19.03.2022
  237


Автор: Тортай Сәдуақас

САРАЙШЫҚ

Заманның аршып берер талай сырын,
Тарихтың бояуындай әр айшығың;
Кетсе де сырың кеше, сының кетпес,
Сазысың сар даланың Сарайшығым!
Кезінде теңге соғып, алтын сомдап,
Дүбірлеп шығып еді атың сонда-ақ!
 Қатыгез сұм заманның кесірінен,
Қалды ғой ордаң қирап, халқың сорлап!?..
Сөреңде толып мата, бақыр, қазан,
Мақамдап мешіттерің шақырды азан!..
Қақ жарып қара қылды данагөйлер,
Болғандай бидің сөзі батырға заң...
Дабырлап керуен сарай, хан сарайың,
Табысқан бөктеріңде қанша ағайын:
Өзіңнен бабалардың сырын ұғып,
Менің де жаңғырады жан сарайым!..
Толтырып қазынаңды алым-салық,
Сарбаздар ел қорғады жанын салып;
Рухымды серпілтеді сенің көмбең, –
Тарихтың әр тарауы табылса анық.
Ерлік пен елдігімнің белгісі едің,
Халқыңа тәуелсіздік берді сенім:
Мұрасын зерлегенде жас ұрпағың,
Басталар жақсы күнің енді сенің!..
Сұм дұшпан келтірсе де талай шығын,
Өшеді рухың барда қалайша үнің?
Ақтарып ерлік толы сырларыңды,
Санамды сергіте бер, Сарайшығым!..





Пікір жазу