19.03.2022
127
Алға сүйреп....
Алға сүйреп арманым мен аңсарым,
Сапар шегіп келем, міне қанша күн?
Өрге шықтым, орға түстім сол жолда,
Сан ұмтылдым, сан құладым, шаршадым...
Әлім құрып әділетсіз ұрыстан,
Шерім мынау, белім мынау құнысқан:
Әупірімдеп өттім талай қылтадан,
Адам таппай бір жағымнан шығысқан.
Жалғыз өзім желге қарсы жарыстым,
Жалғыз өзім шермен бірге алыстым.
Қиыр шетте қиындықты көрсем де,
Қайта түлеп қайрат қылдым, қарыстым.
Ізет сақтап инабатты кісіге,
Сан кезіктім озбырлардың ісіне.
Мың мұқалып, жүз қайралып жүргенде,
Соның бәрі қалай сыйған ішіме?
Түзден іздеп ер жігіттің азығын,
Жалғыз өзім тауға өрмелеп қажыдым:
Айтшы, болса қақпайлайтын жазығым,
Қайда менің ат байлайтын қазығым!?.