19.03.2022
  200


Автор: Тортай Сәдуақас

Терең ойлы....

Терең ойлы, сезімді, Жалғызым ең аяулы!
Жоғалтып ап өзіңді, Жаным менің қаяулы.
Самғайтұғын биікке, Сен емес пе ең лашын?
Салып бізді күйікке, – Үзілді кең құлашың...
Ел көзіне түсетін, – Елгезегім сен едің.
Суда да еркін жүзетін, – «Желбезегім» сен едің.
Қырда жайнап түлеген, Қызғалдағым сен едің.
Шаттық ғұмыр тілеген, Ізгі арманым сен едің.
Көркі болар көлімнің, Қасқалдағым сен едің.
Құты болар төрімнің, – Басты арманым сен едің!
Қатар ұшсақ қиырға, Қанатым ең демейтін;
Тап болсам не қиынға, – Тілекшім ең жебейтін.
Құлаш ұрған қай ұлдан, Кем едің сен, мерейім!
Шын асылдан айырған, Сұм тағдырға не дейін?!.





Пікір жазу