Амал қанша....
Амал қанша мынау тағдыр-талайға,
Мимырт тірлік мұрша бермес қалай да:
Бізге қымбат әпке-жезде үйі бар, –
Аттың ізін салмай кеттік Мамайға?!.
Асыл әпкем қадыры бар маңайға,
Қамар жездем қара жолға қарай ма,
Қамыға ма, қалың ойлар қамай ма?
Қауырт күндер жеткізбейді Мамайға...
Ақын сөзі таралғанда талайға,
Ақ түскенде біздің-дағы самайға,
Тіршіліктің күйбеңімен көп жүрдік,
Аттың басын тірей алмай Мамайға!
Жеткен жоқпын алтындатқан Сарайға,
Шомылғам жоқ күн сәулесі арайға:
Алыс жолда жүрсемдағы аптығып,
Ата жолын жалғау керек қалай да.
Айтып өткен кісіліктің кесімін,
Ағайынға берген әділ шешімін:
Осы тәтем ыстық еді тағы да,
Сақтап жүрген би атамның есімін!..
Асыл тәтем бағын тауып Мамайдан,
Мекен қылып тұрады онда талайдан:
Құда-жегжат сыйластықпен күн кешіп,
Тілек қосып, татып жүрді талай дәм.
Әке-шешем өтіп еді елеңдеп,
Қолда болса – бар жақсысын берем деп,
Қабағына кірбің түссе ізгінің, –
Сұрайтындай үлкендерім менен кеп!..