БҰЛАНДЫ
Бұланды, қайран Бұланды, Ел едiң сыршыл жыр-әндi;
Жер едiң жетi жұрт өткен, Батырлар салған ұранды…
Маң басып осы маңайда, Өткен ғой Орақ, Мамай да.
Тоқтамыс өткен топ жарып, Танылған өлкем талайға.
Бұланды – бұла ну орман, Батырлар өскен ту алған.
Мапыраш пенен Шапыра, – Қарасай атын суарған!
Әйтiмбет билер бiлгенге, Айтулы ерден бiр кем бе?
Абылай қонған Ақорда, – Қылшақты ол да iргеңде.
Заманда еркiн торлаған, Жанғал би елiн қорғаған.
Бiржан сал, Балуан Шолақтар, – Елдiктiң жырын толғаған.
Жыр болып қонған көкейге, Бурабай, Шортан, Жөкей де.
Заманға кеткен есеңдi, Есiркеп уақыт өтей ме.
Жолболды менен Қайрақты, Айшықтап аққан аймақты.
Әупiлдек жақтан әуелеп, Бұлбұлың бақта сайрапты.
Ел болдың бiр кез – «Үшбұлақ»4
, Басыңнан неге ұшты бақ?
Мiндiң ғой ендi ұшқыр ат, Ұйқыңды аш, ұмтыл, ұшқын ат!
Бұланды, қайран Бұланды, Жаңғыртшы дәстүр, мұраңды;
Атыңды жарлап айта алмай, Өткердiң күндi күмәндi.
Бұланды, қайран Бұланды, Ұшырдың қанша қыранды;
Серпiлiп құлаш сермешi, Сейiлтiп бастан тұманды.
Бұланды, қайран Бұланды, Жаңғырып рухың құралды;
Арнаған бұл жыр, бұл әндi, Ұмытпа сен де ұланды!..