НЕМЕРЕ НАЗАСЫ
Ұшырап патша кәріне, Зынданға түсті бір әулет?!
Үрпиіп аң-таң бәрі де: Не деген сұмдық мынау деп!
Зынданға атты жендеттер, Тексермей ақ пен қарасын:
Қапастан қанат сермеп көр, Әділет қайдан табасың?
Қайда жоқ сайтан азғырған, Бар шығар аз-маз кінәсі?
Барлығын бірақ жазғырған, Не деген сұмдық мынасы!
Патша ма, хақ па жаңылып, Түсті ме бұлар шырмауға?
Бір әулет қара жамылып, Тап болды қалай бұл дауға?!.
Пендесі қатты сорлайтын, Осылай тағдыр сынай ма?
Мұншалық бізді қорлайтын, Не жаздық деді құдайға?
Абақты – ол да ауыл бір, Бар еді білгір көріпкел.
Алдына келіп қауым бұл, Балгерден сұрап көріпті ел:
Ол айтты: «Сұмдық не деген! Көресің бар-ау әлі де:
Тумаған әлі немерең, Кінәлі мұның бәріне?!
Немерең бүйтті неліктен? Түсіп тұр соның назасы:
Емес қой құдай еріккен, – Сол екен берген жазасы!..
Қолымнан не бар келетін, Жасаймын қандай дуаны?
Азабын сендер шегетін, Немерең залым туады!?
Үйіріп жынды үйіне, Туады екен ол сұм боп!
Төңірегіндегі дүние, Менікі бәрі болсын деп!
Тек қана ойлап мансапты, Басқаны жүрер қаралап.
Тыншытпай байлық найсапты, Болмайды екен қанағат.
Құлқынын ойлап түнімен, Арбайды достың талайын.
Түйені жұтып түгімен, Жейді екен жалмап маңайын.
Жылмақай жымын білдірмес, Өзінше қулық сақтаған.
Жемқордың жайын кім білмес, Басқаның арын таптаған.
Қан шықпай, ине сұқсаң да, Іркілдеп тәні іріңнен;
Тажалға өзі ұқсар ма, Бір көлдің суын сімірген.
Өзінше маңғаз, майталман, Бесаспап жандай өнерлі;
Жақсы боп сырттай байқалған, Тілімен арбап көп елді.
Қулықпен тауып өрісін, Күпініп, жасап кісілік;
Біреуге берсе қол ұшын, Тұрады ол сыздап, ісініп.
Араны зор ғой арамның, Тойымды әсте білмейді.
Пікірін дос пен жаранның, Құлаққа тіпті ілмейді.
Тисе егер билік қолына, Жоныңнан таспа тіледі.
Әркімнің түсіп соңына, Келемеж қылып күледі...
Сөйлеп тұр солай құмалақ!.. Іс болды қандай бұл ағат?
Сіздерді қайтем кіналап? Не дейін енді, жұрағат?!.
Осындай тағдыр сорабы, Басыңа түсті бұл бір сын!?.
Тәубаға келіп ол әлі, Қона ма ақыл, кім білсін?!.»
...Жалбарып хаққа түнекте, Болар деп рақым сенімді ел:
Жеткізіп құдай тілекке, Жазасы бәлкім жеңілдер?!.
Атаның жолын жалғаған, Жақсы ғой тәтті немере!
Жалғанды мынау жалмаған, – Ұрпақ па, әлде немене?..
Айтады ел оған нәлет деп, Жуытпас езді жұрт алғыр:
Алпамыс жоқта – әлек боп, Азғындық жасар Ұлтанқұл!?.
Бермесін басқа бұл тағдыр, – Қатыгез сұмды қасарған.
Ұрпақтың езі – Ұлтанқұл, Ұлтының соры қашаннан!..