19.03.2022
  122


Автор: Тортай Сәдуақас

Патшаның әмірі...

Патшаның әмірі елді кетті үйіріп,
Уәзір – мәз, би сорлады тек күйініп.
Атты әкеп, атшысына тапсырды есер,
Көз ілмей күзетесің деп бұйырып!
«Емексіп естімесін ел дүбірін,
Сезбесін шөп суылын, желдің үнін;
Шідерлеп тұсау салып тұралатып,
Көрейік әуселесін енді мұның.
Ұғып қой, сәуле болса санаңда, атшым,
Мынау ат тек тезірек арам қатсын!
Кезінде мүрдем кеткен хабарын айт,
Тісіңнен шығармай ал қараң батсын!»
Жақсының жүйрігі еді маңдайдағы,
Күтіп тұр сұм тағдырдың қандай лаңы?
Жануар бара ма озып көмбесіне,
Жұлыны үзіле ме жанбай бағы?
Кім білсін, ноқталыға бақ қона ма,
Жалынан сипай қоймас жат қол ана?
Көрместей жарық сәуле, сасық қорда,
Қараңғы қамай салды ат қораға.
 Бола ма имансызда обал-аят?
Жымқырды жем-шөбін де одан аяп.
Арса-арса қу жаны қап жануардың,
Торығып торда тозды тобанаяқ.
Қит етсе қысас айғыр қыршып алып,
Қиналды қия баспай, қи шығарып;
Сұйылып құйрық-жалы, болды өлімші,
Шықпыртып шығарды өнер бишік алып.
Жанына жануардың жаман батты,
Амал жақ аман сақтап қаларға атты;
Ғажайып болмады түк ғайыптан да,
Ақтангер ақырында арам қатты!?.
Ел жым-жырт, шапқын да жоқ жау ықтырған,
Сарайда баяғыдай сауық құрған:
Сіміріп бал шарапты шалқып патша,
Атты да ұмытқандай қауіп қылған.
Сүйінші сұрауға енді атшы асығад,
Ақымақ ақы алмақшы, ақша сұрап:
Қызара бөртіп мұны қызық көрді, –
Патшасы, әлгі уәзір патшасымақ:
Екеуі естіді де елең етті:
«Аманбыз, одан бері нелер өтті...»
Қу басты құс саңғыған көзбен көріп, –
Көрсетпек болды сұмдар «кереметті»!..
Атшыға жаудырғандай бар алғысын,
Танытпақ сүйек таптап надан күшін:
Үшеуі қу сүйекті таптай берді,
«Мә, саған, сенбісің, – деп, – жан алғышым?»
Құдай-ау, кеще атшыдай кеш бейбақты,
Мыналар қурап қалған не істейді атты?
Сол екен... шыңғырды да қалды ойбайлап,
Қыла алмай, нөкері аң-таң, еш қайратты.
Жылынып бас сүйекте жатқан жылан, –
Шағып ап, әлгі үшеуі сеспей қатты...
 Ой салсақ оқиғаның желісіне,
Болды обал тұлпарға да иесіне.
Ал зауал зұлымдыққа тиесі ме,
Әлде бұл қас жүйріктің киесі ме?!
Олжа сап, дүбірлеткен туған елді,
Озбыр күш кінәлі ме қуған ерді?
Тұлпардың киесі атып әлгі үшеуін,
Айтқаны көріпкелдің тура келді!..





Пікір жазу