19.03.2022
  193


Автор: Тортай Сәдуақас

ПЕРІШТЕ МЕН ПЕНДЕ

(Баяғы яки бүгінгі заман хикаясы)
1.
Ерте-ерте, ертеде, Әлде бүгін, кім білсін?
Шал бопты сол өлкеде, Зар қылған бір бүлдіршін.
Бір немере сүйе алмай, Шал байғұсың зарықты;
Ойға батып қиялдай, Шер басыпты ғаріпті.
Қажытып ой қартайтып, Қайғы, зарын зорайтып:
Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып;
Жас суарып сақалын, Жасы келген кәрінің;
Оң болса деп сапарым, Іздеп шықты тәңірін!
 2.
Арымаған соры көп, Арып-ашып түз кешті;
Жаратқанға жолы боп, Жапан түзде жүздесті!..
Құлап еді пақырың, Әлі құрып, сенделіп;
Көріп Хақтың рақымын, Аман қалды, дем беріп.
Ес жиды шал зар қаққан, Кім ойлаған деп бұлай:
Шопан болып мал баққан, – Қарап жатқан жоқ «құдай»!
Малына от қарап ол, Жүрген еді қой бағып;
Адамдарды ала қол, Қайтемін деп ойға алып?
Жер-жаһанға жар салған, – Қарапайым «Құдекең»:
Емен-жарқын қарсы алған, – Бастықтардай бұ да кең!
Қылығы жоқ таңдантқан, Құдірет бұл дейтін де;
Маңып қырда мал баққан, Кәдімгі адам кейпінде!
Шаруа бағып шалғайда, Билік етер бұлай кім?
Құдекеңе – жол қайда, – Өкілі екен Құдайдың!
Жатқан жаны қысылып, Құлын құмнан аршып ап;
Зәмзәм суын ұсынып, Әзілдеді ол хал сұрап:
3. Періште мен шалдың әңгімесі
Періште:
– Шал болсаң да шалымды, Қалыпсың ғой шаршап-ақ.
Қыздырды ма тәніңді, Қалай екен бал шарап?
Көтерді шал басын да, Көр енді кеп сынауын:
– «Түнемелдің» қасында, Түк емес қой мынауың?!
Қулығы бар шалдың да, Сүйретіп кеп қу жанын;
Жусап жатқан алдында, Малын көрді мырзаның:
Айнала қой өргенде, Аң-таң болды қарап қап;
Есі шықты көргенде, Екі көзі алақтап.
Құбыжық па, қой ма бұл? Түстей алған жоқ бірін:
Арнап сойған тойға кіл, – Түрін қара тоқтының?!
Ақсақ-тоқсақ шетінен, Мүшесінің жоқ сауы.
Айнала өрген бетімен, Айналмасы, көксауы.
 Сыр тартты шал сұрап ал, – Байыз таппай шешім ғып:
– Қайдан келген мына мал, Ойпырмай, бұл не сұмдық?!
– Жөніңді айтшы, «бақташым»,
«Жалшысысың» кімнің сен?!
Тіреген бұл ат басын, – Ел-жұртыңды білдір сен!?
Періште:
«Өкілмін!» – деп айтса егер, Шошып кетер деді ме;
Қайтеді деп Хақ шебер, Тартты басқа желіге.
(Айып болмас, тәйірі, Алдай салса кей шалды) :
– Ат байлаған тәңірі, – Ауыл осы дей салды!
«Не тұр онда, е құлым, Қулық айтсам бір ауыз;
Еспенің де не түрін, Естіп жүр ғой Құдаңыз!
Көк езу көп көкіген, Көріп жүрген жоқпыз ба?
Оттап, елді шетінен, Отырғызған көк мұзға!»
Айтты аздап өз жайын, Көп қинамай пендені:
– Командировкада – қожайын, Көмекшісімін – мен! – деді.
– Шаруасының барлығын, Кеткен маған тапсырып;
Жария етем жарлығын, Тілейсің не жақсылық?!
Шал да сезді киесін, Табылған соң жоғы алдан;
Қайдан білсін «Иесін», «Арендатор» боп алған...
Кезінде езген еңсені, Ми шаншыған мың сұрақ:
Кезген талай кеңсені, Машина мен үй сұрап!
Көп төрешіл мезі еткен, Көріп талай көк бетті;
Көзі ашылып кезектен, Қабылдауға дөп кепті!
Құр қол келдің деместен, Құрметтеп-ақ жатыр ғой!
Құнттап құнды кеңеспен, Айтпақ тағы ақылды ой.
«Іздегенім табылар, – Кірер енді берекем?!»
Пендесіне бағы бар, – Сөз бастады «Пері-екең»!..
4. Періште:
– Өңшең мына мертіккен, Малдың сұрқын сұрасаң;
Шежіремді шертіп мен, Біразырақ сыр ашам.
 Бай емеспін мен деген, Қырық жеті матаған;
Алғаным бұл пендеден, Ақсарыбас атаған!..
Садақасы солардың, Келіп жатқан осы мал.
Сауабы бар обалдың, Қарап жаның шошынар.
Адамзатқа бірдейміз, Төгіп шақпат, мейірім;
Не бұзды екен, білмейміз, – Адамдардың пейілін?
Айла-амалын асырып, Бар ма қулық артылған?!.
Жасайды ұрлық жасырып, Сондай кейбір антұрған.
Ішінде адам аласы, Азғындаған аз ба адам?
Сұмдықты ойлап шамасы, Жын иектей жаздаған.
Қулық-сұмдық жолымен, Алдап бірі ақша алар;
Байимын деп сонымен, Бұзылады-ау пәтшағар.
«Жарылқа деп Жасаған!», – Жалбарынып жатады;
Шарасы әлгі жасаған, – Жаныма сол батады.
Болса да той, айт неше, Пысқырмайды тәңірді.
Ием кең ғой, әйтпесе, Тозаққа айдар бәріңді.
Түлен түртіп тантыған, Алла атымен қарғанып;
Айнып кетер артынан, Машина мен малды алып.
Көп ісіне күмәнді ел, Көрмеген соң тыйымды:
Қасындағы – бұраң бел, Астындағы – «БМВ»!
Жетпек бірі – тағына, Мансап керек біріне!
Сыйлай салам тағы да, Сыйынған соң піріне!
Асығады несіне, Асқар тауға жетуге-ақ?
Біреуі – алмақ несие, Бірі – болмақ депутат!?
Бала керек біріне, Бай таңдайды біреуі.
Тойым бар ма тіріге: Қабыл болад тілеуі.
Шетінесе мал-басы, Шеттерінен сол имам:
Аузында тек Алласы, – Аржағында жоқ иман!
Талай құрбан шалынып, Сойылғанман бозқасқа;
Пендем жолдан жаңылып, Ісі басқа, сөз басқа.
 Жамбасын ба, басын ба, Қалады өзі жымқырып;
Жарымжан мал осында, – Жиған содан бір түлік!
Құдайы деп құлдарым, Атаған соң бар ма амал?
Қабыл алып пұлдарын, Ақ ниетім арналар.
«Осы жолы, а құдай, Қолдай гөр!» деп жалбарып;
Қылады ұмыт тағы да-ай, Қалам сөзін малданып...
Ар-ұяттан безінген, Қай жұмақтан жай табар?
Өзің көрген көзіңмен, Әңгімені айта бар!
Алақолдық жасаған, – Алар сұмнан ел секем.
Болсын демей бас аман, – Шын көңілін берсе екен.
Келген ізгі шырайы, Ары таза, алды кең, –
Әркімнің өз Құдайы, Болу керек алдымен!
Жолын ашып адамның, Жарылқаймын дегенім:
Ақ пейілді адалдың, Ниетіне беремін!
Күнде дұға оқимын, Күнәларын кешіріп;
Кімді көзге шұқимын, Есін жияр есірік!
Малмен өтті көп күнім, Бірде ашпын, тоқ бірде;
Көрдің бе ана тоқтының, – Басы атымен жоқ мүлде!
Біреуі тұр – қызыл ет, Сыдырылған терісі;
Неткен қарау бұзық ед, Бола ма осы ер ісі?
Шығыспаймын елмен сол, Шықпасын деп жаманат;
Құдайы деп берген соң, Бәрі маған аманат!
Мүшелерін түгендеп, Қоң бітіріп түскірге;
Үлестірем біртіндеп, Ғарып-қасер, міскінге.
Тілеуімен Тәңірдің, – Байғұстарды қатты аяп;
Қамың жеумен бәріңнің, – Қолыма алдым ақ таяқ!
Айтады кім жалған деп, Адамзатқа болар құт:
Арамқатқыр мал, мал деп, «Арендатор» боп алдық!
Осы малды өсіріп, Таратамын елге мен;
Күнәларын кешіріп, Пенделерімді тергегем!
 Ауызға оңай құр зеку, Көптің қамын жейсің де;
Бәрін бірақ риза ету, – Маған оңай дейсің бе?!
«Өзің құдай болмасаң, Көрер күнің осы»! – деп,
Салсаңдағы жолға сан, Кей сабырсыз есіред.
Айту мысық тілеуін, – Әйтпесе, оған не керек?
Әкеп қойсақ біреуін, – Әуселесін көрер ек?!
Айыра алмай отыр ма ек, Алшысы мен тәйкесін?
«Сығыр құдай соқыр»? – деп, Сыбайтынын қайтесің?!
«Шұнақ құдай»! – деп тегі, Шулаған кім, ау, жын ба?
Шаптығады көк долы, Шаптырады аузыңа!
Сөге алмаймыз ізгі елді, – Насихат қой наз қылған;
Арандатып біздерді, – Шайтан да бар азғырған.
Сенім артса қарт бастық, Өркөкірек табылып;
Рас, кейде шалт бастық, Жаналғыштар жаңылып.
Әзәзілді басқа ұрсын, Момын босқа сорлайды;
Жақсы адам мен жас қыршын, – Өтсе өмірден сол қайғы!
Ел намысын жыртысқан, Жақ боламын мен де ерге, –
Қырық пышақ боп қырқысқан, Барлық пәле сендерде!
Ағайында ар болса, Арамға аяқ баспаған.
Қайда жақсы бар болса, Көре алмайды қас надан.
Шайтан ісін қолға алса, Ым-жымы бір күштімен;
Жазатайым болғанша, Жазады арыз үстінен.
Бір кещені кешсең де, Істейді көп көптігін.
Арам қолын кессем де, Арызқойда жоқ тыным.
Бітер емес, сірә дау, Білімді ерге обал-ақ.
Әй, құлатып тынады-ау, Арыз жазып домалақ.
Тіл мен көздің сұғы бар, Тиіп кетер нақаққа;
Өз жөніңді біліп ал, Қалмас үшін шатаққа.
Қанша нұсқау жазылды, Көңіл қайтіп жай табар?
Менің де бұл назымды, – Ауылыңа айта бар!
Келдің енді жөніңе, Жаса көптің бағына;
Елеп айтар еліңе, Базынам бар тағы да!
 5.
Көр құдайдың құрметiн, Келе жатқан ескiден;
Тергеу сенi мiндетiм, Өтесiң бұл тестiден!
Өкiл болып келсеңiз, Өкпе-наз көп менде де:
Ынтымақпен ел семiз,– Дедiк қой сан пендеге.
Тарқатайын шер мен де, Жолыққан соң жырақта;
Қанша айтсақ та сендерге, Iлмейсiңдер құлаққа?!
Ал айта отыр сырыңды, Аңсап келген Әтиiм,
Тартпап па едiң шылымды, Атпап па едiң апиын?
Ораза, намаз – тоқтықта, Деп айтса да абызың;
Өңкей жасқа боп тұтқа, Өтелген бе парызың?
Көп дәулетiн жымқырып, Алып жеке меншiкке;
Зор мансапқа ұмтылып, Мiндiң бе алтын ершiкке?!
Айдағаның бес ешкi, Айдаһардай ысқырып;
Қалмай сыйлас, дос ескi, – Қудың ба елдi қышқырып?
Жемқорлықтың салтымен, Жинап жерлес, туысты;
Пара алып әркiмнен, Толтырып па ең уысты?!
Аталастың қамы деп, Дауыс жинап, даурығып;
Шығардың ба ат тағы кеп, Ағайынды жау қылып?
Қай еңбегiң сiңдi елге, Хан сарайын тұрғызып?
Мешiт те жоқ iргеңде, Ниеттерiң кiл бұзық.
Саудаға сап сау басын, Іріп-шіріп не тектi;
Аңдып елдiң ауласын, Жалдамап па ең рэкеттi?
Мүжiп семiз марқаны, Мықты емес пе ең мызғыған;
Сызбап па едiң картаны, Тартпап па едiң жүз грам?!
Ат шаптырым аумағы, Офис ашып iрiмен;
Казино мен саунаны, – Торымап па ең түнiмен?
Аз ба ондай ант атқан, – Азынаған «сотовый»;
Шекпен киген, шен таққан, Шеттерiнен Мәтi би!
 Сүйсiндiрiп көптi iсiң, Қарғыс алма, жақсыат ал!
Әуре болған жоқпысың, Аламын деп жас тоқал!
Төрт түлiктi ел «бағына», – Өткiзiп сан артельге;
Қалған малды тағы да, Бермеп пе едiң бартерге!
Таз қалпыңа түспеп пе ең, Баяғы сол машықпен;
Шыңжан менен Пiшпектен, Әлде тауар тасып па ең?
Зәбiр көрiп басқадан, Әлде жүр ме ең шеткерi?
Қысастық қып қас надан, Ақыңды сан жеп пе едi?
Көршi-қолаң тыныш па, Нашақор ма дарақы ұл?
Кiрiп ол бiр жұмысқа, Таппай ма екен қара пұл?
Қартайғанда жақсы ма, Зейнетақы, күйлерiң?
Қаралмай-ақ бақсыға, Көп пе емхана, үйлерiң?
Әкiмдерiң жайлы ма, Ақ сөйлей ме болысып;
Ана тiлi – бай мұра, Төрге озды ма толысып?!
Көрiпкелдер көбейдi, Көр кәнекей алданбай;
Кiсәпiрлер не дейдi, Менен факс алғандай.
Надан сопы шықты өрге, Бiрi «поп» та, бiрi «ишан»,
Бiз бе десек тұтқа елге, – Кiм сендердiң «крышаң»?!
Болмай үстем бiр шындық, Құдайсыз боп кiм оңбақ;
Тағы шықты бiр сұмдық, Мал мен жанды клондап?!
Сорлаттыңдар ұрпақты, Соғыс ашып, лаң салып;
Содан олжа кiм тапты, Пайдасы бар қаншалық?
Мұсылман деп, кәпiр деп, Бiр-бiрiңдi жазғырма;
Шайтан iсiн мақұл деп, Адамзатты аздырма!
Ынсап қылмай ырыссыз, Аз болды ма тойғаның;
Ендi бiздi жұмыссыз, Қалдырмақ па ойларың?!
Жалмадыңдар жер-көктi, Уладыңдар ауаны.
Босып талай ел кеттi, – Табам қандай дауаны?!
Тезге бәрiн салыңдар, Жаңа ғасыр жүз бердi.
Ақыл бердiк, арың бар, Не қыл дейсiң бiзге ендi?!
Түзу шықпай түтiнiң, Түңiлгенiң бiзге сын.
Өй, көбейгiр тұқымың, Өрге басқыр бизнесiң!
 Жолын тауып оң, дұрыс, Ел бақытын iздесiн.
Қарқынды ма өндiрiс, Қалай шағын бизнесiң?!
Қарымыңды көр байқап, Халықсыңдар бір ғажап.
Жер бердік қой кең байтақ, Ел болсын деп бұл қазақ!..
Жер мен суды қорықтан, – Берiп ек қой мол пiшiп;
Мыңғыртып мал, орып дән, – Жатпайсың ба сорпа iшiп?
Қаза бермей құр бекер, Қазынаңа абай бол;
Қазағыңды гүлдентер, Қазық болар қалайда ол!
Көртышқандар кемiрген, – Майлады ма мұрттарын?
Нарыққа көп жегілген, Жайланды ма жұрттарың?!
Сонша жердi бабаңа, Бермеп пе едiк актiлеп!
Ие бол сол далаңа, Қабыл болып ақ тiлек!
Үйiп-үйiп бермеп пе ек, – Мұнай мен мыс, алтынды?
Өрге құлаш сермет тек, Жұмылдырып халқыңды!
Iлiктестен кiм асар, Бұл заманда, құлдарым;
Инвестиция құя сал, – Жетпей жатса пұлдарың!
Аш қалмасың ол анық, Қиямет бiр күнде де;
Отырарсың оранып, Үлде менен бүлдеге!
Көршi менен көлемдi, Көзге неге iлмейсiң?
Абай айтқан өлеңдi, – Неге құнттап бiлмейсiң?
Мiржақып та қақсапты: Ойбай, қазақ, оян деп!
Өмiр-өзен қанша ақты, – Сол әдеттi қоям деп!
Жиын болса есiнеп, Түспейлі ұрттан сағызың;
Жiгiттiң бұл несi деп, Айтам Хақтың уағызын.
Бiр-бiрiңе шағынып, Аз ба тартқан азабың?
Күш сал ендi жабылып, Ай, ақкөңiл қазағым!
Үйiр-үйiр жылқың кем, Үйiңнен көп мазарың.
Үйренiсiп жұртыңмен, Қызды ма ендi базарың?
Құтты болсын сапарың, Көз алартқан көп саған;
Селдiремей қатарың, Сарқылмасын тоқ сабаң!
 Тіктің өрге туыңды, Тiлегiңдi бердi Алла!
Бастап жаңа буынды, Аршындап өс ендi алға!
«Бәйтерегің» әуелеп, Байтағыңды сайладың.
Жемістерің мәуелеп, Жығылмасын байрағың!
Ойла көптің табысын, Олжа күтпей тендерден.
Орта азия барысын, – Көрсек керек сендерден!
Пірадарлар достасқан, Пирамидаң нық тұрсын.
Барлық ұлттар бас қосқан, – Пайымыңды ұқтырсын!
Толтырыңдар табыспен, «Отыз елдің» санатын.
Бермей елдің намысын, Берік болсын қанатың!
Жас ұрпақтың қамына, Шоршымаңдар шоқ басып;
Бiр кемелдiң маңына, – Жүрсеңдершi топтасып!
Бiр-бiрiңдi күндеп тек, Жар басынан құлатпа;
Елдi сүю мiндет деп, Жетсеңдершi мұратқа!
6.
Мұны естіген кезінде, Ес қалмады қартыңда.
Ашып-жұмып көзін де, Тығылды сөзі алқымға!
«Жаратқанның» алдында, Жаман тоны қаудырлап;
Шамасы жоқ шалдың да, Сасқалақтап, саудырлап.
Еңіреп шал еңкілдеп, Естен тана жығылды:
– Ассалаумағалейкүм! – деп, Құлдық ұра жүгірді!
«Бісімілла» сөз басы, – Уағалейкүмәссалам!
Қабыл болар көз жасы, – Көзіңді тый, мәссаған?!
Періште:
Көріп тұрмын көңілі-ақ, Көп пендемнің біреуін,
Қайт үйіңе, соңыра-ақ, – Қабыл болар тілеуің!..
7.
Солай деген қалпында, Ғайып болды Өкіл де.
Енді бір сәт қартың да, Тұрды ауыл шетінде...
Тілеуіңді берем деп, – Айтқаны «Хақ» бәрі есте:
Тұр еді шал елеңдеп, Шыр етті бір нәресте!..
 Келгені ме ғайыптан, Бала ма екен тастанды?..
Шалдың жанын байытқан, Ғажап бір күй басталды.
«Көкем, көктен түстің бе, Көңілге еніп мұнша күй?!» –
Табалдырық үстінде, – Жатты ораулы бір сәби!
Оны қолға алғанда, Құнжың қақты қартың да:
Жеттім деп мәз арманға, Тұяқ қалып артымда!
Қайда бірақ анасы, Жүр ме адасып тұманда?
Шетелге аспай баласы, – Шүкір дей ме бұған да?
Кім емізер бірақта, Бола ма адам жас бала?
Сүтхана мен, шыраққа, – Бар ма арзан баспана?
Берді ме шал сорына-ақ, Қарай ма өмір ажарға?!
Екі өкпесін қолына ап, Жүгіре ме базарға?
Қалтасы тек қалың ба, Нарықшылар не дейді?
Тек баюдың қамында, Елей ме екен кедейді?
Сол бала деп барғанда, Баға қалай дүкенде?
Ұрпақты ойлар қам бар ма, Үміт артқан «Үкеңде»?
Өсіріп сол өркенін, Аялай ма, құнттай ма?
Ертеңі кім өлкенің, Ұрпақ өспей – ұлт қайда?
Атом деген аты өшкір, Атқа салды құрықты;
Аталықтан ада өсті ұл, Ата ғұрпын ұмытты.
Ізгілікті мұрамыз, Ізі өнердің жұтады;
Тәлім көзі – жыр-аңыз, Көп пе оқитын кітабы?
Уыз емес, у жұтқан, Көбейді ғой ғарібің;
Қорғап қулық-сұмдықтан, Қолдай көрші, Тәңірім!
Шарлап арман әлемін, Ел үмітін ақтайды ол;
Тілді берген, Жәлелім, Тіл мен көзден сақтай гөр!
Сәуле шашқан әр үйге, Сәби – елдің таңы атқан!
Сана беріп сол сәбиге, Жар бола гөр, Жаратқан!..





Пікір жазу