18.03.2022
  212


Автор: Тортай Сәдуақас

ШОРТАНКӨЛДІҢ ЖАҒАСЫНА КЕЛ, ЖАНЫМ!

Бәрі есімде... Шортанкөлде жүзгенім,
Айдынынан бір жақұтты іздедім:
Асыр салдым, асық аттым, астым бел, –
Жағасында жатыр сайрап іздерім!
Әкем атын суарған бұл суаттан,
Менің де анам су алған сол бұлақтан:
Шортанкөлім маржан шашып маған да,
Маңдайымнан сипап еді шуақ таң!
Жарқыл қағып жөн сілтеген жолыма,
Алтын балық түспеді тек қолыма;
Бетпақ тағдыр бермеді оңай олжасын,
Батпақ кешіп жүрдім талай сорыма!
Ол шалқыса ырыздыққа ел кенелген,
Асып-тасып жатты талай кемерден;
Шыңдап бақты ақ толқындар аймалап,
Маржан тер деп үйретті олар тереңнен!
Лайламауға үйретті ол мөлдірді,
Тазалыққа тас атпауға көндірді;
 Қызықтырды құстарымен көк құмар,
Қығаныштың отын ғана сөндірді!
Тыным таппай тебіреніп, толқындап,
Ғашықтардың жатар сырын ол тыңдап;
Шырайлы ол да іңкәр жандар табысса,
Жылайды ол да ғаріп көрсе солқылдап!
Жырға қосып туған жерін, өңірін,
Аңыз етер аталардың өмірін;
Сонда менің жан ұшырған жүрегім,
Сонда менің алып-ұшқан көңілім!
Перзенті едім кіндігімнен байланған,
Аумайды ол кеудемдегі қайнардан;
Айдын ба ол көкірегімде шалқыған,
Көңілім бе әлде көлге айналған?!
Онда менің тағдырым бар тартылған,
Онда менің шабытым бар шарқ ұрған;
Сырымды айтып, жырымды айтып жоқтаған,
Менің де бір келер ақын артымнан!..
Мұнде келсем, қалмас жаным шаттанбай,
Тынбас көңіл сыр сабасын ақтармай;
Сайран салған, серуен құрған, сырласқан, –
Сүйген жандар сұхбаттасқан шақ қандай!..
Шарқ ұрып ол жаңғыртады ел жадын,
Ақтарады ғашықтардың шер, зарын;
Есіркеп бір есіңе алсаң сен мені, –
Шортанкөлдің жағасына кел, жаным!..
Жұтқың кесе жұпар, естіп сырымды,
Ұққың келсе жан сөзімді, жырымды;
Шортанкөлдің жағасына аялдап,
Айналайын алсаңшы бір тынымды!..
Көз алдыңда көлдің беті дірілдеп,
Жылт-жылт толқын жырымды оқыр күбірлеп;
Аңыздаған ата-бабам рухындай,
Алыстан бір үйір өтер дүбірлеп!..
 Көл бетінде бейнем тұрар көлбеген,
Сырымды айтар толқындар жел тербеген:
Сағым болып жүзер рухым тағы да,
Саған деген сағыныштан шөлдеген!..





Пікір жазу