19.03.2022
  190


Автор: Тортай Сәдуақас

БІР ТАМШЫ ЖАС

Жолымыз екіге айрылды, Тыңдадық тағдыр – тақсырды:
Толқыған айтып жайыңды, Көзіңде тамшы жас тұрды!
Санамыз санға бөлінді, Ойымыз болды он бөлек.
Көзіңнің жасы төгілді, Тамшы жас кетті дөңгелеп:
Мен сені қайтіп жұбатам? Қош болғын деймін күбірлеп.
«Бағыңды ашып бұла таң, Күндерің келер күлімдеп!»
Күн озды... Дала көктейді, Оталды талай тоғайлар...
Тамшы жас неге кеппейді, Өтсе де, жаным, көп айлар?!
Құрғамай сол жас мөлдіреп, Сырымды жайып жатты елге.
Жырыма жазған қонды кеп, Сия боп тамды дәптерге.
Айдынға барсам аңсап көп, Алдымнан шықты сол бейне.
Бетінде судың моншақ боп, Мөлдіреп тұрды ол кейде.
Серуенге шыққан күндерде, Алдымнан талай орады:
Шымқай бір қызыл гүлдерге, Шық болып сол жас қонады.
Тығылар одан таса жоқ, Салды ғой сынға не түрлі.
Тоғайға барсам маса боп, – Қызартты талай бетімді.
 Жаңбырда қалсам кей уақта, Ерніме қонды ол тамшылар.
Бұртиып мендей бейбаққа, Нөсерлеп өткен сол шығар?
Кеткем жоқ болып жат пенде, Сынайды өмір – қанмайдан:
Қиналған кейбір сәттерде,
Бұрқ етіп шықты ол маңдайдан!?..
Өкініш аз ба өзімде, Күнәмді ол менің аршымас:
Айнаға барсам көзімде, – Тұрғандай болад тамшы жас.
Мен бе едім, жаным, кінәлі, Абзалға абай болсамшы;
Тереземді кейде тұрады, – Тырс-тырс ұрып сол тамшы!?.
* * *
Өртеніп ғашық сүйеді, Қияға қиял серметкен;
Махаббат – сезім киелі, Ғашықтың жанын тербеткен.
Баладай таза күнәдан, Ғашықтың жаны пәк қандай.
Сусындап мөлдір тұмадан, Пейіштің дәмін татқандай.
Ғарыштан сәуле түспей ме, Ғашықтың жаны нұр аңқып?
Көргендей болып түс бейне, Жүреді жүрек құмартып!
Сәбидей аңғал ол-дағы, Басқаға мойын бұрмайды.
Қиыспай қимас жолдары, Басады кейде мұң-қайғы.
Ғашықтың жаны құпия, Ғашықтың жаны бір тылсым.
Махаббат деген құтты ұя, Марқайтып өрге ұмтылсын.
Жаратқан сүйген жүректі, Жап-жарық нұрға бөлесін.
Тәңірім беріп тілекті, Періште дайым жебесін!
* * *
Барайық Айнакөлге, жүр сәулешім,
Көрейік көлде ойнаған күн сәулесін:
Қос сәуле сыбырласып, сықылықтап,
Сырғанап дөп басар ма сыр пернесін?
Барайық Айнакөлге, жүр айнашым,
Жүзіңде жүз құбылып нұр ойнасын:
Аққуды жазбай танып айдындағы,
Бұратын шығар бізге күн айнасын?
 Бір сәуле шағылысып бір сәулеге,
Жаныңды салар ма екен мұнша әуреге?
Бір жүрек бір жүректі жүргенде аңсап,
Бұл тағдыр құрады екен құрсау неге?
Бір сезім бір сезімге шағылысып,
Жатпай ма жарқыл қағып, жанып-ысып;
Жеткенде ғашық жүрек алып ұшып,
Құмары қанбай ма екен әлі құшып?
Бір толқын бір толқынмен аймаласып,
Баспай ма мауқын солай қайран асық;
Сапырып сезім селін шалқар айдын,
Жатпай ма зұлымдыққа майдан ашып.
Мөлдірін бір-бірінен асырғандай,
Піріне ғашықтардың бас ұрғандай;
Жатар ма ақ толқындар аспанға атып,
Махаббат моншағы боп шашылғандай!
Жүзейік Сексен көлге сергек қарап,
Іңкәр жан табар емес сен деп тағат:
Салтанат құрсын солай Айнакөлде, –
Махаббат періштесі сермеп қанат!..
* * *
Жайнатты көңілімді, Жанымды түсінгенің.
Баянды өмірімді, – Бір сенің үшін дедім.
Нұрлы еді көзің неден, Жайдары құрақ ұшқан.
Ынтыққан сезімменен, Шалқыдым қуаныштан.
Серпілді көңілім де, Сырласып өзіңменен.
Жолыққан өмірімде, Бақ па едің мен іздеген?
Ғайыптан пайда болған, Ғажайып түсім бе едің?
Бақыт боп қолға қонған, Киелі құсым менің.





Пікір жазу