МҰҢ ШАҒУ
Жылжиды жыл, қатарымды сиретіп,
Жай түседі жасыл баққа күйретіп;
Қанша аяулы жаннан қалдым көз жазып,
Шіркін тағдыр шылбырымды сүйретіп…
Не дейін бұл тағдыр деген зәлімге,
Сағынамын мен солардың бәрін де:
Менің мына моп-момақан кеудемді, –
Шер торлапты – шипа іздеймін, дәрің не?
Ішім менің шерге толы, шеменге,
Сенбей-ақ қой сейіл қуды дегенге.
Жанға медеу – жарлы байып, жас өскен,
Сөз өтпейді тағдыр деген кереңге.
Обыр ажал көмейіне тас тұрсын,
Обал деген жанарларға жас тұнсын;
Аяулылар апппақ нұрға айналып,
Арманына жете алмады-ау жас қыршын?!:
Жамалымды жоғалтып ап, дерт қонды,
Оны ойласам өзегіме өрт толды;
Періштедей пәк сезімді, бейкүна, –
Салтанаттай ару неге мерт болды?!.
Аққу құстай аяулы еді сол бала,
Маңдайына жазылған ба сор ғана?
Арман қуып шыққан жаңа жолға да,
Сұм тағдырдың сыйлағаны зор нала,
Аққу құстай аяулы еді сол бала!..
«Қыз өссе егер, елдің көркі» дейтұғын,
Ұлағатты ұмыттың ба, ей пірім?!
Жұлдыз болып жанды ма деп сол жандар,
Көз ілдірмей көлбеңдейді кей түнім!?.
Шырағы өшіп, шырқын бұзар ауылдың,
Аттан ауып жатса азамат – ауыр мұң;
Тышқан мұрнын қанатпашы, түздегі
Тышқақ лағы аман болсын бауырдың!..