19.03.2022
  168


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘКЕ АМАНАТЫ

«Әкем ауыр науқасқа душар болып, өлім
халінде жатқанда, басында жылап отырған
жас жарына айтады екен: – Жылама, неге
жылайсың, сенде анау бар ғой, анау, – деп,
жөргекте жатқан мені нұсқайды екен...»
Бәйкен Әшімов.



Ел сенімі – ең қымбатың. 57-бет.
Жас отауға түсті тағдыр жасыны,
Жатты сұлап бір әулеттің асылы:
Жарқылдаған жары қалды бүк түсіп,
Жабырқады жамағайын, жас іні.
Сұм тағдыр-ай, сұлатты кеп тасадан,
Қайран сәби, қайтіп шыдар жас анаң?
Әл үстінде әкенің де тілегі:
«Жалғыз ұлға жар бола гөр жасаған!..»
Жарына айтты: «Жасыңды тый, жасыма!
Сұм тағдырдың салғаны да басыма:
Сенде анау бар! – алданышың, әлдиің,»
«Анау бар ғой! – аман сақтап, асыра!..»
Тұл болды ма жер тарпыған тұлпары?
Қалды аңырап ынтызары, іңкәрі.
Асылынан айырылып ағайын,
Қалды артында жалғыз тұяқ ұрпағы.
Жас ананың жасын жел де кептірді,
Нәрестесін тірлігіне сеп қылды.
Жалғасты өмір, қамқор болып ағайын,
Бір тылсым күш сүйреді алға текті ұлды!
 Арман қуып жігер-күші тасыған,
Өсе берді өршеленіп жас ұлан:
Қиын заман, қилы тағдыр кез келіп,
Ел көрген сын өтті бәрі басынан.
Заман қиын, заң қатты еді не деген,
Ұл – әкеден, қыз айрылды енеден;
«Анау бар ғой!» деген үміт жетелеп,
Жеткіншекті әке рухы жебеген.
Қиындықтан өтті қанша самсаған,
Кезі болды тауы қайтып, шаршаған:
Мұқалмады, әке рухы дем беріп,
Құлшынды алға, арманына аңсаған.
«Әкем менің болған шығар осындай», –
деп сындарда талпынды алға тосылмай:
«Анау бар ғой!» деген әке рухы өшпей,
Оңашада сырласатын досындай!
Қан майданда ел намысын жоқтаған,
Батырлардай оқ пен оттан өтті аман:
Шаңырағын түзеп елдің шайқалған,
Қалың жұртты маңайына топтаған.
Мәнді өткеріп өз заманын, уақытын,
Жоғалтпады жүректегі жақұтын:
Ақ көңілден айналаға нұр шашқан, –
Тапты өмірден талмай іздеп Бақытын!
Басына оның қонды еңбекпен бақ тағы,
Астында оның болды биік тақ-тағы!
Әке үмітін ақтап шықты ол айнымай, –
Сол арқылы ел сенімін ақтады!
Қайран өмір салса да сан талқыға,
Шаң жуытпай келді ізгілік салтына:
Әке жүзін бір көруді аңсаған, –
Әке болды ол, ата болды халқына!
«Анау бар ғой!» деген борыш, аманат,
Санасында тұрды бәрін саралап:
 Ел сенімін асылындай бағалап,
Жолатпады арына кір, жаманат.
Әке атына, аруағына сөз келер, –
деп айнымай талай сынға төзген ер:
«Анау бар ғой!» деп ықынып жылпостар,
«Анау бар» деп бой түзеді өзгелер.
Оңай ма алу асқар биік белесті,
Шындық жолы оқтай түзу емес-ті:
Туған ел деп ту көтерген жақсылар,
Тура бастар «Анау бар ғой!» деп өсті!
Қайрат қылып қалың елдің қамына,
Мастанбады мансабы мен тағына:
Жас буынға сенім артты сол жайсаң, –
Тура бидей туған елдің бағына!
Қайран ұрпақ қанат қағып шарқ ұрар,
Арман қуса алдында ата салты бар:
Елін сүйген, жерін сүйген жас буын, –
«Анау бар ғой!» деп асқарға талпынар!





Пікір жазу