында боразданың ізі қалып,
Сергиді қос ұлан да жүзі жанып:
Түйгендей содан бір ой санасына,
Анасы берген наннан үзіп алып.
Пейілі, парасаты, пәктігімен,
Беу, ана ұланына бақ тілеген;
Тандыр ма, табы бар-ау ыстық жүрек, –
Таба нан, дәмің мұнша тәтті неден?!.
Үшінші шегініс. Шет елдік тілшімен сұхбат
Тойлаған жасыл жайлау көктемені,
Тоқтауыл – Ақтөбенің бөктері еді.
Сыңғырлап бұлақ ағып, сән түзеген, –
Ақ қайың, сал қарағай, көк терегі.
Кең шұбар қойнау іші, салқын сабат,
Хош иіс жұпарымен аңқыды абат.
Кешегі Жүніс қарттың көзіндей боп,
Ақ үй тұр аңғарында алты қанат.
Мерейі үстем боп бір түлегінің,
Сәті ме қабыл болған тілегінің:
«Ынталы» колхозы деп аталатын,
Тоқтауыл той қамында, міне бүгін!..
Күн еңкейе қаптаған қырат-қырдан
Сейіліп гүріл мен шу құлақ тұнған;
Дамылдап дел-сал болып дала жатты,
Жонында жортқан қанша трактордан.
 Халқының қан мен тері қатпарлана,
Тусырап түу заманнан жатқан дала, –
Гүжбан күш, ен қимылдан есі шығып,
Теңіздей толқын атқан мақпал қара.
Шерткен сыр шарлап сансыз шатырларын,
Тыңдайды Тыңның тұңғыш батырларын...
Кешікпей қонақтар да келіп жетті,
Аупартком таныстырып жатыр бәрін.
Шет елдік тілші де еркін қадам басты,
Ол-дағы арқа-жарқа амандасты:
Қағылез, ашаң жүзді, сыптығырдай,
Көзәйнек киген қара, жалаң басты.
Осы екен сыйлы қонақ ішіндегі,
Момақан, ашық жарқын пішіндегі.
Британия жерінен келген мейман, –
Кім білсін кісі аласын ішіндегі?!
«Толғантқан жан-жүрегін дәуір қамы,
Қожабек – диқан осы ауылдағы», –
деп жатыр Тұяқбаев ол да қостап, –
«Еңбекқор ...Ахмет, Қаби – бауырлары!»
– Сақтаған ата-баба салтын ізгі,
Аз емес ерлеріміз жалпы біздің;
Тұтас бір ауыл болған, әулеті осы –
Жолда айтқан Жүніс деген қартымыздың.
Елпілдеп жас мырза да құлдық ұрып,
Қожекең қолын қысып тұрды күліп;
Разы боп «окей» дейді қайта-қайта,
Жымиды Баянға да бір бұрылып.
Жатсынбай жатыр баурап, үйірсектеп,
Баяғы Уэллстің11 күйін шекпек:
Шаруамен жергілікті сұхбат құру, –
Келгенде мақсаты екен қиыр шеттеп.
11В. Ленинмен кездесіп, оны «Кремль қиялшылы» деп атаған ағылшын
жазушысы.
 Таң болып елге – алған ұлы істі ойға,
Тілектес боп ертеңгі ырыс-тойға;
Жылы-жылы сөйлеген көңіл - жымнан
Жылт беріп қалып жатыр жымысқы ой да!..
Шет елдік тілші:
– Өткердік өлкеңізде бұл аптаны,
Таң қалған жайларым көп бірақ-тағы:
Тың деген тым тосын іс сенбейтіндей, –
Көрген көз, еститұғын құлақ-тағы.
Байқадым басшы, маман, басқасын да,
Қиял ма, қисынсыз ба – рас па, шын ба?
Жерменен тамыры бір, тағдыры ортақ, –
Жүрген сіз айтыңызшы бас-қасында.
Жұмысқа жұмылса да жұртың бекем,
Ырқыңа көнер ме екен бұл тың мекен:
Сібірдің соққан боран, үскірігі, –
Тың түгіл, тірлік кешу мүмкін бе екен?
Сұм соғыс дерт болмады қандай жанға,
Татпаған қасірет уын таңдай бар ма?
Қалған ел қатты күйреп қан майданда,
Жасамақ ғаламатты қандай ғана?!
Жат қылып салт-дәстүрін жас қазағың,
Саясат салар талай басқа азабын:
Талғамай жұтқан тас қой – Тың дегенің,
Түйнейді ол Россияның асқазанын?!
Қампитып құр қабын да, қамбасын да,
Өрге айдап астық артқан арбасын да;
Шаруасы шайқатылар шалыс басып,
Россия тұрған жоқ па жар басында?!.
Қожабек:
– Рас, сэр, тауып айттың, қиын бізге,
Қиямет – қырман айдау қиыр түзде.
Біздің ел қатал сынға көндіккен ел, –
Құлшынтқан сол арманға түйінді ізде!
 Рас, сэр, бой көтердік құлап-тұрып,
Жұбаныш бірақ бізге шуақты үміт:
Өшпейтін өсиетін күн көсемнің, –
Өрлейміз дәйім алға мұрат қылып!
Рас, сэр, көтерді сол ел еңсесін,
Бейтаныс тар ойламай, кең өлшесін.
Рас, сэр, халық рухын білмегенге, –
Тың, тосын – тыңға аттану деген шешім!
Рас, сэр, есер соғыс есімді алған,
Бір үйден бізде де бар бес ұлды алған, –
Жетімді кім уатар, есіл жалған,
Ананы кім жұбатар жесір қалған?!
Рас, сэр, техника, күш керегі,
Біреуге қиял боп бұл түске енеді.
Қайнары қайратымның ұлы достық, –
Күн санап толысады, үстеледі.
Түрленіп туған Отан әлденеді,
Шат күліп шығыстан бір таң келеді.
Ертеңге құлшына аттап, құлаш ұрған, –
Айбынды елге алдымен нан керегі!
Досты азалап, дұшпанды жамсатқанмен,
Қайтсақ та арып-ашып алшақ белден;
Елді ғана емес-ау, еміреніп
Еңбекті де ет-жүрек аңсап келген!
Бұл да бір күшті аянбай салған ісім,
Мерт болған жанның ойлап ар-намысын;
Солардың көрмей кеткен қызығы үшін,
Солардың аңсап өткен арманы үшін!
Қиыннан жастық шақта жасыған ба ар:
Қаншама талап, күші тасығандар, –
Ерлікке, ер рухына тәнті болып,
Аттанған алғы шепке жас ұландар!
Шет елдік тілші:
– Тынымсыз тырбансаң да ерте, кешке,
Бұл – арман және де әлі ерте емес пе?
 Бұл тыңның алды-артында не болады,
Алмайтын да шығар-ау ел, тегі, еске.
Бұл оймен адамдар бар келіспеген,
Бұйрығын Орталықтың теріс деген:
Жұмабай Шаяхметов шын қайраткер, –
Бас хатшы Хрущевке беріспеген!..
Тәшенов оның ойын жалғастырған!..
Зорлық пен қулық мұны заңдастырған:
Көбейіп келімсектер, елің азып,
Малыңа жайылым да қалмас Тыңнан?..
Қазбаған қазба қалмай өңіріңде:
Алынар алтын, темір, көмірің де;
Қопарып қорсылдақтар қорығыңды,
Өксікке тола берер өмірің де.
Таусылар таси-таси тасың-дағы,
Мұнай, мыс, уранды алар – ғасыр наны.
Соғыста келіп қалған өндірістей, –
Оны да отырмысыз жасырғалы.
Тың дейсіз, мойындарсыз түбі бізге:
Жүз ұлттың жұрты болмақ – күніңіз не?
Жүз тілдің жылымында жым-жылас боп,
Құрдымға кетті дей бер тіліңіз де!..
Жас Баян тыңда түлеп, шыңға асады,
Құшағын өсе келе кімге ашады?
Аузына алар ма екен Абай жырын,
Қай тілде Әуезовпен сырласады?!
Қожабек:
– Құрметтім, лағып кеттің айдаланы,
Батыстың бұл дағдылы байбаламы.
От қойғыш, өрт жібергіш жалақордың, –
Өсексіз, өтіріксіз қайда лаңы?!
Сізде де, сезем, соның салқыны бар,
Сыр тартсаң санаңа түй, жарқыным, ал,
Ақпейіл аласы жоқ адамзатты, –
Ертең-ақ ерлік жыры тәнті қылар.
 Сөкпеңіз шүйілді деп мұнша маған,
Кінәлі көзәйнек пе, тұмшалаған?
Бүркеген ақиқатты қара перде, –
Айырмас ақ-қараны тұл санадан.
Жаңғырған санамыз да, салтымыз да,
Айнымас достыққа адал антымыз да.
«Ит үрер, керуен көшер» деп түйетін,
Құлаққағыс және бар халқымызда.
Семсерін сертке соққан сын сағатта,
Еліміз ынтымақпен жүр санатта:
«Қырық рулы ел қырық пышақ болмас үшін» –
Есінде болар елдің бұл сабақ та!
Келмеске кетіп түнек, нала түнім,
Елдікті жырға қосар әр ақыным.
Томаға-тұйық болу кімге пайда, –
Қапталда қала қоймас ана тілім.
Сағымыз асуларда шақ сынбаған,
Достыққа адал бол деп тапсырды анам!
Жақсы оймен жарқын күліп келген жанды,
Ешқашан жайсаң далам жатсынбаған.
Елжірер бауыр десе жаным ізгі,
Сол үшін төктік неше қанымызды.
Ертеңгі нұрлы күнге деген сенім,
Ұйытқан ынтымақпен бәрімізді!
Шалқытып шат-шадыман күйдің үнін,
Еселеп алуда елім сыйды бүгін.
Қазынам болса қанша – халқыма ортақ,
Көреміз көпшілік боп игілігін.
Қашанғы батсын елім нала-мұңға,
Ғаламат құштарлық бар талабымда.
Білгенге жыртып шығу деген сөз бұл, –
Тұтастай Британия аралын да!!!
Бұрқанған ұлы істердің арнасы бір,
Түлеуде түнек деген Тайга, Сібір!
 «Кремль қиялшылы» кемел пішкен, –
«ГОЭЛРО» жоспарының жалғасы бұл!..
Қарсы алар дарқан далам таңды күліп,
Шарқ ұрар дән мұхиты сан құбылып.
Табылып жайылым да төрт түлікке,
Тыңменен түлейді Отан жаңғырығып.
Өнеге өрнегіміз досқа нағыз,
Дұшпан ғой күйе жағып, қосқан аңыз.
Көзіңіз әлі-ақ жетер ұлы істерге,
Шындықты мойындамас жоқ шараңыз!
Шет елдік тілші:
– Өрісі төрт түліктің тапталады,
Шалқар көл тартылуға шақ қалады.
Желге ұшып жер құнары тозаң басса,
Үміті елдің қалай ақталады?
– Ал, Баян, деді айналып ақырында,
Ұқсайды тұр-тұлғаң да батыр ұлға;
Есейіп кім боласың, шабандоз ба,
Жүйткитін тұлпар ойнап тақымыңда?
Баян:
Ойнақтап қас тұлпары тақымымда,
Жарасар жолға шыққан батыр ұлға;
Ақық дән – алтын артқан керуен бастап,
Арманға жетем, бәлкім ақырында?!.
Екінші тарау. ТЫҢ ТӨСІНДЕ ТАБЫСҚАН
ТАҒДЫРЛАР
4. Жоспардан тыс жер жырту туралы Баян мен
бригадир Мұқанның шекісуі. Агроном Полинаның
оларға ара түсуі.
Баян:
– Жоқ, Мұқа, көне алмадым мұныңызға,
Құныққан құр ақпардың құлымыз ба?
Жайым жоқ жалған айтар... жоқты бар деп,
Айыптап алсаңыз да қырыңызға.
 Мапыраш, Төртқарағай, Қоңырағаш,
Жыртынды етер оны көңілі оғаш!
Арымды, өз бетімді жырту ғой ол,
Ағатай, ақылға көш, жөніңе бас.
Бабалар зираты бар жақын маңда,
Мұныңды былайғы жұрт мақұлдар ма?
Халықтық бақылаушы сапында боп, –
Жасауға жалған ақпар хақым бар ма?!
Кең дала азса, дұрыс дейік пе енді?
Кейіп ол кейуаналық кейіпке енді!
Жырттық та ата жұртты, жайылым жоқ,
Еттік қой жермен-жексен бейіттерді!?.
Бригадир Мұқан:
– Көбі елдің көрсеткіш деп жанталасад,
Артық па, біз де абырой арқаласақ:
Артық танап бұл да бір сауын сиыр, –
Мен оны әкетпеспін қалтама сап.
Батырым, ұзамассың бұл кеппенен,
Үлкенге болушы еді құрмет деген.
Өнімін осы жердің ортаға сап,
Шарықтап шықпас па еді міндеттемең!
Мұндайда шел қаптайды көздеріңе,
Ермеңші кей пысықтың сөздеріне.
Бұл – астық, артық наряд толтыратын,
Қып-қызыл пайда емес пе өздеріңе.
Баян:
– Онсыз да жер қалмады жайылымға,
Осы да елге деген қайырың ба?!
Көз бояп көрсеткішке жетем дейсіз,
Ақ-адал ниет те жоқ пайымыңда.
Тағы да тірелдік сол кепке келіп,
Серідей серпілесіз сертке берік, –
Тігерге тұяқ қалмай қыл құйрықтан,
Шетінен жібердіңдер етке беріп.
 Желсе – жел, ішсе – дәру, дос та сында,
Жылқысын қашанда атам қосты асылға.
Сізден ол сүт пен сұлы сұрап па еді, –
Сары қымыз сапырмас па ек қос басында!
Бригадир Мұқан:
– Мен айтсам, айтам елдің берекесін,
Кеп емес керауызға келеке үшін.
Жер жыртсақ жоспардан тыс – жұрттың қамы,
Ауданнан асып көр ал, ер екенсің!
Жалпақ ел жайланса деп жан саламын,
Жақсыға жанасқаным – жанса бағым.
Түзді ойлап, түйе тіздеу неңді алған, ей,
Жау шапқан барымтада қанша малың?!
Сен бала, серттен кетіп, сесті ұмыттың,
Кейпіңді қияс-қыңыр кеш біліппін.
Күні озған жылқының да жыры біткен,
Қалдығын қайтпек едің ескіліктің?
Сопиып соқа басың – сол уайым ба:
Айла-амал кетер сендей қонбай ұлға.
Жылқы деп былшылың не, машина анау,
Жеткен соң трактор мен комбайнға.
Баян:
– «Ұрымқай» шыққанда алға тіптен ерлеп,
Біздерде мәз болмады-ау күткен еңбек:
Ауыспалы егіске құлақ аспай,
Өнім де кеткен жоқ па күрт төмендеп?
Бригадир Мұқан:
– Бесіктен белің шықпай беттен алып,
Түсінбей тепсінесің текке налып:
Былтыр ол бұлт қысырап, бұрыс жауып,
Түсімнің тым құлдырап кеткені анық.
Күпінткен мұнша сені күші ненің!
Қиястық түбіңде бар, түсінемін.
 Шаптығып шаужайдан ап шабаландың,
Өзіміз асыраған «күшік» едің...
– Сол кезде дауыс шықты, – қойыңыздар!..
Мынаны естігеннің бойы мұздар:
Сіздерге не жетпейді, аға, Баян,
Ұят та елден – ертең тойымыз бар!..
Бұл келген агроном болатұғын,
Бұларға басу айтты ол ақырын;
Полина Борис қызы жас та болса,
Сезетін ойын Мұқан сорақының?..
Полина:
– Эх, Баян, ер көңілді Баян, Баян!
Намысқой өр мінезің маған да аян.
Алқынба, албыртсың ғой, анық бас тек,
Ту ұстап тура жолдан таяр ма адам?!
Қызығып құр олжаға қарамағын,
Қыз не дер, түзде болса бар алаңың.
Айтпақшы телеграмма алдық, ертең –
«Шортанға» келіп түспек «мамаларым!»
5. Қожабек отағасының майданда хабарсыз кеткен
жолдасының баласы – Болат пен Полинаның үйлену
тойы.
Баянның көкесі бар Болат деген,
Бақытын бала кезде «тонатты» өрен:
Анадан ерте қалған, әкесі – мерт,
Өксіткен өзегінде сан «әттеген».
Соғыстың соқпаған бұл қанды зілі
Үй бар ма – өртте кеткен бар қызығы:
Жұрағат Қожаекеңе бауыр басқан, –
Осы еді бір әулеттің жалғыз ұлы!
Сақадай сайлайтұғын күш-көлігін,
Инженер осындағы іске мығым,
Бойдақ ед, ырқын билеп алды осы қыз:
Жирен шаш, аспан көзді, пісте мұрын.
 Нұр жауар деген рас талаптыға,
Талпынып ұшты биік таң атты да.
Баулыған жақсылыққа қамқор аға,
Қақтырмай өсіріпті қанаттыға.
Полина ол да құлаш сермеді ме,
Жыл жарым жолдамамен келгеніне.
Жас маман – украин қызы еді бұл,
Жолыққан қазақтың қас мергеніне.
...Тойдың да ажары кеп ғажап бүгін,
Сапырды құдалар да қазақ тілін.
Достарға – қуанышты қызықты шақ,
Жастарға – естен кетпес ләзатты күн:
...Құдағи ашық жарқын адам екен,
Айтушы ед: «Жан жоқ қой деп мамама тең!»
Аяулы достары екен ере келген,
Пейілі жекжат десе алабөтен!
Не керек, қымыз бенен қойдың саны,
Ән мен күй, ықылас қой тойдың сәні.
Жарықтық нан келгенде жүре берді, –
Жарқ етіп сезім білте, ойдың шамы!
Тәлім мол тап осы бір тәуір шақта,
Салтыңды санаға сай, бауыр, сақта:
Диқанның өзі өсірген өбек қағып,
Шашылды шашу болып бауырсақ та!..
Жөніне жер мен елдің қарамастан,
Басталған мынау елде жаңа дастан:
Тілмен – тіл, тілекпенен тілек тұтас,
Салт пен салт жарасымды араласқан.
Ұмытпай бабалардың мол мұрасын,
Озығын қорғамасаң, қор қыласың;
Жыршы да бастап кеткен беташарын,
Бабына келтіріп ап домбырасын:
«...Ауыл-аймақ мақтаған, Арпа-бидай қаптаған.
Аққан тері ақық боп, Алтын-күміс қаптаған;
 Ата дұшпан шапқанда, Ала балта саптаған;
Ағайынға – айдын көл, Айтқан сөзін жаттаған.
...Бүркіп тұрған бұршақ оқ, Бүлк етуге мұрша жоқ;
Бұғып қашқан бұл емес, Бұралқы иттер мұнша көп;
Жалынға еніп, от кешкен, Жауырынын оқ тескен;
Жау жағында жан қинап, Жомарт қолын жоқ кескен!
Сұмын суға сұлатқан, Сауына – сауға сұратқан...
Сұлу өмір сүруде, Сүрінбей кеп сынақтан;
Қайын атаң – Қожекең, Қайын атаңа бір сәлем!..»
Толқыған түсіп қиял сорабына, –
Құдағи разы болды соларына...
Қожекең тебірене бастап тойды,
Сөз берген енді құтты қонағына:
Аупартком хатшысы бұл ер тұлғалы,
Ойлайтын ертелі-кеш ел туралы;
Ерсұлтан Тоғжанұлы Әділбеков, –
Рзалық айтып елге, серпілді әрі...
Болатты – аты жүрген ардақталып
Құттықтап, ізгі ойларын салды ақтарып:
Айналған Тыңның жарқын тұлғасына,
Сөйледі хатшы жолдас салмақтанып:
– Ел барда тіршіліктің тынбас әні,
Түлеткен қырды, міне Тың жасағы?!
Осы отау – сол достықтың бір шоқ гүлі,
Осы отау ұлы тыңның бір масағы!..
Ұл – өжет, қызың мынау – балғын, нәзік,
Табысып сом алтынды алдың қазып:
Бұл күнде көк тіреген Элеватор, –
Кешегі белгі қаққан жалғыз қазық!
Өмірдің қала берер қиыны артта,
Самға, Тың, алтын дәнді үйіп арт та!
Мұхитқа маңдай терден маржан тамып,
Старт ап барады елім Миллиардқа!
Бұл істің не көрмедің барысында,
Құм болып жігерің де, намысың да;
 Қарысқан қияметпен, қарбаласпен,
Тағдырың тұр тап осы табысыңда!
Киевтен, Минскіден, Москвадан,
Бауырлар бір тілекпен бас құраған.
Кеңесті ел керегесін кеңге жайып,
Осылай құт құшағын ашты далам!
Болмаса қулық-сұмдық, жалған есеп,
Бұл достық жанған бақыт, жанға да сеп.
Қазағым өркен жайып өседі енді,
Қапталда қалады деп таңған өсек.
Береке жайлап бүгін бар ұлысты,
Жұт көрмей жұрағат боп сағынысты.
Жеткізіп шырқау көкке төбемізді,
Тың бізді ғарышқа да алып ұшты!
Нұрлы күн – кәрі де іңкәр, жас та ғашық,
Асыққан асуға өрлеп, асқар асып.
Тойымыз тойға ұласып торқалы елім,
Болсын тек күншуақты аспан ашық!..
Сын кешіп, салған жауын ұлтанына,
Жеткізген ерлер еді нұр таңына.
Солар ғой махаббаттың жебеушісі,
Тілейік ғұмыр мынау ұрпағына!
Егіс бітіп, асудан асқасын да,
Құттықтап той иесін, басқасын да;
Сүйсініп қарап қойды ол Баянға да,
Бұл тойдың зыр жүгірген басы-қасында.
Разы боп жақын-жекжат, бала-шаға,
Елтіген құдағи да тамашаға:
«Құдай-ау, қайдан көрдім, жүзі таныс,
Сөзінің төркініне қарашы ана!..»
Тәнті қып «Аупарткомның» тілегі ізгі,
Жалғасты әңгіме де жүре қызып:
Таң қалды ол қолын алып құдағидың:
«Пәлі, сіз... Тамара ма... міне, қызық!..»
 Көңіл бір құпияның кілтін ашып,
Тағы да сұрақ көміп, күлкі басып;
Кездейсоқ басын қосқан бейтаныстар,
Әп-сәтте шыға келді шұрқырасып:
«– Жақсы екен... жан едіңіз жан бақпаған,
...Қабыңыз қайда әлгі ардақтаған?!»
«– Атбасын тірегеміз Шортандыға, –
Бараев бас боп өзі дән баптаған!..»
Кейпіне ел де аң-таң мына күйдің,
Кеп сырын ақсақалы сұрады үйдің:
– Апырай, айтсаңызшы түсіндіріп!
– Танысы болып шықты құдағидың!..
Төртінші шегініс. Тың игерушілерді ұйымдастырушылардың бірі жас маман Әділбеков пен Тамараның
алғашқы жолығысуы туралы.
Составтар... шыққан бекет шалғай қалып,
Жүйткиді кең далаға таңдай қағып:
Жүйткиді қара түнді қақ жарып та,
Жүйткиді атқан таңды маңдайға алып.
Жеткізбей көсіледі қиян дала,
Талайлар таң боп өткен қиялдана.
Тек қана тұлпар жеткен тұяқтыда,
Қанаты талып жеткен қыран ғана.
Машина, соқа, тырма – тасығаны,
Тербетіп жастық шақтың асыл әні;
Ерлікке үндеп, ерекше құлшыныспен,
Составтар күншығысқа асығады!
Трактор, кірпіш, цемент – тасығаны,
Жас ұрпақ – жасақта жоқ жасығаны;
Кешегі тылға қарай – тыңға қарай
Составтар тыным алмай асығады!
Жанармай, тақтай, кітап – тасығаны,
Жас ұрпақ ата даңқын асырады.
 Дәуірдің жалынымен, арынымен
Составтар болашаққа асығады!
Қапталда қалып орман иір-иір,
Алқабын жылқы жапқан үйір-үйір:
Жол мынау шумақ-шумақ желі тартқан,
Шегіне жеткізе ме түйіні бір?!
Жүйткиді жапан түзде жаны қалмай,
Зырылдап доңғалақтар дамыл алмай;
Заулайды шығыс жаққа эшелондар,
Сол жерден бар мұраты табылардай!
Жаңғыртып жапан төсін түн ішінде,
Суыт бір асығу бар жүрісінде.
Қауіп жоқ, абыржу жоқ – алаңдау бар,
Сан арман сапырлысып жүр ішінде!
Шаруаны тындыратын нелер алып,
Халықтың «Өнер – жастан» дегені анық:
Жас маман Әділбеков Көкшетауға,
Бір қауым тыңгерлерді келеді алып...
Ел осы, ерлік осы Тыңыңды ашқан,
Сырласқан, сұхбаттасқан, сыбырласқан:
Өр намыс, өжет арман, өршіл қиял,
Шертіскен кең даланың сырын бастан:
«Асанның жерұйығы табылмастан,
Сарғайтып санаңды сан сарын басқан;
Бақытың баянсыз боп келген еді,
Бұл ғасыр, байтақ дала бағыңды ашқан!
Самалың аймалаған сүйіп беттен,
Сан ғасыр бір өзіңе сыйып кеткен:
Табылған құмыра дән Отырардан,
Өртінде сол заманның күйіп кеткен!..
Сері жұрт сергек жортып сол күндерден,
Түндігін ән мен күйі желпіндірген.
Жайлаудай жаны таза жайсаң қауым,
Ерке өсіп, ерте тұрып, еркін күлген.
 Сол аймақ танымастай енді, міне,
Әлем таң ерлігіне, елдігіне:
Көрінбей көкжиегі көсіледі,
Ұқсаған көңілінің кеңдігіне.»
Составтар асығады, асығады,
Арманы алтын дәннің тасығаны:
Жүрісі баяғыдай суыт және
«Ел үшін, Отан үшін!» асыл әні!
Сан жоқтай бұл составтар тізбегінде,
Ел мынау шаттық ойнар жүздерінде.
Сан ұлттан, сан тараптан сайланған ел,
Жасамақ ғасыр нанын түзде бірге!
Салқар көш сабылған тың – Арқа алыпқа,
Көкшеге, Қостанайға, Арқалыққа,
Ақмола, Қызылжарға, Керекуге, –
Жасампаз күшін елдің, ал парықта!..
Составтар кең далаға таңдай қағып,
Жүйтиді өзенді өрлеп, жарды айналып:
Жүйткиді қара түнді қақ жарып та,
Жүйткиді атар таңды маңдайға алып...
«Табарсың талабыңды талпынғаның,
Татарсың берекенің, халқым, дәмін.
Арқаның асты тұнған алтын дейді, –
Алармыз ағыл-тегіл алтын дәнін.
Өрлеген өрен болсаң көкке ғашық,
Көрерсің зейнетіңді көп бел асып.
Алдымен тұрғызамыз үй, баспана,
Қала сап, аурухана, мектеп ашып!
Түсерміз талай талқы, әбігерге,
Өтерміз көрген түстей бәрінен де.
Бас қосссын агроном, құрлысшы да,
Аспазшы, сатушы да, дәрігер де!
Тағы өрге тарландарым талпынды деп,
Қосады жақсы істерге халқым білек:
 Арқаның аязынан сескенбеңдер,
Еселеп еседі әлі алтынкүрек!»
Купе іші – талай тағдыр табыстырған,
Тарқатқан шерін, жақын таныстырған.
Таппақшы өңшең өрен маңдай термен
Бағын да, бақытын да алыс қырдан.
Ынтыққан ыңғайыңды қыздар да аңдар,
Қызығын қызды ауылдың қызғанбаңдар:
Балауса махаббаттар бүршік жарып,
Көктеуде көз алдыңда ізгі армандар.
Тоқтаса көлік, бәрі таласа қап,
Қарайды тар есіктен, жанасалап.
Кейбірі күдік те алып күбірлейді:
«Орнату қайдам мұнда тамаша бақ!»
– Жаным-ау, жапан түз ғой, жазы қайда!?
Көктемі, көкегі мен қазы қайда!
Мұрты да сынбапты ғой мұз-қарының,
Апырмай, алты ай қысы азынай ма?!
Біреудің бұны көріп бұзылды үні:
– Қайда әлгі қырға шыққан қызыл гүлі;
Қай жақта алма бағы, алмұрттары,
Жер жұтып кеткен бе, жоқ жүзімдігі!
Соңғысы солардан да мол дәметті,
Сорлы екен сома қуып болған епті.
Саяқтап сая таппай сайлы орын деп,
Сандалып Сарыарқаға ол да кепті!
– Қап, әттең, қайдан кеп ем сорыма азып,
Кім берер жылы киім, жолыма азық:
Бұл жердің не жарыттық жерін жыртып,
Тон киіп тозамыз ба тоңын қазып.
Е, кімге есе берген есіл арман,
Шығады қайда барсаң кесір алдан.
Жүгі аздай қасымдағы байғұс әйел, –
Бір қапшық тұқым сүйреу несін алған?!
 Саңқ етті сұңқар дауыс сол кезде бір:
– Жолсерік болмас бізге жолкезбе бұл,–
Жетекші жас маман ол қорғап көпті,
Ерсұлтан Әділбеков толғап кетті:
– Иранбақ орнатамыз қолымыздан,
Ез болсақ, көрейік өз сорымыздан.
Егін сап, қала орнатып, канал тартсақ,
Сүйсініп жетер ұрпақ соңымыздан.
Жасық па ең, мойынына ері кеткен,
Кесір ме ең, кенеуі жоқ кері кеткен?
Орын жоқ – ондайларға біздің саптан,
Сенімін жігеріне серік еткен!
Жә десең желбуазға желік кірер,
Осынша күш сапырып ерікті ме ел?!
Партия сенім артса, серпілер Тың, –
Ерліктің жолын қуған еріктілер!
Мың есе мықты болып құрышыңнан,
Сүрінбей өттік аман ұлы сыннан.
Сақ қорып шебімізді, жатқан елміз, –
Балқытып соқа жасап қылышыңнан!
Тыңымыз тың арнаға бұрды көпті,
Құлшынып құрдас кепті, құрбы кепті:
Жатсынба, айқара ашық құшағымыз,
Жүнжімей беліңді бу, түр білекті!
– Дұрыс-ақ! Кешірім жоқ келімсекке,–
Деп жатыр шүйіліп бір келіншек те,–
Басталған кезде Тыңға ұлы аттаныс,
Орын жоқ ортамызда еріншекке!
Десек те қайғы-шердің жасы кепті,
Тарттық қой кеше ғана қасіретті.
Түйір дән тіршіліктің өзегі еді,
Дән сепсек не бар одан қасиетті!
Табалап табанда әлгі «масқараны»,
Дуылдап қостады оны басқалары.
 Ұжымы берік қауым ұғынысып,
Жадырап шыға келді қас-қабағы.
Жасықтар жым боп іле қала берді,
Басылды көңілдегі алаң енді.
Қыздырып кетті бәрі отырысты,
Қызықтап жүре берді дала-белді.
Ерсұлтан елді көрсе уайымшыл-ақ,
Жанасты келіншек те жайын сұрап:
«Ізетті, ілтипатты жан екенсің, –
Жортқанда жолың болсын дәйім, шырақ!..»
– Тамара! Агроном мамандығым,
Полина – қызым мынау балаң гүлім.
Кешегі қан майданда не көрмедік,
Тәуір ғой, тәлім алсақ, заман бүгін.
Болатын агроном жолдасым да,
Дән баптап көп талпынды ол басында.
Көп еді арманы да, әттең бәрін, –
Кетті ғой айырбастап қорғасынға.
Жігітке тап болады сор қайдан да, –
Мерт болған боздақ аз ба сол майданда.
Болатын осы жақта жан жолдасы,
Білмеймін Ақмола ма, Торғайдан ба?!
Ысырсын тағдыр соғыс бұлтын әрі,
Жас өмір бүршік атып бұлқынады.
Жарасақ керегіне – Тыңға келдік,
Табармыз жақын, жекжат мүмкін әлі.
Қайыспас қалың дауыл қаптаса алдан,
Осы екен тұқымды әлгі қапқа салған:
Лениннің қаласының тұрғыны еді, –
Айналып бір-ақ шықты Атбасардан...
6. Құдандалы болып жатқан Тамараның жолдасы,
Полинаның әкесі – марқұм Борис Тимошенко Қожабектің
майдандағы командирі, қанды көйлек жолдасы болып
шықты!
 Қызық қой тағдыр жолы асқаныңда,
Сұрақ та, сиқыр да жоқ басқа мұнда:
Құтты той бүгін тағы шыға келді
Ғажап бір сырды ақтарып қас-қағымда:
Баянның домбырасы шертілгелі,
Ел елтіп, ерке көңіл еркіндеді...
Бұл кезде сыр шертіскен қос құдағи, –
Төр үйге өткен еді желпінгелі.
Таңсық боп төрдің әсем тұс кілемі,
Тұр еді... нені ойлады, ішті нені?!.
Талықсып кетті бір сәт қайран жүрек,
Айта алмай... күреңіте түсті реңі...
– Тағы не? Тапты қайдан мына дұшпан?
Елгезек ел де бәйек құрақ ұшқан:
– Маматай, не боп қалды, тіл қатсаңшы!
– Болса игі босағаны қуаныштан.
Болмаса сыр түйіні көңілдегі,
Қасірет табы тіпті көрінбеді:
Сілтейді саусағымен тұс кілемді, –
Төр үйдің тұрған жайнап төріндегі.
– Маматай, көзің қайда түсті,– деді, –
Төрде тұр айшықты әсем тұс кілемі.
Сарғайған үш-төрт сурет ілген... басқа,
Басқадай ештеңе жоқ сұсты реңі!
Төрге ілген тұр айшықты түс кілемі,
Тұс кілем, түсіндірші, түскір енді?!
Суретке сонда ғана көзі түсті, –
Не деген қиял шіркін ұшқыр еді!..
Бұл гәптің байыбына барды-ау, сірә,
Аңдаусыз шығып кетті жан даусы да:
– Дәл өзі ...қайдан келген, ұқтым, мама...
Сыр болды-ау шым-шытырық аңдаушыға!
Тамара:
– Борисім, арыстаным, сол ма, шын ба?!
Жолыққан жортуылда жолдасың ба?
 Жоқ әлде, жоғалтқаның осы ма еді, –
Жығылар ез емес ең қорғасынға!
Полина:
– Папажан, сен алыста қалмап па едің,
Сүйген соң сүйеді ме ардақты елің!
Бұл не сыр, алып-ұшып әлде бүгін, –
Тойыма ұйқыңды ашып, арнап келдің?!
Тамара:
– Жұмбақ сыр жанымызға салдың майдан,
Борисім, қайдан келдің, қалдым қайран?
Жақсылық жаныңа егіз жебеді ме,
Кім айтты, хабарымды алдың қайдан!
Полина:
– Бұлтты күн бойың сыздап шекпедің не?
Ойыңнан жатсаң-тұрсаң кетпедім бе!
Ғұмырың ерте үзіліп кетсе-дағы,
Жалғызды жебесем деп жеткенің бе?!
Тамара:
– Десек те заман жарқын нұр ойнатты,
Бұлайша кездесем деп кім ойлапты.
Кездейсоқ келген әлде бейбақпысың,
Айтшы-айтшы, қалай таптың бұл аймақты!
Полина:
– Қанатын қағып еді қыз – кептерің...
Ізгіден үмітіңді үзбеп пе едің?
Тап келдің тап осы үйге қалай ғана,
Адаспай, қалай, әке, іздеп келдің?!
Арайлап атсын деуші ең күліп таңым,
Аңсатты ма әлде ерке қылықтарым?!
Айтшы аға, айтшы Болат, айтшы Баян, –
Жанәке, қайтіп бізді ұмытпадың?!.
Көңілде күдік бұрқақ борап тағы,
Қалған ед аңтарылып қонақтары;
 Жұбатып мұңлықтарын, түсіне алмай, –
Абыржып бәрі, Баян, Болат-тағы.
«Қожеке-ау, бұл не жұмбақ, сіз не білдің?
Назыңды, назарыңды бізге бұрғын!
Сырыңды түсіндірші, айтшы ақтарып, –
Ізінен не бағып ең ізгі өмірдің?!»
Қожабек сонда аңғарды сыр ұшығын,
Ол да бір жайсаңы еді-ау ұлысының:
«Борисім, барысым» деп толқыды ол да, –
Тағдырдың көрген бірге ұлы сынын!
Қожеке-ау, құтты болды-ау бұ шаңырақ!
...Көзде – жас, қоя берді іші аңырап,
Келінін, құдағиын құшып тұрды, –
Қызым деп, «қызығым» деп құшағына ап!
Жарасқан Тамара апай, Қамар апай,
Қожеке, босай берме, ал ағатай!
Ала жоқ көңілінде қайран жекжат, –
Шарпыған шат сезімнің ғаламаты-ай.
Тамара:
«Соғыстан – соққан дауыл, сорға айналған,
Оралды ол өлімші боп зор майданнан.
Қалтылдақ қайық-тағдыр батып тынды, –
Шыға алмай шырғалаңда сол қайраңнан.
Сұм тағдыр кімге шексіз берген ерік,
Жамандық ойлады ма ол пендеге еріп.
Ұрпаққа ер атанған даңқы қалып,
Әйтеуір көз жұмды ғой елге келіп.
Сезді ме болатынын алда нені, –
Бізге де жақсы өмірді жалға деді:
Өсіру қос масақты құтты бидай, –
Бізге – аманат, өзінің арманы еді!..»
Бұлт тарап тұрған бір сәт бойды басып,
Тілек қосты ел, ортақ бір ой құрасып:
 Табысқан тағдырлардың тауаны асып,
Тойлары жүре берді тойға ұласып!..
* * *
Бұл тойда – бақ орнатқан алыс қырда,
Баянның қалды есінде арыс тұлға:
Ерсұлтан – кішіпейіл, іскер басшы,
Сыр ашты жігер беріп намысты ұлға!
Аңғарды Мұқанның да кесірлі ісін,
Мерейін Баянның да өсірді шын:
«Қайтпа деп, алған беттен, адалдықтан, –
Басыңа түсседағы не түрлі сын!»
Әулеттің қолдай жүріп жарқын ісін,
Құптады Баянның да талпынысын:
Сын айтты, сергітті де, сенім артты, –
Жалындап еңбек ет! – деп, – халқың үшін!..
Үшінші тарау. БАТЫР БАЯН
7. Баян мен Бағдаттың сырласуы. Баянның інісі
Аянның егіске жайылған өртті сөндірем деп мерт болуы.
Өбеді таң нұры, Төгеді жаңбыры,
Ақ бидай еңісте, – Диқанның тағдыры;
Жұмылған ер іске, – Барлығы, барлығы!
Күн қара, түн қара, Жүздері нұрлана,
Тындырып ұлы ісін, Сезбейді мұң-нала:
Тербеткен ырысын, – Тың дала, тың дала!
Қиялың шарқ ұрған, Диқандар нар тұлғаң:
Кіл ерлік – жолдарың, Қияға талпынған;
Қотарған қолдарың, – Алтын дән, алтын дән!
Қамында болашақ, – Канал мен қала сап;
Аймағың – жарқын іс, Қайнарың тамаша-ақ:
Қайрат-күш, талпыныс, Парасат, парасат!
Ұмтылған ертеңге, Құлпырған өлкең де,
Өзіңмен бүр атқан, – Диқандар өр кеуде;
Бақытты ұлы Отан, – Өркенде, өркенде!
 Болашақ – нұрлы аспан, Самғай бер тынбастан.
Молшылық сыйын арт, Ауырға қыңбастан:
Миллиард, миллиард, – Таусылмас жыр-дастан.
Ақ боран, ашық күн, – Алқындың, асықтың:
Сеніп зор күшіңе, Ел құтын тасыттың.
Қаһарман ісіңе, – Тәнтімін, ғашықпын!
Бүр атып гүл, шыбық, Күн батып, күн шығып:
Егінжай найқалар, Түрленіп тіршілік:
Осы әнді қайталарғ Жас ұрпақ құлшынып!
Ерлікті ән қылып, Атады таң күліп:
Тау, дала, ну орман, – Жатады жаңғырып;
Бұл әуен, бұл арман, – Мәңгілік, мәңгілік!..
Бұл жырды жаныменен кім ұқпаған,
Ұрпақтан ұрпақ жаттап ұмытпаған.
Осы әнге қосылады тебіреніп,
Жаны адал, жақсылыққа құлықты адам.
Рухы да, мұраты да тел ағыста,
Сүйсінген шалқып бірге елі арысқа:
Ежелден диқан үшін дән баптау бұл, –
Шабытты еңбек, шат тұрмыс, демалыс та!
Баян да шыққан бүгін қыр асқалы, –
Баяғы егінжайдың тынбас қамы.
Бет алған Ақтөбеге, Бағдат та ерген, –
Екі жас сұхбат құрып, сырласқалы.
Екеуі көтеріліп қыр басына,
Көз сүзді туған жердің сұлбасына:
Тоқтауыл, Мапырашты көлбеңдейді,
Тарих та, даңқ та сыйған бір басына!..
Туған жер ер парызын салады ойға,
Туатын ел болмаса, дана қайда?
Бір ауыл, бір бауыр боп қауымдасқан,
Қол бұлғап тұрды Кіндік-Қарағай да!..
 Бағдат:
– Бірге сап бораздасын алғаш тыңның,
Сен-дағы қырман үйіп, дән бастырдың.
Баян-ау, бәрі де әсем жарастықта, –
Атақты ата жолын жалғастырдың!
Баян:
...Әрине, ата жолын қуған мұрат,
Мен жаңа уақытта бұл туғам бірақ.
Заманым қарбаласты, жауапты да,
Сындарлы, қызғылықты, думандырақ!
Сол үшін маңдайымнан жақұт тама
Еңбек етем – жетерміз бақытқа да.
Кім болам, қалай өмір сүрем әлі,
Көрсетер оның бәрін уақыт қана!
– Өрт! – деді даусы кенет қатты шығып,
Зәресін Бағдаттың да қатты ұшырып...
Сезгендей бір қауіпті төніп келген,
Қара жер қайран таппай жатты сұлық.
Апырмай, айналды ма сөзі шынға,
Көрінді көлгірсіп өрт көз ұшында.
«Төртқарағай» алабын жайлап алған, –
Бар ма бұл табиғаттың тезі сұмға?
– Мен анау... тракторға... қосқа барам,
Сен үйге... – Алаңдама босқа маған!..
Тезірек жүгірейін, бейқам ауыл,
Көрді ме, көрмеді ме – бейқарауыл...
Алқынып қосқа жетті бір-ақ демде,
Жоқ болды қыбырлаған бірақ пенде.
Жалма-жан соқа тіркеп тракторға,
Өрт буған тура тартты қырат-белге:
«Қалың өрт қаңғырған бұл қайдан шықты?
Жарқ етіп жасын түсіп, жайдан шықты?!
Жаңбыр жоқ, найзағай жоқ – әлде мынау
Сауықшыл сайран құрған сайдан шықты?
 Шіліңгір шілде ыстығы басталған ба,
Нәр тамбай қойды жарты ай аспаннан да.
Созылса тағы осылай не болмақшы,
Тамырын табиғаттың басқан бар ма?
Су керек егіске де, құраққа да,
Құрысты-ау көн терідей қырат, дала.
Таңдайы кепкен әбден тақырлар да
Бозарып шыға келді бір аптада.
Нәр тамбай көп алқапқа бұлт қысырап,
Тап болды тағы да бір мықты сынақ.
Аңызақ, аптап ұрып соңғы күндер,
Саяға саяқтайды жұрт пысынап.
Ылғал жоқ, ылғал жоқта жеміс күтпе,
Бір жаңбыр, нөсер керек егістікке.
Сапалы, қатты, күшті бидай алмай, –
Тұрмайды жеңіл-желпі жеңіс түкке!
Су берсе танаптарға пайда-ақ бүгін,
Қолынан келер іс бұл қайраттының.
Рақымаш, Болат12 ағай не дер екен, –
Маман ғой бұрса арнасын Қайрақтының!..
Мұқан-ай, айтып жүрміз кемістікті,
Кей істерің керенау теріс тіпті.
Мұнда да сақтық айлап, жерін айдап,
Жөн еді қоршауымыз егістікті!..»
Мына өрттің кете берсе беті жаман,
Әлек боп сөндіріп жүр екі-үш адам.
Сөнер ме... сабайды құр киімімен,
Дегендей шапшиды өрт те шекісе алам...
Адамы – жасөспірім жастар екен,
Өрт салған өңкей осы қасқа ма екен?
Кес-кестеп өрттің жолын өтті Баян,
Шара сол – көмек те жоқ басқа бөтен.
12Су шаруашылығының мамандары.
 ...Көрмеген «жекпе-жекті» бұрын бала,
Түтіккен, күйе-күйе түрін қара:
Ішінде естияры Аян болса, –
Мектепті бітіргені бүгін ғана!
Түстеген Баян да жоқ ешбірін де,
Өрт те бұл селт еткізбес сесті мүлде.
«Шөп шауып жүрген бұлар... босқа ұрынды-ау,
Әлде кім шыңғыра ма, естідің бе?!»
Арқырап астындағы азбан қара,
Азынап аза тұтқан азған дала:
Жүрсе де сонадайда соларда ойы:
«Жазым боп жүрер ме екен жазған бала!»
Жалмаған бір саржыны бір саржыдан,
Ұйысқан үйме-жүйме мың сан жылан;
Лап қоймақ ордасымен мол астыққа, –
Мұның не, мылқау тағдыр, мұнша алжыған?!
Буын жоқ, былқ та сылқ бұлқынады,
Жұт болып жұлынады, жұлқынады:
Еліріп, екіленіп, есерленіп,
Еңіске, егістікке ұмтылады.
Қырғидай тиіп тентек үкіліңе,
Көндірмек дүниені үкіміне.
Ісіндей жымысқының ізім-қайым,
Көмескі көлбеңдейді түтіні де.
Қарбытып бір-ақ асап шөмелені,
Бұтаны бырт-бырт үзіп жөнеледі.
Қолына түссе Баян бұл тажалдың, –
Көмейін көң-қоқыспен көмер еді...
Жебір ме, жеті басты жалмауыз ба,
Жеткенін жеке-жеке салды ауызға.
Желкесін қию қиын, жеңіл бұдан
Қайыспай қарсы шапқан қандыауызға.
Ізіңнен қалар емес «қашсаң-дағы»,
Жерге де ауыр түскен тас салмағы:
 Жас ұлан сөндірмек боп жан ұшырса,
Жалын да жармасады бас салғалы.
Аптығып, ашкөзденіп, бөктерге еніп,
Өшігіп, өршеленіп, өктемденіп:
Біресе қауып түсіп, тарпа бас сап,
Біресе шүйіледі көктен келіп;
Сұрланып, сыпың қағып, сылқымданып,
Сұстанып, сақ-сақ күліп, сиқырланып.
Желегін жемір емген жесір дала, –
Қоңырсып, қотырланып, қиқым қалып;
Құтырып, құйындатып, қырды айналып:
Тырысып, тәні жидіп, тіл байланып;
Қайран жер қалып жатыр қапа болып,
Қап-қара, қан-қан, күйік, күлге айналып;
Шамданып, шамырқанып, шабаланып,
Шатынап, шақарланып, шабады анық;
Шарпылып, ине сұғып, қамшы үйіріп,
Содыр күш сойыл сілтеп, сабап алып;
Жұлқынып, жүз бүктеліп, жұмарланып,
Жұтынып, құлқыны ойнап, құмар қанып;
Қылқынып, көздің алды тұманданып,
Артында айғыз-айғыз мұнар қалып;
Абалап ақ тер еткен, көк тер еткен,
Аян да жұлқысып жүр көп төбетпен:
Көз жазсаң көмілгені көк түтінге,
Күл болып күллі егісің өртке кеткен!
Жалмауыз кемпір баспақ аранын аш:
«Қорықпай құшағыңды, қарағым, аш!»
Жаламыр жалмап түспек жайлап келіп,
Тілсіз жау тілін созып сала құлаш!
Қаз бассаң: «Көзіңді сал енді егінге!»
Елде осы – еңбегің де, ермегің де:
Сол үшін тері тамған күллі ауылдың,
Әкенің, ағаның да, жеңгенің де!
 Көрсем деп талаптыны биік төрден,
Түлекке білім нәрін иіп берген,
Нанның жайын ұстазы Ғалымжан да,
Сіңіріп санасына құйып берген.
Алысты, арпалысты аласұра:
Тимесін тепсінген өрт даласына.
Егіннен қасиетті ештеңе жоқ,
Еңбекпен өскен ауыл баласына.
Толқынын тоғытып өрт жалғасады,
Тоқтаусыз, тоқыраусыз алға асады.
Сезімі селк етпестен сесті ұмытып,
Жауығып жағасына жармасады.
Нан қадірін сезді ме, сезбеді ме,
Өжеттік пе, ерлікті көздеді ме:
«Астық өртке кетпесін!» – басқа ештеңе
Салған ол жоқ ақылдың безбеніне.
Албырт ой елігеді ол: «қашпа, қашпа!»
Жан оты жалынды да жасқамас па.
Ішке-ішке тепкілейді қызыл итті,
Сабайды сары бас жылан – басқа-басқа.
Біресе от боп, біресе мұздады ұлан,
Шарпиды ыстық жалын жүз қарыған;
Қыздың демі тимеген тәнін құшып,
Көрді-ау қорлық перінің қыздарынан!
«Бозбала, бұл жарамас, бұл жарамас,
Қызықта, қызуың бас, қызға жанас!»
Монтансып мойынға да асылады,
Жалбырап жирен шашы тыр жалаңаш.
Алдайды, амалдайды баласынып,
Арбайды аярланып, алас ұрып...
Үйіріп алып кетті шайтан қыздар,
Маңдайын тасқа соғып дала сұлық...
Бота боздап, құлын ба кісінеген?!
Қысылмайды-ау, қылмайды өрт кісіні елең:
 Шаруасы жоқ пенденің ісіменен,
Сұмдық-ай, суық еді сұсы неден.
Шыбын жан шырылдай ма, шыңғыра ма,
Таскерең тағдыр, баттың мың күнәға!
Қарабет, не демексің қарт анаға,
Не демексің әкеге – сұңғылаға?!
...Ел де жеткен бұл кезде жырақтағы,
Қалды аман қалың орман, құрақ-тағы;
Ел аман, егіс аман, күйген – Аян,
Кеш білді-ау, кеш үлгерді бірақ-тағы.
Жас қыршын арпалысқан жарағанша әл,
Бырысып күйген дене шала-жансар.
Ауданға жеткізгенше... демі үзілді,
Тағдырдың тәлкегіне шара қанша ал!?.
Осылай мерт болатын жұрты үшін ер!..
Мәз болып жүруші еді күлкісіне ел;
Еркелеп қоюшы еді, тауып сөйлеп,
Ойлы еді... Баян жанын кім түсінер!?
Тағдыр-ай тап келтірген жат амалды,
Қамықты ол, қан жылады, қапаланды...
Езіліп ет-жүрегі ана шөгіп,
Аһ ұрып аңыраған ата қалды!..
Қайғылы көздің жасы құрғасын ба,
Уатты аға-жеңге мұңдасын да;
Баян деп, жас қыршынға жаны егілген,
Бәйек боп Бағдаты да жүр қасында.
...Көрді ме көн даласын күйіп кеткен, –
Аспанның тұрғаны осы иіп көптен:
Ұзамай күн күркіреп, ағыл-тегіл
Шелектеп жаңбыр жауды құйып көктен!
Жаңбыр ма, малшынтқан бұл қырат-қырды?!
Жай оғы тағдыр жүзін бір-ақ тілді:
«Жүзқара, жүзқара» деп өксіп аспан,
Жас жуып омырауын жылап тұрды.
 Ойпырмай, күйдірмеген күйік кімді?!
Даласы жатты жоқтап сүйікті ұлды.
Шіркін-ай, аңғардың ба, сол бір сәтте
Бастарын масақтар да иіп тұрды!..
* * *
...Тербеледі егінжай, теңселеді,
Тасиды ырыс тағы да, ел сенеді:
Маңдай терін сыпырып өбектеген, –
Көтерілер ерлердің еңселері!
Желкілдейді егінжай, желпінеді,
Жеті қырға жайылған ел тілегі.
Дән тасыту диқанның серті ме еді, –
Ән асқақтап, күй де енді шертіледі.
Шалқар егін шалқиды, шаттанады,
Алтын дәннің арнасын ақтарады.
Құт қотарған Отанның қамбасына,
Өңкей өрен өрлеген бақ-таланы.
Сары алтын самсап масақ ырғалады, –
Сыңғырлаған сұлудың сырғалары;
Шалқар дала кеудесін шабыт буып,
Тың дастаны тағы да жырланады.
Ыңылдайды егінжай, ән салады,
Тау-тас та, орман, көл де тамсанады:
Әр сабақ, әр қауыздың сырын ұққан,
Кім қуанбас ерінің жанса бағы.
Уілдейді іңгалап балаға ұсап,
Аспан анау мейірбан ана құшақ.
Еміреніп, еркелеп өскен сайын,
Қуанады даланың алабы шат.
Құмар қанбай ақ бұлақ төсін емген,
Құлпырып күн нұрымен өсіп-өнген;
Топырақ нәр жұтқызып, жел тербетіп,
Қаз басып қанаттанған осы белден.
 Даланы ұққан бұлай диқан ғана,
Солардай сұлу белді сүй таңдана!
Сол үшін жанын беріп, дамыл алмай,
Көнбейді ол қылтың-сылтың қиқаңға да!
Желбіреп жез қанаты түскен көзге,
Сусылдап, сан құбылып түспен де өзге:
Көз тартып, көңілді арбап тұрады алап,
Толықсып алтын бидай піскен кезде!
Татымас тұзы еңбектің терлеместен,
Неше күн қиын сынмен ер де егескен:
Баян жүр тебіреніп енді, міне,
Аңқиды нанның исі бел-белестен:
«Не деген қасиетті ең,
нан жарықтық,
Кей кезде қадіріңді арзан ұқтық.
Күннің бір жерге сіңген сәулесіндей,
Тұрасың дүниені жап-жарық қып!»
Толқиды бұрынғыша шіркін дала,
Сұлу бел сылаң қағып сылқымдана:
Қаптаған қатты бидай, күшті бидай, –
Масақтың өнген өңкей сұрпын қара!
«Жабайы кезінде сыр жанға ашпаған
Сен қалай болдың екен дәмді ас, тағам?!
Аллаға мың шүкірлік ризық берген, –
Дән сепкен, мың рақмет, алғашқы адам!
Адамнан асылың жоқ аяп қалған, –
Жайсаңға, жасыққа да саяқ қалған;
Аяғыңа жығылып астамшыл да,
Жас ұлан да өзіңмен аяқтанған!
Үзілмей содан бері салтың келген,
Адамзат қасиеттеп нарқын берген;
Диқан ер тыным алмай содан бері,
Осы аңыз басталды ма «алтын көмген!»
 Бесінші шегініс. Табылған «алтын»...
Алтын көмген демекші, былтыр күзде,
Сабан жинап, сүдігер жырту кезде;
Түрен тісі шақылдап қалғаны бар, –
Тас та емес, түбір де емес бір түрлі өзге...
Бала емес аңыз сырын қалпынша ұғар, –
Мына өмір маңдай термен жарқын шығар;
Сонда да бір ойы кеп сыбырлайды:
«Баяғы атам айтқан алтын шығар?!»
Тимеген жәдігер ме жат қолдары?
Сақталған сайын белде сақ қорғаны?!
Ойда жоқта Баянның олжалы боп,
Ежелгі тас мүсінге тап болғаны!
Өзі таң сенеріне, сенбесіне:
Қыса ұстап тостағанын кеудесіне;
Бағзы заман төрінен тас мүсін де
Таңдана қарап қапты жерлесіне.
Қалды ма «қарғысына», алғысына?!
Сұңғыла тарих бағы жанды, сірә.
Оянып кететіндей ойға батқан,
Жыбырлай ма мұртының шалғысы да...
Қиналмай көндіксе де қазуына,
Дал болды айқұш-ұйқұш жазуына:
Мыңқ етпеген ғасырдың салмағына,
Азбаған арлан – уақыт азуына!..
«Шаң борап, тозаң басып текті мекен
Алмағайып замандар өтті ме екен?!
Ізгілік жырын бабам аманат деп,
Тастай қып тасқа қашап кетті ме екен!..»
Маңайын аршып жатыр ол асыға:
«Шынымен көне ғасыр обасы ма?
Арудың арманда өткен сынтасы бұл,
Жоқ әлде бақсының бір моласы ма?
 Соңына түмен-түмен сарбаз ала,
Шаруасы – шауыпкелшіл ханзада ма?!
Алдынан ел тараған ана ма екен,
Хан ба екен даңққа әуес, даңғазаға!»
Тірлікте не тындырды, кім білді ісін?!
– Бітікші, ақынбысың, бұлбұлмысың!
Екі ауыз сөзбен шешкен ердің құнын,
Аузымен құс тістеген дүлдүлмісің!
Жоқ әлде шапқын көріп қамықты елің,
Сол кезде қудың ба екен халық кегін.
Қол бастап жауға тиген жолбарыстай,
Ата жұрт ардақтаған алып па едің?!
Қиырын шола алмаған қыран байқап,
Қарт тарих Сақ пен Ғұнды, Тұранды айтад:
Сол жерді баптадың ба, сақтадың ба,
Ұрпақтың мұрасы деп ұлан байтақ?!
Ұмытпас, – дедің бе, әлде, – пейілдіні ел, –
Мұнымды құлағына зейінді ілер:
Тың қамын түптеп біліп түу басында,
Әжетке жаратар деп кейінгілер!
Табынтып От, Су, Аспан, Жер, Күн, Ай, Пұт!..
Семсерліге серінің сертін айтып;
Түлігің табын-табын, үйір-үйір, –
Жүрдің бе мал сұрыптап, жер тыңайтып!..
Не керек заң өзге енді, заман басқа,
Жерұйық бұдан өзге таба алмас та;
Айтады жаңа дәуір өсиетін:
«Арманда, арың сақта, арандаспа!..»
Тасырлап сансыз тұяқ кісінеген
Өтті ғой... бүгінгі елдің ісі де ерен:
Диқан ер жаңа заман салтын бағып,
Тартты алға миллион аттың күшіменен!
Ат баптаған, қол емес жасақтаған,
Бүгінгі қыр кейпіне масаттанам:
 Жусаған жирен айғыр үйіріндей,
Құлындай шұлғып жатыр масақты алаң!
Қиылған тамырынан байырғы амал,
Өткеннің тұқымын да пайымдап ал!
Жебе мен масақ сонша ұқсағанмен,
Жер мен көктей алайда айырма бар!
Шаруасы дүйім елдің дөңгеленіп,
Шуақтан – ел, алғыстан ер көгеріп;
Самсаған масақ болып өсті заман,
Жебелерді жеті қат жерге көміп!
Бұл күнде салтанатын құрған еңбек,
Шабыт қыз шақырады тыңға кел деп.
Майдан емес, махаббат мәңгі екенін, –
Масақтар масаттана тұр дәлелдеп!
Бақытқа келген елді қаталап та,
Жеткізген ұлы мұрат шапағатқа!..
Атасының айтқаны ол «көшпелі» алтын,
Көшпелі бақыт та емес, махаббат та!
Бұл жерден бәрі шығар, амал қанша,
Ие жоқ, әттең дүние қараң қалса.
Елеген жәдігерін қауым қайда?
Тынбас ер «саф» алтынды таба алғанша!
Қуантсам деп қаһарман халқымды бұл,
Тапсам деп сол бақытты талпынды ма ұл:
Санасында сайраған іңкәр қылып,
Алтын – ой, алтын – мұрат, алтын – ғұмыр!..
* * *
«Май берейін, құрт берейін, Жент берейін, бал берейін,
Күннің көзі шық, шық!» Жаңбыр, жаңбыр, жау жау!..
Ер асырған жұрт мерейін, Тасытқандай жан мерейін,
Маңдайдан тер шыпшып!.. Көк, биеңді сау, сау!..
Қалықтап қиялында жаңа бір ән,
Танапқа бойлай еніп барады ұлан:
 Кеудесін шаттық кернеп Баянның да,
Аңқиды нанның исі алабынан...
Кұт мынау туған елдің төрінде өскен,
Көргенде сырлы самал көңілде ескен;
Диқан жүр тебіреніп, егінжайда, –
Көсілген көкжиегі көрінбестен.
Толқыған кеудесінде мың бір ағыс:
Астасып араласқан мұң, қуаныш;
Диқан жүр тебіреніп, бойын билеп,
Асқақ ой, тәтті уайым, нұрлы намыс!
Бұл теңіз – тоқтық көзі мол қайыры,
Іні жоқ дән баптасқан – сол уайымы!
Келеді Баян елтіп, рухтанып,
Жай қалқып егінжайда комбайыны.
Ізгілік істегені баяны бар,
Көрген жоқ, көрмейді де аянып ал!
Аяны мерт болса да ізгі жолда, –
Құлшынып соңына ерген Саяны бар!
Тоқтауыл – гүлдендірген жұрт аймағын:
Рақымжан, Торғай, Сәттар, Нұртай, Ғалым;
Садықов, Қазжан, Тоқтар – диқан әулет,
Тағы да топқа қосқан бір тайлағын...
Ел іші – ер кеніші, толған түлек,
Байтемір, Айып, Құрман болған тірек;
Жағыпар, Неғметжан, Балғабаев,
Қиқара, Төрахмет, Молдахмет!..
Баян да өтті жолдан талай даңғыл,
Өрен көп өнеге алған ағайдан бұл:
Оразбай, Құрманхандар озса төрге,
Жүзді өрге Әлтай, Хамит, Абай, Жамбыл!..
Сезінген бір-бірінің тынысын әр,
Жандары мыналардың сірі шығар:
Көз шырымын ала сап тізгінге ие –
«Інісі бардың осы – тынысы бар!»
 Кеудеде шабыт оты шарпылғалы,
Ер жігіт тыншыр емес нар тұлғалы:
Лақылдап шүмегінен үсті-үстіне,
Саулайды, құйылады алтын дәні...
Нан сыры сіңген ерте зердесіне,
Дәл қонып қиялының пернесіне:
Қастерлеп, қасиеттеп Тамара апай
Айтқан бір әңгіме енді келді есіне...
Алтыншы шегініс. Ленинград блокадасында қалған
Тамараның кішкентай Полинасымен бірге тартқан
тақсыреті хақында.
«Соғыстың... Ленинград қаласында,
Көрдік қой наласын да, табасын да;
Бұл күнде біле білмей, бақытты ұлан,
Бұлғақтап қайсыбірің нанасың ба!?
Егесте ел де бейқам жата алсын ба,
Құныққан құрдымына батар сұм да...
Полина апыл-құпыл аяқ басқан,
Тап болдық блокада... қатал сынға...
Құртуға тұмсыққа ұрып құтырғанды,
Жасадық майдан үшін бүкіл қамды...
Болды онда тәжірибе станция13,
Аздаған баптап жүрген тұқым бар-ды...
Бұл кәсіп былай қалып... соғыс киді,
Борисім кетті өтеуге борышты игі...
Мекеме дәлізіне кеп жайғастық,
Қырсықта жау бомбалап қонысты, үйді.
Сүйеніп асыл сенім, зор намысқа,
Кешірдік талай сынды сонда қыста,
13Қоршауда қалған Ленинград қаласының тұрғындарының әрқайсысы
тәулігіне 125 грамм нанды талшық еткен. Сөйте тұра, бұл қауым Н. Вавилов атындағы өсімдік қорғау институтында 20 тонна тұқымдық астықты
көздің қарашығындай сақтап қалған.
 Заводта оқ-дәрі артып жүруші едік,
Көшеде шеп құрысып, қорғаныста...
Ақ боран оқ боранмен бұрқағанда,
Қара су қайнағанмен құр тағам ба?
Жұмыстан қажып келіп, жүрек сазып,
Ризасың сәбиіңді қымтағанға!
Сұмдарға өлім келсін – оқты өзі атқан!..
Кей күні жағдай да жоқ от та жаққан.
Қаралы болған үйлер мәйіт сүйреп,
Өксиді оқтын-оқтын Охта жақтан!..
Дүшпанға ел намысын алдырмау сын,
Сәбиді үзім нанға зар қылды-ау сұм.
«Мызғыма, Ленинград!», біз де бармыз,
Деген де естіп жаттық Жамбыл даусын!
Сәбидің күлкісі де тапшы мұнда,
Жоримыз жымиғанын жақсы ырымға.
Көңілін көкең келед деп аулаймыз:
«Қара нан, қанты да бар қапшығында!»
Жау жатса жайымызды өртең етіп,
Жұмыстан кеш оралып, ерте кетіп;
«Ертең!» деп жұбатамыз қыңқылын да,
Ертек айтқан болғансып еркелетіп.
Шыдаймыз аштан қатып, ауырсақ та,
Нан да қат, азық тапшы ауыр шақта:
Көзінен сәбилердің бір-бір ұшқан –
Ақ тоқаш, күлше, самса, бауырсақ та!..
Ал, сәби тақұл-тұқыл нан сұрайды,
Жылайды, еңірейді, қансырайды...
Қашан шығар шуақ күн, таң шырайлы,
Нан сұрайды... әйтеуір жан шыдайды.
Тағдырдың кешіп жүріп күй наласын,
Тілім нан тілемсектеп жиған асың:
Нан дейді, бала байғұс, мама дейді, –
Шығарға шыбын жан жоқ қиналасың.
 Бала ма түсінетін жоқ-барыңды,
Торпағым-ай ойлаған тоқ қарынды!
«Нан!» дейді, «Мама!» дейді, – сұм соғысты
Білмейсің қайтіп, қалай соттарыңды!..
...Беймезгіл көзің түсер шарайнаға,
(Шарайнаға құрысын маңайлама):
Осы да отызда деп кім айтады-ей, –
Әжім басқан, ақ түскен самайға да?!
Сұм соғыс қой түсірген талай сынға,
Майдан үшін құлсың да, малайсың да...
Өзіңді-өзің танымай, естен танып,
Талықсисың айнаға қарайсың да...
Иығына жамылған қара шәлі:
Айнадан шыға кеп ол таласады;
Қырып алар қызыл жоқ ашаң жүзден,
Тұлданады бар жандай алашағы:
Мүсәпір, жоқ жалмауыз кемпірің бе, –
Жүреді деуші еді ғой жер түбінде.
Екі иығын жұлып жеп бас салғалы,
Баса алмай тұр ғой мынау ентігін де.
Ақи көзін алартып, ақшаңдатып,
Біресе жылар көзден жас парлатып:
«Қызғанғаның жем болар қызыл итке,
Қызың анау жатқанда аштан қатып!»
Сөзінің соққысы ауыр сойылдан да:
«Қарны ашқа той емес пе тойынған да!
Не етпексің мынау дәнді мұнша ардақтап,
Көріңе ала кетпек ойың бар ма?!
Қолыңды қаққан кім бар мына түнде,
Жармасса жалған арың тұра тұр де:
Жалғыз қызың жатқанда нәр сызбастан,
Мұның не, сор қайнаған, мұратың не?!
Күн мынау түсіп тұрған басқа ауыр сын,
Нәр татсын ең болмаса жас қауырсын.
 Қабыңның аузын буып қатып қалған,
Не деген қаражүрек, тасбауырсың?!»
Мыстаның мыңқ етпейді, күледі-міс,
Сақ-сақ күліп, сапылдап білері ұрыс:
«Тым құрса қызыңа анау, маған мына, –
Қуырып бермейсің бе бірер уыс!»
«Жоқ! – деймін, – жап аузыңды, қақпас неме!
Көлгірсіме, жауызға жақтас деме,
Мұқалмас жігері, адал достығы бар
Өжет жұрт өз бақытын таппас неге?!
Алжастың, адастың да, шеше, мүлде,
Елің тап, есің дұрыс, есеніңде;
Бірер қап тұқым бидай неге жетер, –
Неше үйге, неше адамға, неше күнге?!
Қуыру, құрту – ойбай, мүмкін емес?!
Ерлер бар – өтер-кетер бұл күн елес!
Бір күннің талшығы емес біздің мұрат,
Болмаса бізді құртқан құлқын емес!
Әзәзіл, табаң ба бұл, ойының ба?
Адамның бөлінгенде ойы мыңға.
Қызығым, қызым үшін жаным пида:
Әзірге – бір үзім нан қойынымда!»
Санадан сандырақ ой сейілді ме:
«Түк етпес, – деймін, – аштық пейілдіге, –
Асырар мың адамды асыл тұқым,
Болмаса бұл аманат кейінгіге!»
«Шық деймін, шық үйімнен, шық, албасты!
Мыстанмен мына кейпім мың арбасты, –
Жалғыздан аяры жоқ, амалы жоқ, –
Арсыздар ана сырын ұға алмас-ты!»
Ақылым алжасты ма әлде менің,
Торына түскендеймін әлдененің:
Қыбырлап колбалардан, қапшықтардан...
Апырау, не боп барад дән дегенім.
 Дәндерім енді өзімді қамады-ай кеп:
Біресе быж-быж еткен арадай көп;
Біресе қаптап шыққан қара құрттар, –
Миымды мың сан бүйі шағады-ай кеп...
Әйтеуір көнеді екен азапқа адам,
Аштыққа, ауруға да мазақтаған.
Сол сынның бәрін жеңіп шықтық қалай,
Бұл күнде өзіме-өзім ғажап қалам!
Қайыспас халық едік рухы неткен!
Бірлікпен бастан қайғы бұлты кеткен.
Кемеңгер кең пейіл ел, қаһарман ер,
Жарыққа алып шыққан бұл түнектен!
Өткердік өжеттікпен бір сынақты,
Ертең де ескеріңдер бұл сұрақты!
Ардақта асыл нанды беу, адамдар, –
Үйге енген кіп-кішкентай күн сияқты!..»
...Арпалыс басталады тағы, тағы,
Шалқиды... гуілдейді... шаңытады...
Қотарып алтын дәнін тыным алмай,
Шүмегін шүлен дала ағытады.
Тынбастан талпынады ер күн бе, түн бе,
Асыра орындайды міндетін де:
Кеудеде кереметтей құлшыныс бар,
Тауды да қопарардай бұл бетінде!
Арнасы тасымаған танап бар ма,
Құяды қырмандарға, қораптарға:
Есептегіш машина есі шығып,
Таң қалған рекордтарға, мол ақпарға!
Алтын дән тау-теңіз боп үйіледі,
Диқан жаны тасиды, сүйінеді.
Құрметтеп күн дидарлы ерлерін де,
Төбесіне көтерген дүйім елі!
Виктор да құттықтайды құрдасын кеп,
Жетіспей құрал-сайман тұрмасын деп.
 Полина ол да разы Баянына:
«Әйтеуір жауын-шашын ұрмасын тек!»
Көрмеген ала жаздай алып тыным,
Таниды-ау топтан озған халық та ұлын:
Ауданда бір Баянның құрметіне, –
Сан мәрте көтеріпті даңқ туын!
Жүректің жалын отын, бұлқынысын,
Арнаған ерлер осы жұртым үшін.
Қамшылап қояр жолдас намысын да:
«Жігітім, жарамайды, бұл тұрысың!»
Жарқ етіп ғайып болған сыршыл көктем,
Аянның арманы үшін қыршын кеткен:
Үзілген аға жолын жалға, Саян,
Абай бол, алаңдатқан бұл сын көптен!
Тоқтық үшін, елімнің ертеңі үшін,
Сәби үшін, сол елдің өркені үшін;
Ұшырып көгершінін – ерке құсын,
Алаңсыз ұқсын ата ертегісін!
Дүбірлеп дабыл қақса дән алқабы:
Жүрек те – жігер-күштің жанартауы!
Орақтың оркестрі барады өрлеп,
Сарнатып Сарыарқада «Сарыарқаны»!
Кеудеде шабыт оты шарпылғалы,
Ер жігіт тыншыр емес нар тұлғалы:
Лақылдап шүмегінен үсті-үстіне, –
Саулайды, құйылады алтын дәні...
Шалықтап туған елдің атырабы,
Шабытты еңбек шалқарға шақырады.
Береке белдеуінде бел шешпестен,
Диқан ер алтын дәнін сапырады.
Алтын дән – ер диқанның асқарлары,
Алтын дән – туған елдің асқан бағы.
Алтын дән – ұлы тойдың салтанаты,
Алтын дән – ерліктің тың дастандары!..
 8. Баянның қатты боранда қалып, аяғы ауыр ана –
Гүлсімді құтқаруы.
...Баянның кемелденген кезі еді бұл,
Шарқ ұрған көздегендей межені бір;
Тұғырда тың түлегі түлеп ұшқан, –
Өртеген отты намыс өзегін ұл.
Зіңгіттей жігіт болған сұңғақ бойлы,
Тұлғасы көз қызыққан сымбатты, ойлы.
Жүзінде ізгілік нұр, күлкі үйірген,
Талабын шабытты еңбек шыңдап қойды.
Бұл сонау қарт еменнің бүршігі еді,
Жақсыға – жақ, жаманға – түршігеді.
Еңбегі жанған жанға жанаса кеп,
Жиі ат салып жүр газет тілшілері.
Ермеген албырт желік шылауына,
Бәрі де жарасып тұр мынау ұлға:
Кешегі балғын сезім – бал махаббат, –
Бағдаты фельдшер болып жүр ауылда!..
Көрінбей ақ түтек боп ат құлағы,
Көкшенің бораны да қатты ұрады:
Төбе шашы тік тұрып тал, қайыңдар,
Құламай табанынан шақ тұрады.
Ер жігіт сағы сынбас талап барда,
Танаптан табылады таң атқанда;
Баянның да үйіне келген беті,
Қар үйіп күн ұзаққа алаптарға.
Бағдат та қолқа салып зорлай келді,
Аптығып базынасын толғай берді:
«Гүлсім ше!.. аяғы ауыр... Шаршасаң да,
Бүгіннен қалдыруға болмайды енді!..»
Не керек апақ-сапақ шамасында,
Баян да алды-артына қарасын ба:
Ағытып қар тоқтатар сүйретпесін,
Тіркеп алды күймелі шанасын да.
 Қысқы кеш тыншып тағы қала алмады,
Қар ұшқындап әп-сәтте амалдады.
Тұлып киген... Гүлсім де рахмет деп,
Жаутаңдап отыр бейуаз жанарлары.
...Аянмен бірге оқушы ед... бала қайран...
Көңілге оралады нала қайдан?
Білуші еді Баян да ағаларын, –
Келін боп келіп түскен «Қарағайдан».
Гүлім екен, шіркін-ай, гүлім десе,
Іш-бауырың елжірер күлімдесе!
Жанары таңғы шықтай мөлдіреген,
Тамып-тамып кетердей дірілдесе...
Дегендей қас қарайды, қайда қонам?!
Сусылдайды сырғыма майда боран;
Күре жол сорабымен Ақтөбе асып,
Тайталасып Баян да таймады одан:
Қар жауса қалың ылғал жөн емес пе,
Сан рет жүріп жүрген жол емес пе!
Тағдырмен бетпе-бет кеп осы жолы,
Түсем деп ойлаған жоқ ол егеске...
Опық жейді екен-ау батырың да,
Оппа қарға килікті ақырында...
Өрімқайда орталық аурухана, –
Қалып еді екі-үш-ақ шақырымда.
Тұмсығын мұнда сұғып, анда сұғып,
Кейін тарпып, жұлқиды алға шығып;
Қасқаның қайрат-күші қайда кеткен,
Малтығып қалың қарға қалды асылып!
Шыға алмады... япырау, не істеу керек?
«Бір амал тап, әйтпесе, бөспеу керек!
Аяға ауыр ананың... нәресте ше...
Талайды таба қылдық кештеу демеп!..»
Әлде, әлде, қайтеді тосса ақырын,
Бағдат, Гүлсім не дейді қосса ақылын...
 Жеткізе ме жаяуға қос шақырым...
Боран үстеп тігуде боз шатырын?!.
...Алды-артын бірдей орап ала қаншық,
Абалап, арс-арс етіп барады аңсып:
Тырмалайды, құтырып, қыңсылайды,
Тап береді таласып, талағансып...
Жатыр ма бұл дүние белден көшіп,
Ұйқы-тұйқы, бұталар ербеңдесіп...
Төтелеп тартқан Баян жол нобайын,
Қалың қарды малтығып белден кешіп.
Жығылып мың құлады, мың тұрады,
Тынбайды тағы да алға ұмтылады...
Тағдыр да табалаған сақ-сақ күліп,
Аспанның ақ мамығы бұрқырады.
Айнала ақ түтек боп алай-дүлей,
Қалмастан қапталынан қамайды үрей;
Сұлбасы алабажақ сұстыланып,
Қасқыр боп қарағайлар қарайды кей.
Сұққылайды, тырнайды, о немене?!
Шөңірі ме, шөбі ме, шөмеле ме?
Уілдейді, ұлиды, ызыңдайды, –
Бөпесі ме, бөрі ме, бөрене ме?!
«Аязға да, боранға, азапқа да,
Шыда, шыда, қалды ғой аз-ақ қана,
Нең бар, тағдыр, бейкүнә нәрестеде...
Табалама, жүзқара, мазақтама!»
Опық жейді екен-ау батырың да,
Оппа қарға арандап ақырында,
Тағдырдың тәлкегімен арпалысып,
Екі сағат жүрді екі шақырымға.
Мың сан ине сұққылап бармағына,
Аяз енді алмақшы ед қармағына,
Құлап тұрып, еңбектеп, әлі құрып,
Шеткі үйдің жетті-ау әрең шарбағына!..
 Өрімқайдан топ шықты іле-шала...
Нәрестенің ғұмырын тілеші ана!
Балбырап өссе балғын, бақытты ұлан, –
Бар шығар Баянның да үлесі, ана!..
9. Қырғын соғыста қаруластары «мерт болды»
деп есептеген Қожабектің ширек ғасырдан кейін, сол
майданда көрсеткен ерлігіне сай наградталған орденін
алуы.
...Сауығып шықты ұзамай Баян-дағы,
Алғысын айтып ел де аянбады;
Тез шыққан себебі бар, сыр ұшығын
Полина келіп кеше баяндады:
Салтанат па, құттықтау кезі ме асқақ?
Әлде бір көне сырдың көзін ашпақ?
Әйтеуір көп жиналды ел осы кешке,
Ерсұлтан Тоғжанұлы өзі бастап!
...Ойран боп дүниенің сайран бағы,
Соғыста... талай тағдыр қайраңдады;
Сыр шертті сұңғыла қарт тарих деген,
Сарғайған газеттер де майдандағы!
Күл болып қалсадағы күйреп тасыр,
Суға батып, отқа да күймепті асыл:
Шаң баспапты ерлікті, ер – мастанбай,
Өтсе де содан бері ширек ғасыр.
Арайлап ату үшін азат ақ таң,
Айналдық қанын төккен азаматтан.
Лейтенант Тимошенко мақаласы ол:
«Қызыл әскер Жүнісов... қаза тапқан!..»
«Мерт болған екі жақтың егесінде,
Рухы тірі, ерлігі ел есінде –
Қызыл Жұлдыз ордені... лайықты...
Тек әттең таба алмадық денесін де...»
Жасаулы жаудан батыр жасыған ба?!.
Қажырлы адам өрлейді басып алға.
 Қастерлеп мұның бәрін тауып берген,
Рахмет қызылізшіл жас ұланға!
Ой жүгіртіп өткен бар өміріне,
Толқын-толқын саз келіп көңіліне;
Қожекең ел алдында тұрды толқып,
Таққанда хатшы орденді өңіріне!..
Отан үшін, ел үшін, ар үшін деп,
Шаң жуытпай қорғаған намысын бек;
Қарт жанары жасаурап бермеді ырық,
Қайталап тек: «Борисім, барысым!» деп.
Бір қиял көкіректен шалқып ұшып,
Табысқандай достармен алқынысып;
Орден таққан кеудесін тұрды сипап,
Сезім өрті ішінде шарпылысып!
«...Соғыста сойқан жауды көргем дедің,
Санадың ба, қолыңнан өлгендерін?!
Болдыңыз ба командир, асқан батыр,
Көке, осы қайда сенің ордендерің?!.»
Тас лақтырған байқамай тұнығына,
Қысылғандай осы бір қылығына;
Баян тұрды елжіреп, Полина да
Егіледі – разы қарт ғұмырына!
«Кешір, әке, кещеңді, кешіре көр,
Көсіл, әке, көкешім, көсіле бер?!»
...Мұқан да жым болды ғой, құш көкеңді!
Төсе сәби басыңды төсіне, кел!..
...Әкенің алға ұстаған байрағындай,
Жас қыран «қыз жақтаған» қайда мұндай?!
Ұзамай Баян – Бағдат той жасады, –
Айнымас махаббаттың айғағындай!..
Екі жас жайнап өскен бала жастан,
Табысып, басталды өмір – жаңа дастан!
Жебейді, жетелейді ізгі мұрат,
Өмірде бақыт бар ма одан асқан!..
 10. Жер тағдыры өз тағдырына айналған даңғайыр
диқан Баянның жер эрозиясын болдырмауға ат салысуы.
Қара, қара! Қап-қара, қара басқан:
Қара түнек, қапалы, қаралы аспан;
Бұлт бүркеп күннің бетін, күңгірттеніп,
Аспан-жер астан-кестен араласқан.
Қайда кеткен жарықтық дала сәні,
Қайда танап ырысты, тамашалы?
Боздай ма бозінгендей боз даласы,
Иығына жамылып қара шәлі!
Ұшты-күйлі ғайып боп қала да ауыл,
Ұйытқыған көз аштырмай қара дауыл;
«Беу, қара жер, жекжат ек аға-бауыр,
Бұл сұмдық жаныма дерт салады ауыр!»
Арам шөпті аямай отағанда,
Сойып түскен сойдақ тіс соқадан ба?
Қара шашы дудырап сыңсиды қыр:
Тап болды тағы қандай «топалаңға»?!
Ұйпа-тұйпа қаптаған қарамықтан,
Аспан да алай-дүлей алабұртқан:
Қара жер қарай ма әлде қабақ шытып,
Жұдырығын түйіп ап қара бұлттан!
Қайғырған, қапаланған дала қатты,
Кімге ұрсып, кімге айтады балағатты.
Кімге мұңын шағады, сырын айтып,
Біз бе әлде білмей жүрген қанағатты!?
Кең дала кейуанаң да, кербезің де,
Кейіттік пе күте алмай дер кезінде;
Күйзелткен Баянның да нәзік жанын,
Қапа-мұң бар қап-қара жер көзінде!
...Ылғалы аз бұл көктем де елеңдеткен,
Тұқымды жөн бе еді әлде тереңге еккен.
Мұқан да бермеді ырық, бұл науқанды
Тезірек бітіреміз деген кеппен...
 «Сыпырып құнарын да, тұқымын да,
Ұйпалап мына құйын құтырынды, ә?!
Жетең бар ма, жетпесе шамаң, зердең,
Басқаға жала жауып ытырынба!»
Қара боран жігерін жер қылады,
Дегендей: «Сен кінәлі, сен кінәлі!»
Күш-жігерін сарқып-ақ беруші еді,
Енді не дер, естісе ел құлағы?!
Қапсырады жата қап қара жерді,
Мына жерді құшады, ана жерді:
Қара боран қайтсең де тоқтамайды,
Төбе шашы тік тұрған дала желді.
Еңбегі еш болғаны қиын ерге,
Өзегін өртеп намыс күйінер де;
Көзі ғана жылтырап қапаланған:
«Не бетімді айтамын дүйім елге!»
«Баян, Баян, жасытпа намысыңды,
Байыптап бағдарлаушы ең әр ісіңді;
Табиғат апатына не дауа бар, –
Демейді ешкім жігіттің сағы сынды».
Қара жер арыла алмай солқылынан,
Қажып ер қара селдің толқынынан,
Қалған сәтте,
ас ала келген Бағдат, –
Аяулысын демейді қолтығынан...
Сұр аспанның сұсынан шошыған ба,
Қожекең ол да жүрген осы маңда:
– Ысырап болды-ау ырыс, енді қайттік,
Көк өнбесе көңілдің қошы бар ма?!
Аралап жүрген осы танаптарды,
Полина да дегбірсіз қарап қалды;
– Құрғақшылық биылғы аз болғандай,
Бұл қырсық қайдан тағы қабатталды?!.
 Баян:
– Эрозия! Лаңыңа көнемін бе?!
Кесепат тағы әкелді мол егінге.
Әр жерде бір бұрқ етіп, жанжал салып,
Кетіп еді екі-үш жыл көлемінде.
Полина:
– Бұл жұмбақтың кілті тек Бараевта!
– Бараевқа тезірек барайық та?!
... Эрозия – бұл Тыңның зор кеселі,
Бұйыра берме өзіңді бар айыпқа.
Қамалып қара бұлтқа қала, дала,
Бір кезде болған солай Канадада.
Жер азып бара жатыр бабы болмай,
Айғағы соққан дауыл жаңа ғана.
Көп ойлаған Тың қамын сол зиялы,
Өмірдің сабағын да мол жияды;
«Желге ұшып кете берсе жер құнары,
Түбінде елге мұның зор зияны».
Ел қамбасын ырысқа толтырғалы,
Әйтеуір еңбегі оның мол Тыңдағы:
Қол астында қызмет жасап жүрген, –
Мамам да көп айтады ол туралы:
«Дән баптауды деп білген кәнігі арман,
Александр Иваныч па дамыл алған:
Сүрінбеген сындардан батыр осы,
Мэхлистей майталман тәлім алған.
Жер қорғаудың үйретті ол қамын елге:
«Түлемейді ол тыңайтқыш, дәрімен де;
Жер деген өзін-өзі қорғау керек!» –
Тек осы дұрыс әдіс бәрінен де!
Қара бұлтты серпуге төніп келген,
Сұрағанда айтқаны «көріпкелден»:
«Кешірсін! Соқаға енді тыйым керек! –
Адамзатқа адал дос болып келген...»
 «Кеселге тап боп жатса жұртың бүгін,
Адамзат, жараспайды бұл тірлігің?..»
Қопсытып, тек сыдырта жырту керек,
Ойласақ Тыңның ғажап мүмкіндігін.
Құлшыныс пен құнт керек егіске ерек,
Сонда ғана иіп ол жеміс беред:
Орман керек тамыры терең тартқан,
Пар керек! Ауыспалы егіс керек!
Баянжан, ұқтым сенің қолқаңды да,
Жаңалыққа баста онда ортаңды да!
Ерсұлтан Тоғжанұлы ол да алаң боп,
Жиірек ат салуда Шортандыға!..
Есесін тап, естісін ел құлағы,
Жеміс берсін, жетіссін жер құнары!
«Ал, Баян, іске кіріс,– дейді жел де,–
Емессің сен кінәлі, сен кінәлі!..»
Қожекең түйгені мол өмірдегі,
Ол да сырын ақтарды көңілдегі:
«Рас, рас бап керек, алтын масақ, –
Түлеп өскен сәби ғой өңірдегі!
Күн шықса кірпіктерін күліп ашқан,
Анаға ұрпақ сүю – ұлы дастан!
Керегі қашанда оған тыныштық қой,
Күншуақ, жұпар ауа, тұнық аспан!..»
11. Халық қалаулысы Баянның ұшақ ішіндегі
толғанысы.
Ақсұңқар келеді ұшып, қанат қағып,
Соңында белес-белес алап қалып.
Аумаған Баянның да арманындай, –
Биікке өрмелеген талаптанып.
Бастаған кіл биіктен жолын ұлан,
Желпиді самал жел боп көңілін ән.
Келеді астанадан елге оралып,
Бас қосқан бейбітшілік форумынан:
 Қуанасың тұлғасын көргеніңде:
Халқы сенген қалаулы болды елінде;
Қасында Бағдаты бар күлім қаққан,
Төсіне таққан Даңқ орденін де!
Кеудесін шабыт кернеп, шер буғалы,
Еңбекпен жанып келед ердің бағы.
«Батыр Баян» деп бүгін қошеметтеп,
Мақтайды, мадақтайды елдің бәрі.
Басынан талай сынды кешіріпті ел,
Сын кешіп талай тарлан өсіріпті ер!
Әулет көп елде мұндай: Тұяқбаев,
Әлімов, Маткеновтер, Есімовтер!..
Көз сүзген диқан болса жер бетіне:
Көктемде нұр ойнаған келбетіне;
Баяғыдай жұмыр жер дөңгеленіп,
Баянды тіршілігін тербетуде.
Ақсұңқар көк аспанда дара қалқып,
Жұтады көктем нұрын дала балқып.
Тарқатқан бұрымындай жер-ананың
Танаптар тарам-тарам – қара барқыт!
Биыл да ерте бітіп егістерін,
Баянның ел мақтаған ер істерін.
Бір апта өтпесе де көруге асық,
Жайқалған жер бетінде жемістерін.
Құнттаған байыбына барам ба деп,
Бұл күнде іс те қауырт, алаң да көп:
Бітірмей көп шаруасын мазасы жоқ,
Баянға біткен осы табанды әдет:
Елі де, жері де сай, көп түлегі,
Ауылды өркендету – ел тілегі.
Жастар да тұрақтар ед... бұл туралы
Хатшымен кеңескен жөн деп түйеді.
Әділ де талап қойғыш, сергек еді,
Содан да құрмет тұтып ел келеді:
 Көмектесер Ерсұлтан Тоғжанұлы, –
Кеше ғана атанған Еңбек Ері!..
Өмір – егін әлі де ала-құла,
Оралып жылан жатыр балағына.
Адамзат тағдырына қауіп төнсе, –
Алаңдайды ер ас батпай тамағына.
Мамырлап атар әлі дала таңы,
Шуағын шат-шадыман таратады.
Білген жанға, ғарышқа қолын созған,
Байқоңыр – диқан баба алақаны!
Билік біткен момынды талағанша,
Жетімдерді есіркеп панаға алса.
Жер бетінде қанша әлі зұлымдық бар, –
Еңіреген, зарлаған бала қанша!
Бір тойғаны оларға асқан бақыт,
Аһ ұрған ана көзден жас парлатып:
Алаңсыз қалай өмір сүреді адам,
Қанша жұрт жатқан кезде аштан қатып.
Ішінде – лаң, құр күлім қаққанымен,
Бетіне перде бүркеп сапқа кірген:
Қанша «әртіс» капиталдың құлқынымен
Президент мырза боп таққа мінген...
Тарта ма қанқұмарлық нәсіліне,
Бұра ма әлде ата кәсібіне:
Адамзат тағдырымен ойнайды олар,
Аярлық айналған соң рәсіміне.
Білгенге сахна емес өмір деген,
Сұрқия мен сұмдық бар көрінбеген.
Шынайы бақыт мұнда, шын қасірет,
Бар мұнда нағыз соғыс, өлімменен.
Көз сүзген диқан болса жер бетіне:
Көктемде нұр тараған келбетіне;
Баяғыдай жұмыр жер дөңгеленіп,
Баянды тіршілігін тербетуде:
 «Жапан ең бұрын мыңды зорықтырған,
Бақытын бүгінгі ұрпақ жолықтырған.
Дүбірі дүлділдердің, жарықтық жер,
Шаттықтан жүрегіңдей соғып тұрған.
Алабың мол несібе, өсім берсе,
Алаңмын оны аялап өсіргенше.
Жер – ана, әлі сені мазалаймын,
Мұхитқа қалаларды көшіргенше!
Жаныңа жара салған жайлар қанша,
Мұратым – майдан құрып, сайран қалса.
Жер – ана, әлі қанша тыншыңды алам,
Ай сіңлің егінжайға айналғанша!..
Болашақ ғасырлармен жолыққалы,
Дән сеуіп, күтіп-баптап, орып тағы;
Тапсырып бар шаруамды автоматқа,
Жүрермін оператор болып-тағы».
Дәуірлер дәуірлерден мұраға алар,
Көк тіреп көз алдыңда тұра қалар:
Элеватор әйгілеп ер еңбекті, –
Тұр асқақтап Тыңдағы мұнаралар!
Тұр асқақтап Тыңдағы мұнаралар,
Жүр ас батпай қырдағы ғұламалар.
Ерлігі ел жүрегін елжіретіп,
Жаңғыртқан дала даңқын бұл ағалар...
Баян да бірі емес пе бұл ағайдың,
Басына түскен талай бұлағай күн;
Ақырын жүріп, анық басқан тарлан, –
Азамат – сөзін баққан ұлы Абайдың!..





Пікір жазу