ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ
Қызыл көйлек киген қыз, қызыл көйлек,
Қызықты ойлар санамда тiзiлдi-ой, кеп…
Қызғанышсыз қызығып қарай бердiм, –
Қырықтың бiрi, қалқам, Қызыр ғой деп;
Қызыл көйлек киген қыз, қызыл көйлек!
Қыз-қыз өмiр қайнаған Құзырлы үйден,
Қызды көрдiм қырмызы қызыл киген.
Қызыл киiк маған да ұстатпаған,
Қызарақтап отынан жүзiм күйген…
Қызығы мол қыз бала-ай, қызыл киген!
Қызыл қанат көбелек, қызыл қанат,
Қызды көрiп көңiлiм бұзылғаны-ақ:
Қызған отқа қызығып үйiр болма,
Құзырыңа жығылсын қызыр да бақ!
Қызыл қанат көбелек, қызыл қанат!
«Қызыл қыршын деушi едi, қызыл қыршын,
Менiменен ойнаған жүзiң құрсын…»
Қызылыңды бiз емес, аяз сорып,
Үзiлдiрсе жiгiттi үзiлдiрсiн,
Қызығыңнан құр қалма, қызыл қыршын!
Қылаң еткен алдымнан, қызыл елiк,
Қызылқұмдай кетермiн түзiңе ерiп;
Қызыл желдей түзiңде адасармын,
Жүзi кеткен бөкеннiң, жүзi келiп…
Қызықтырған талайды, қызыл елiк!
Қызыққа да қызықпай, қызыметке,
Қыза-қыза түсермiн қызыл өртке;
Қынжылтатын аз ба едi қыжыл, өкпе…
Қыздан биік жоқ екен құзырет те,
Қыза-қыза түсермiн қызыл өртке!
Қызыл шырай, қызыл жүз, қызыл ерiн,
Қызбалықпен құр әлде сүзiлемiн?
Тоңбасын деп тiлеймiн қырмызы бет, –
Қонбасын деп тiлеймiн жүзiңе мұң!
Қызғалдақтай құлпырған қызыл ерiн!
Қызыл желкен қиялмен жүзiп алға,
Қызғылт нұры тараған қызыл алма;
Қысы да бар тағдырдың, күзi барда,
Қыз деген бұл өмiрдiң қызығы ғой, –
Қызығыңды, қыз – ғұмыр үзiп алма!..
* * *
Кең болса-дағы мына әлем, Кездестің маған, кермарал!
Сұлуға мен де құмар ем, Сүйкімдісің ғой елге бар.
Көздері түскіш аңшының, Өзіңдей кербез маралға;
Қамықпа, қалқам, бал шырын, – Бақытың, бағың бәрі алда.
Бағыңа, емес сорыңа, Сымбатты сұлу сән берген:
Тор құрып сенің жолыңа, Торыған шығар сан мерген?
Тас атар тұрып тасадан, Тасбауыр көп қой аңшылар:
Жасыңды көрген жасаған, Періштең сенің бар шығар!
Обалың, бәлкім соларға, Опынған ойдан зар шығар;
Жаныңа шипа болар ма, Жанардан тамған тамшылар?
Қапалы болма, қарағым, Қақпанын құрған қай арсыз?
Баптаған сендей маралын, Болар ма өмір баянсыз?!
Шағынба мұңға шарпылып, Кім көрмес өмір талқысын?
Шағала көңлің шарқ ұрып, Шаттықтың нұры шалқысын.
Қиянат сезсе көңілің, Қиналма тағдыр қатты деп;
Қиямет мына өмірің, Қиялға ғана тәттірек.
Қанаты талып шаршаған, Адасқан аққу аз ба айнам?
Қонбаса құсы аңсаған, – Жайнайды, жаным, жаз қайдан?!
Гүлдейсің бүрін жаңа ашқан, Сәбидей тәтті қылығың;
Шат күлкі ғана жарасқан, Шайқама көңіл тұнығын.
Жылт еткен гүлді жұлатын, – Жылты жоқ деме, шырағым:
Жырқыш емес қой бұл ақын, – Жылтайын жетсе шуағым!
Шырқатып салған әніңмен, Көңілде әсем саз қалып:
Сылқым да сұлу сәніңмен, – Алдымнан шықшы назданып!
* * *
Ашылып асыл шырайың: Аспанның көрдiм күн-айын.
Асыққан iңкәр көңiлдей, Гүлайым, жаным Гүлайым!
Сыр болсаң нәзiк ұғайын, Сын болсаң төзiп шыдайын;
Шың болсаң шырқап шығайын, Гүлайым, жаным Гүлайым!
Көңiлдiң бапта шұрайын, Өмiрдiң байқа сыңайын;
Сұқтанған аз ба сұлуға, – Гүлайым, жаным Гүлайым!
Шынарым, десем шынайым: Шытырман жоқ қой күнәйiм;
Шырқасын бағың шат күліп, – Гүлайым, жаным Гүлайым!
Аман-сау бол деп ылайым, Алладан медет сұрайын;
Алдымнан атшы ақ таң боп, – Гүлайым, жаным Гүлайым!..