19.03.2022
  143


Автор: Тортай Сәдуақас

Жақанға

Жарқылдап жүретұғын пәк сырымен,
Жақаным – жақыным ең, жақсы iнiм ең:
Қиянда қияға өрлеп жүргенiмде,
Сендердi перiштеге тапсырып ем.
Бақиға ерте неге көштiң, iнiм,
Баршаға жағымды едi дос қылығың:
Аңырап қалған жарың медет тауып, –
Асқарға ұшсын биiк қос құлының!
Қанатын, мертiккендей, қаға алмай құс,
Көз жұмды және солай Жамал байғұс;
Опынып отырамын оңашада,
Жеңетiн көп сындарды таба алмай күш.
Тағдырдың түрмесiн де, бүргесiн де
Көп көрген әкем сонда тұрды есiмде;
Қызықтан құр қалғандай қайран анам,
Қарызбын әрбiр осы нұрлы есiмге.
Сияқты суға кеткен тал қармайды,
Тап болдым тағдырға бiр тар маңдайлы;
Түңiлсем түн ұйқымды төрт бөледi,
Iшiмде ұлып жатқан арлан – қайғы.
Қажимын, жар кешкендей жалаңаяқ,
Бермеді тағдыр олжа маған аяп;
Бір ісім әупірімдеп алға басса,
Бір қырсық төтеден кеп шалады аяқ.
Менiң де сыртым бүтiн, iшiм – қайғы,
Iшiмді ыстаған шер ысылдайды;
Соңымнан санасы бар санат берiп,
Сұм тағдыр неге биiк ұшырмайды?..
Менiң де жан дүнием, аңғарсыңдар,
Әкемнiң қорасындай аңғал-саңғал;
 Жортқанда жар бола гөр, Жанғал шалдар3
,
Жолымды жарық еткей, жанған шамдар!..





Пікір жазу