19.03.2022
127
ШАПАҒАТТЫ ЖАН
Ардақты ана Балажан апаға
Шуағын шашқан күндей қаңтарда да,
Пейiлiң – кең шалқыған дарқан дала;
Ұрпағың жетiстiкке жетсе қандай,
Өзiңнiң, соның бәрi арқаңда, ана!
Ашқандай өрендерге өрiс бейне,
Көңілің көктем десе келiспей ме;
Созақтан созған қолың қолдап көпті,
Тараған таң нұрындай Терiскейге.
Халқына ақ тілегін мол ақтарған,
Ана едің, жаралғандай жаны ақ таңнан;
Нәр берген қасиеттi Жыныс-Ата,
Аққолтық, Жартытөбе, Шолаққорған.
Дегдарлық тұнған көңiл сарайыңа,
Сыйлы едің, сый арнаған ағайынға;
Әжелеп шат күлкiмен шүпiрлеген,
Немере, шөберелер маңайыңда.
Оралса түлектерің сағынышпен,
Болғандай мерейің зор, бағың үстем;
Қияға самғай берсін сол құстарың,
Киелi ел рухынан қанып iшкен!..