БАТЫР БАБАЛАР ЖОЛЫ
Жеткен сыр ескі аңыздан, көне күйден:
«Сыйлас бол, жақсылардан өнеге үйрен», –
Үлгі алған Құдайберді би де солай,
Қарасай, Наурызбай, Төле биден!..
Кезінде ер атанған, нар атанған,
Тараған тарлан екен Таңатардан:
Қаратау, Алатауды қатар жайлап,
Құтты орын сайлап алған Қараталдан!..
Ұрпағы ұлы бидің ер Медетбек,
Ел үшін құлаш ұрған, өрге беттеп:
Жалғасқан жақсылардың жарқын жолы, –
Бұл күнде ұрпаққа үлгі, елге – мектеп.
Қастерлі мекені боп Қастек, Түрген,
Аталар аңызында әспеттелген:
Сапында ол Сұраншының сарбаз сайлап,
Майданға жігіттерін бастап кірген!..
Жұртына елдік жайлы жар сап өктем,
Би еді еркіндікті аңсап өткен;
«Көзата» ердің рухын жаңғыртады, –
Өтсе де қаншама жаз, қанша көктем!..
Жеткенде алаш жұрты нұрлы күнге,
Елдікті мұрат қылып тірлігінде:
Атаның өсиетін жалғастырып, –
Ұрпағы елін қорғап жүр бүгін де!..
Ол кезде ел кенде ме шер-наладан,
Кетпеген айқай-сүрең кең даладан:
Қайран ел еркіндік пен теңдікті ойлап,
Қажымай ертелі-кеш жер қараған...
Ел төрі Қарқаралы, Қарқара да,
Үш жүздің басын қосқан дарқан ана:
Осылай Құдайберді бидің елі, –
Кең жайлап келген екен Арқаға да!..
Келген соң Сарыарқаны санап төрге,
Мұндағы ел қоныс берген талапты ерге:
Сол ұрпақ Қарасайдың жолын жалғап,
Тіреген аттың басын Қараөткелге!..
Тарихта таңбаланған ол жағы анау...
Табысқан – оң жағалау, сол жағалау:
Қадірін ел табысқан сол мекеннің, –
Бабалар сонау кезде болжаған-ау!..
Ақмола – ел кіндігі енді бүгін,
Жаңғыртқан бабалардың ен дүбірін:
Қарыштап Қазақстан барады алға, –
Естіртіп кең әлемге ерлік үнін!..