19.03.2022
  144


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚЫН МЕН ЖОЛАУШЫ

(М. Мақатаевқа, болған оқиғаның ізімен)
Жолаушы мазасыз бұл қандай халық,
Ауылы аңсатты ма шалғай қалып:
Аттанды Алматыдан бір топ адам,
Азанда Нарынқолды маңдайға алып.
«Жәйімен көлігіңді айда, шырақ!»,
Жатыр ғой жас пен кәрі жайғасып ап;
Қаладан шыға біреу қол көтерді,
Таң атпай осы халық қайда асығад?
Автобус іші де онсыз жан самсаған,
(Айып па туған жерге барса аңсаған);
Кірбің бар қабағында, кіріп келді ол,
Шамасы шала ұйқы ма, сәл шаршаған...
Тыянақ таппай ұйтқыр жер мен көктен,
Екпіні мына адамның желден де өктем:
«Жігіттер, қайда менің орыным?» – деп,
Тізгінін қоя берді келген беттен.
«Еркелік бәріміз де жасап ек, тек,
Өрт өмір арыныңды басады ептеп;
Дұрыс қой амандығы, – аң-таң болды ел, –
Бұ кім-ей, бұл несі, – деп, – баса-көктеп?!»
«Орныңды, кәне, қайссың ұсынасың?»
дегендей қияпатты, сұсы басым:
Бір сүзіп өте шықты өткір жанар,
Сұғынан қарап тұрып қысыласың.
«Ақын ғой, әлгі ақын ше.., құнықты еріп...» –
деп әркім жатыр тілге ырық беріп:
 Таныстар бас изесіп амандасты,
Ешкім тек бермеді орын тұрып келіп.
«Түңілме тойдан шыққан түрім көріп,
Жігіттер, жайғастың ба бұрын келіп?
Менің де билетім бар, міне, ағайын,
Заңымен сатып алғам құнын беріп.
Жігіттер, кешіктім рас тойға барып,
Өмірде орныңды біл, ойлап алып:
Нәресте, қарт жайғасса, бір сәрі ғой, –
Кәнекей, жасырынбақ ойнамалық?!»
Біреулер білдірсе ашу боп наразы,
Ақынның қылған мынау топқа назы:
Билетпен... қалтасынан сусып түсті,
Бір уыс бес сомдықтың көк қағазы.
Жарқылдап жаюшы еді елге құшақ,
Кезі ғой жолға шыққан пенде құсап:
Билеті рас болды, орны – мынау,
Салмапты ақын буынсыз жерге пышақ.
Орнында бір жас отыр, көзі жетті,
(Қулығын асырғандай өзі де епті);
«Ағаңның орнын бер!» деп шықты өктем үн, –
Ежелден ел ішінде көп ізетті.
Адамның бар ғой небір астамшылы,
Ақынның мысы басты жас «бақсыны»:
Оп-оңай орындыққа сыйып кетті, –
Асылы, Аспантаудың асқақ шыңы!
Өмір – жол, көп қой асу, бұрылысы,
Сол жолда табысады тірі кісі:
Әлгі адам дауыс берген, болып шықты
Қаламгер бұл да, ақынның бір інісі.
«Бауырым, ренжіме сен де налып,
Сыйысып отырайық кел, дем алып, –
Деп жатыр жасқа да әлгі әлек қылған, –
Бір жасап қайтайықшы елге барып!»
 Өзі де өкінгендей бұл ісіне,
Түн қатып, ел шулатқан жүрісіне.
Енді ақын қолқасы өтіп, назын ұғар,
Бұрылды сол қаламгер інісіне:
– Бауырым, бізге атаның салты қалған,
Жанын ол санамаған артық ардан;
Осы орын лайық па осы маған, –
Кімнен кім, айтшы әділін, тартып алған?!
– Ағатай, сіз бір елдің дарқан ұлы,
Бір інің етті әбестік, әй тәңірі;
Әйтпесе, автобустың тұғырына, –
Сыя ма зорласаң да Хантәңірі!..
Автобус іші ауылдай кіші-гірім:
Бәрі бар, парықты аға, пысық інің;
Байқатар кісілігін ісі мығым...
Жер шалғай, суыт жүріс, ысыды күн...
«Жігіттер, жолға шықтық, жақ па Қызыр?!
Тоқтатып... бірің анау... жаққа жүгір:
Қапырық, қаталадық... таңдай кеуіп,
Шай-суан алып жетсей, ақ па қызыл?..»
Қалың ел қалғаннан соң қаумаласып,
Тау ұлы тау мінезді, тауға ғашық:
Уыстап ұсынады көк қағазды,
Жатпайды сұрап және саудаласып.
Мына өмір қарап тұрсаң толы сұмдық,
Біреуге – тор, біреуге төр ұсындық:
Еркінсіп енді, міне кейбіреудің, –
Кетеді қалтасына қолы сүңгіп...
Сапарлап жүрсе де сан шет қиырда,
Ақынды түспепті алдау көп қиынға:
Автобус бір бекетке жеткенде ұқты,
Қалмапты қалтасында көк тиын да!?
... – Тексеріс. Шекаралық бекет деді,
Сақшының айтқанын ел екі етпеді.
 Бұлардан рұқсатсыз кете алмайсың,
Екі аттам еліңе де етектегі!
Барлығы өтіп жатыр, қалатын кім?
Бәрі мәз ауылға аман баратынның;
Ақтарды әрі-бері, жоғалған ба,
Рұқсаты болмай шықты ал ақынның?!
Сақшы тұр сақадай-сай, тергеп алып,
Көнбесең жіберердей жерге қағып:
– Мәскеуге оқисың деп шақырған соң,
Туысқан, қайтпақ едім елге барып!
Қаңқылдап қанат қақтым Қарасазға,
Қанымнан қайнап шыққан қара сазға!
Қаталап Қарасазын қатты аңсаған,
Қамыққан қара қазақ баласы аз ба?!
Әркімнің өзіне ыстық Қарасазы,
Қалқасы, «қара көздің аласы азы».
Көміліп көрге енсем де, көкке ұшсам да,
Құйылар құлағыма дала сазы.
Қайтайын сәлем беріп қарт анама,
Бармасам шөгіп, азап тартады ана!
Барайын Шалкөдеге, Қарқараға,
Былай тұр, Хантәңірін қалқалама!
Қашанда ақындардың артық соры-ай,
Азабын келеді өзі тартып жолай.
– Қайтарып жібереміз сізді кері,
Әңгіме бітті осымен, тәртіп солай!
Ақынның өрт шарпылған өзегінде:
«Болдым ба бодан сонда өз елімде?
Ен түзде еркін өскен ел едік қой,
Көкжал да көже берген көжегіне!
Бара алмай өз еркіммен өз еліме,
Шошысам шомыла алмай өзеніне;
Жүректің қалауымен жүріп-тұрмай,
Апырмау, ақын жаны төзеді ме?!»
 Топастық тосырқамай ұға ма наз,
Өтіну керек шығар, сұраған аз:
– Не керек, паспорт мынау, өзім – міне,
Мәскеудің шақыртуы мына қағаз!
Басымды қатырдың ғой, әй зәнталақ,
Өңменнен, өзеуреме, найзаң қадап;
Ақыны туған жерге бармасын деп,
Қояды дүниеде қай заң талап?!
Суырдай шақ-шақ еткен сен кімсің, ей?
Мен болсам ақынымын елдің сүлей!
Жалғыз қап айдалада ай бағам ба,
Керауыз кергіме сен келгіншідей.
Тәртіп пе, осындай да тәртіптерің,
Азабым аз ба жүрген тартып менің?
Аяққа бассаң арын ақындардың,
Қарт тарих айтар кейін артық-кемін.
...Бұл да бір өмірдегі жол ма айырық,
Әлеумет алды ақынды зорға айырып.
Әйтпесе, тәртіп солай, сақшы деген
Торға да тыға салар қол қайырып!..
Інісі болды солай тағы араша:
– Жорға едің мұзға таймас тағаласа,
Ағатай, қадіріңді ез қайдан білсін,
Батырын бағалайды ел, бағаласа!
– Сақшы ма ел дәстүрін қолдап өспек?
Жоныңнан таспа тіліп, жол да кеспек;
Самарқау сақшы солай салады әлек,
Орының мұнда сенің, онда емес деп!?
– Ел шіркін алтын бесік, алыпқа ана,
Сыймайтын қасиет ол қалыпқа да.
Сізге орын белгілейтін, тәйірі ол кім,
Ұлым деп ардақтайтын халық қана!
– Бауырым, басу айттың, ал тыналық!
Күймеске барады ақтық салты қалып.
 Өмірде, өнерде де өз орнымды, –
Біреулер жүрген жоқ па тартып алып?!
– Ағатай, кетті басың қатып неден?
Бола ма шын жүйрікке бақыт керең?
Әркімді өз орнына қоятұғын, –
Тарихтың тура биі уақыт деген!
– Осындай тағдыр тезі әр үйде бар,
Татқаның жан жарыңнан әрине бал;
Жаныңды ұқпаса жар – тозақ сол ғой, –
Адал жар болып өтсін пәниде олар!
Осылай өтер ғұмыр жол үстінде,
Ол шіркін өре кімге, өріс кімге?
Айнымас жора тауып, жолдас тауып,
Сүрінбей өтсең сыннан, толыстым де!..
Бірдемең бар ма, бала, шөл басатын?
Божырап бара жатыр болмаса ақын.
Ащы умен ашыған ми, ашу тарқап,
Аяғын ағаң сонда оң басатын,
Бірдемең бар ма, бала, шөл басатын?..
– Ағатай, тартынайын түзде неден?
Құрметім бұл ғана емес сізге деген!
Бұл – зәмзәм емес шығар, бірақ ертең
Жан болмас шөлдеп жырың іздемеген...
Шөл қысып, жол соқты ма, шаршады ақын,
Айтатын айдай әлем жар сап атын,
Жырына үлкен-кіші тамсанатын,
Рух берген, жігер берген баршаға тың...
Шөл қысып, жол соқты ма, шаршады ақын...
Елге де таяп қалды көліктері,
Туған жер кеші қандай көрікті еді;
Мазаны кетірді тек әлгі қулар,
Түрлерін түңілді ақын көріп тегі.
Ащыдан алатындай ата кекті,
Қажыды ол, көлік те елге жаңа жетті;
 Иіскеп туған жердің топырағын,
Көгіне ол баурын төсеп жата кетті...
Беймаза болам іштей, жігіттер, ұқ!
Жүйріктер жүр ме әділ іріктеліп?
«Қайда, – деп, – орным менің?» сұрайтындай,
Сол адам осы қазір кіріп келіп!..





Пікір жазу