19.03.2022
  174


Автор: Тортай Сәдуақас

АСЫЛ АНА – ҚАМҚОРШЫСЫ ЖҰРТЫНЫҢ

Қалима апайдың рухына
Асыл ана – баршаға өмір сыйлаған,
Ұрпағы үшін бақыт нұрын жинаған.
Ардақты жан дүниеден өткенде,
Ұрпақ жанын қайғы кернеп қинаған.
Асыл ана – ұрпақ жайын қамдаған,
Ұл-қыздары түлеп көкте самғаған.
Асыл ана – қамқоршысы жұртының,
Туған елге ақ тілегін арнаған!
Ана – бағбан бақшаларға гүл еккен,
Тәрбиелеп ұрпақтарын түлеткен;
Амал қанша, аттанғанда бақиға,
Қоштасады ел қимай ізгі жүрекпен!..
Перзенттерін қосқан ана қатарға,­­­­­­­Атқан таң ғой, күн боп қайта батар ма?
Ел егіліп, бел бүгіліп қалады-ау,
Аттанғанда ана мәңгі сапарға!
Асыл ана – жақсылықтың қамбасы,
Асыл ана – ұлы өмірдің арнасы:
Ізгілігін мирас еткен ұрпағы,
Ата-ананың ғұмырының жалғасы!..
Ана өлмейді, самсап жанған жұлдызы,
Ана өлмейді, өрге жүзген ұл-қызы.
 Ұрпағымен бірге жасап ұлы рух,
Ақ жол тілеп тұратындай нұр жүзі.
Әз ананың орыны әсте толмайды,
Сабырмен тек жеңілдейді зор қайғы.
Құрмет қылып, ардақ тұтқан әрдайым,
Ұрпақтарын рухымен ол қорғайды!
Асыл ана – мейірім көзі, шуақ таң,
Ұрпақтарын қорғай жүрсін сынақтан.
Ана рухы ұрпағымен бір жасап,
Асыл ана жай табады жұмақтан!





Пікір жазу