ТӘКАППАР ПАТША, ШАЙТАН МЕН КІРПІ-ШЕШЕН
Бір патша тайды орнынан, тағы босап,
Даңқ қалды, дәулет қалды – анығы осы-ақ;
Өтті деп бір әмірші, баяғыдай
Түтінін түтетті ел, жанып ошақ.
Орнына мұрагер бір болды кісі,
Мансапқор, өзі жылпос, зорлық ісі;
Әлек боп әлін білмес әлгі адамның
Басына бақыттың кеп қонды құсы!
Патша боп тигеннен соң өзіне ерік,
Құбылды әзәзілдің сөзіне еріп.
Ізіне түсті ізгі жақсылардың,
Қылмысын тұрмаса да көзі көріп.
Тірлігі іштен шалу, түлкі бұлғаң,
Түлкі бұлғаң түбінде күлкі қылған.
Түңіліп небір жайсаң тынды ішінен,
Күн жоқ деп құлағанша бұл тұғырдан.
Көрініп маңайының бәрі дұшпан,
Іштарлық – арбап алды кәрі мыстан;
Аз әулет азу басып аздырды елді,
Жазғанның жері осы еді жаңылысқан.
Үлкендер демеді елге, кімге сендің?
Кесір боп келгені анық бір кеселдің;
Өркендеп өрге баспай өнер-білім,
Сөгіліп сала берді іргесі елдің.
Арбаған әзәзіл бар әр ғасырды,
Қайдағы жаман әдет қанға сіңді:
Қастандық жасамақшы патшаға деп,
Жаламен небір жақсы дарға асылды.
Қудалап, қорлық қылып құлдан қатты,
Ақылды уәзірлерді зынданға атты.
Топастар торлап алып төңірегін,
Жылпостар зыр жүгіріп жылмаң қақты.
Сайлап ап алаяқтар сан айланы,
Сыяпат алып жатты талайлары.
Жағымпаз, ойы таяз, тоғышарға
Ақыры толып кетті сарай маңы.
Әзәзіл әр жақсының қазып тегін,
Жаһнамға кетіп жатты жазықты ерің;
Сезікпен секем алып жатса-тұрса,
Өзі де жүре алмады жазып белін.
Заманның зарын діттеп сыншы айтар ма:
Туған ел ұшырады бір сойқанға.
Қайдағы қарау ойлар үйіріліп,
Ел азды құрбан болып жын-шайтанға.
Не болмас алмағайып замандарда,
Шығарды шайтан сұмдық, амал бар ма?
Езгіге салмақ болды, елді билеп,
Шынымен күн көрсетпей адамдарға?!
Қатерлі елге тағы күн басталды,
Пұшайман патшаны да мұң басқан-ды;
Түсірмей күн сәулесін шайтан жерге,
Тұмшалап қанатымен тұрды аспанды!
Біле ме шайтан деген қымсынуды,
Жалмады апта сайын бір сұлуды.
Патшаның қызына да келіп кезек,
Не істерін білмей ел-жұрт түршігулі.
Сескеніп сыбайластар сұрапылдан,
Пысқырмай патшаны да мына тұрған;
Барлығы қиындықта бас сауғалап,
Қалмады тақ қасында бір ақылман.
Қуғындап күн көрсетпей, өсек еткен,
Зар болып уәзірлерге кешегі өткен;
Зыр қақты салы суға кеткен патша,
Күйінді күйредік деп не себептен?
Той қалды, тойымы жоқ пара қалды,
Өр патша менсінбейтін жан адамды;
Жалбарып, құлдық ұрып, есі шығып,
Алдырды зындандағы даналарды.
Ақ-адал, атақ-даңқы дүркіреген,
Ішінде ер бар еді Кірпі деген;
Тіл тауып, келіссөзге бармақ болды ол,–
Шайтанмен – күн астында күркіреген!
Серпіліп Кірпі-шешен сөз алды да,
Әкелді өткен кепті көз алдына:
«Құрметтеп қайта жисаң ел жақсысын,
Шаруаңыз келер,– деді,– өз орнына!»
«Басыңа шығарып ап бір жаманды,
Жігіттер, жамандама бұл заманды,
Ақиқат адастырмас, – деді, – ақ жолдан, –
Бұйырған кімге азапты, кімге ажалды?!.»
Түсініп талайларды жер қылғанын,
Жинады патша өжет ердің бәрін;
Шамданбай шұғыл іске кірісті олар,
Мойынға артып түгел елдің қамын.
Шайтанға Кірпі-шешен өзі барды,
Айламен тілін тауып, сөзін алды:
Қолынан келмейтұғын керемет жоқ, –
Шайтан да осы сөзге тез иланды.
«Шайтеке, жарлықты ұқпай халқымыз дал,
Ант бұзсақ азапқа сап, тартыңыз дар:
Жүрейік әміріңе құлдық ұрып,
Тек қана қоятын бір шартымыз бар?!
Сақтайық жаратқанның салтын ізгі,
Шынымен орындасаң шартымызды, –
Құлыңыз боламыз біз құлақкесті, –
Әйтпесе, босат тордан халқымызды!»
Байсалды Кірпі-шешен батыл да еді,
Данадан шығады ғой ақыл кені:
Қолынан келмейтұғын керемет жоқ, –
Шайтан да: «Құдай – куә, мақұл»,– деді!
Шайтанға келеді оның әлі қайдан?
Ерлердің жүрген жері бәрі – майдан:
«Сағымнан ат жасап бер! – қойған шарты,–
Тағы да, – қамшы өріп бер сарымайдан!»
Әлекке салған елін хан ойланар,
Үрпиіп үрей басқан сарайда олар;
Шынымен көптің бағы жанар ма екен,
Япырмай, ел тағдыры қалай болар?!
Шайтан сұм бастап кетті қалыпты ісін,
Тырысты бар өнерін, салып күшін.
Түнімен ақтер-көктер болды шайтан,
Малығұн, баспақ болып халық мысын!
Жатпайды, жасымайды, жалықпайды,
Түнімен ат пен қамшы қалыптайды:
Күн шыға еріп кетіп, еңбегі еш боп,
Аһ ұрды, жанына бұл салып қайғы!?
Қызын – күң, етпек болған баласын – құл,
Арсыздың қалды адыра таласы құр:
Сөзінде тұра алмаған, сағы сынып,
Таусылды шайтанның да шарасы бұл?!.
Күйзелді, күңіренді, күйінді де,
Құдайым мақұлыққа бұйырды не?
Жарқ етіп ақырында күн де шығып,
Ал шайтан айналыпты үйіндіге!..
Қапаста қала бермес халық текті,
Жеңіске жетер жаудан алып кекті:
Құсадан қара жүрек қақ жарылып,
Қанаты күн шоғына жанып кетті!..
Сұм кетті күннің жүзін тұмшалаған,
Қу да өтер қуырдақ жеп күн санаған.
Қырғыннан құтылды да қиналған ел,
Ажалдан аман қалды мың сан адам.
Бітпепті мансапқордың мақсаты әлі,
Қайтадан шықсын дей ме жақсы атағы;
«Сазайын беремін,– деп, – кінәлінің?!» –
Кіжініп кәрін төкті патша тағы!
Ойы да оспадардың қатерлі еді,
Ойыннан от шығарған әпенді енді:
«Қорғасын құйдырамын көмейіне,
Алдыма күнәкарды әкел!» деді!
Кірпі айтты: «Халқым үшін қондым атқа,
Аярды ақтау емес ол бірақта:
Жағымпаз, әзәзілдің құлы болған, –
Қорғасын құя керек сол құлаққа!..»
* * *
Мансапқор өрісі тар, қараңғы алды,
Деп еді тағдыр шіркін тәмамдалды;
Ел қамын жеген ерлер ақыл тауып,
Қайран ел бір апаттан аман қалды.
Ел еді көрмей өскен еш қысымды,
Тосыннан тор сауытты тесті сүңгі;
Өзінің зор күнәсін менмен патша, –
Түсінді, бірақ әттең кеш түсінді!..