19.03.2022
  186


Автор: Тортай Сәдуақас

ҰЛЫ КӨШ

Туған ел, мұраты зор, арманы асқақ,
Саяңда ұрпақ өсiп, жан жараспақ.
Арқаны дүбiрлетiп алашым деп,
Ұлы көш келедi елдi алға бастап.
Артынып Алатаудан көш келедi,
Арқа да арқа-жарқа төс кередi.
Қай заман мына заман – еркiн заман,
Өркендеп, өрiс тауып өскен елi!
Елiне ерлерi – айбын, данасы – айбар,
Келедi ғажап жылдар, тамаша айлар.
Абылай, Бөгенбай мен Қабанбайлар,
Кешегi өткен жол ғой Қарасайлар!
Ұмытып замандардың қайғы-азабын,
Өспеген мәртебесi қай қазағың?
Болады Жерұйығың жаңа астана,
Толады берекемен тайқазаның!
Ерлiгi ертеңгi ұлға әлi де айбын,
Ер жеткен ер киесi дарымай кiм?
 Тәукенiң тiккен туын асқақтатып,
Аруағы аунап түстi-ау Абылайдың!
Шығармай аталардың сырын естен,
Бұла боп қызың өскен, ұлың өскен;
Туған ел, тұғырыңды ол биiктетiп,
Толады ырыздығың ұлы көшпен!..





Пікір жазу