
Басымнан өткендей....
Басымнан өткендей бір тәп-тәуір күн,
Ауырдым, осы жолы қатты ауырдым.
Жолымды кесті талай кісәпірлер,
Азары өтті маған жатбауырдың.
Талпынған аяқ-қолды матаған кім,
Қамалып қалың ойға қапаландым.
Киесі ұрмай ма екен аруақты елдің,
Кепиеті атпай ма екен ата дәмнің?!
Қажыдым, қапа болдым, қамсыз қалдым,
Налыдым, назаландым, нәр сызбадым;
Қарау ой қара бастың қамын жеген,
Азары өтті маған арсыздардың!
Құлашын ұл ем мен де кең сермеген,
Ел барда түседі осы еңсем неден?
Бір құшақ нұр бар менің кеудемде де,
Апарып туған жерге берсем деген.
Жүрсек те әр қиырда жазымышпен,
Айнакөл айдыным ғой қанып ішкен.
Мапыраш менің құтты мекенім ғой,
Еске алам соның бәрін сағынышпен.
Есімде асық болған сағым, құздар,
Есімде ғашық болған ару қыздар.
Алдымда бабам салған тәлімді із бар, –
Алар ма олар барда жанымды ызғар?!.