18.03.2022
  141


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАУЫНГЕР САҒЫНЫШЫ

1. Аттану
Тілегендей жолымның амандығын,
Шапағатпен шашқандай далам нұрын;
Асықтырып алыс жол, самолетпен, –
Туған жерден аттанып барам бүгін.
Жерім қалды желегі желбіреген,
Елім қалды енемдей елжіреген.
Қия алмай аяулымдай назын айтып, –
Жүгірді қапталымнан жел гулеген.
«Өзіңсіз бұлдыраған күнім сағым,
Сағынсаң сүйікті елді бұрын сағын! –
Анамдай туған өлкем күбір етті:
Аман бол,– деп,– қашанда құлыншағым!»
Тартқандай тағдыр жолы тармақталып,
Тәкаппар тау да сырын салды ақтарып:
«Шырағым, шынайы ұл бол!» – деді шыңдар,
Әкемдей сабырлы оймен салмақтанып.
«Арман қусаң, арымас күлік берем,
Талабынан талмас, – деп, – жігіт деген!»
Қалың нуым – қауымым, қара орманым, –
Жолыма қарап қалды үмітпенен.
Әжемнің жаулығындай торғын далам,
Құттысын тілеп жатты жолдың маған.
Қырымда қызғалдақтай қыздар қалды, –
Тілекпен, қимастықпен қол бұлғаған.
Еркелеп қарындастай бұлағым шат,
Жайнаған бауырларға құрағы ұқсап;
Көтеріп аспанына аттандырды, –
Туған ел ақ тілекпен шығарып сап.
2. Түлектер тілегі
Туған жер, мейірмен, Қимастай қарайсың.
Дедің ақ пейілмен: «Ер жеттің, жарайсың!»
 Тұрмыз біз ертеңнің, Есігін бірге ашып;
Өрендер сынға асық, Өмірге шын ғашық!
Арындап жас кеуде, Арайлы нұр өпкен:
Аттанбақ әскерге, Жалынды жүрекпен.
Аттанбақ асуға, Жігіттер жаны ізгі;
Тастүлек тәрізді, Өтеуге парызды!
Алаштың ұлысын, Қорғаймыз қырағы:
Думанды ел, ырысың, – Шайқалмай тұрады.
Көңілге біз мұны, Түйгенбіз, жақсы ұғып:
Өңірге сақшылық, – Өмірге жақсылық!
Ата-ана, туысқан, Өсірген өскінді:
Жүрекпен ұғысқан, Қош боп тұр, дос, құрбы.
Алыстан ал енді, Сәлем мен жырымды ал:
Хат жазып тұрыңдар, – Сүйген қос бұрымдар!
3. Жауынгерлер үйі
Құтты ұя кең де, жарқын да, Қарсы алған барша түлегін;
Қашанда осы қалпында, – Тілейді ол көптің тілегін.
Үйіңдей туған аңсаған, – Көрінер көзге тым ыстық.
Тұрса да мұнда қанша адам, Орнаған бей-жай тыныштық.
Кезекші сақ боп тұрады, Бес қару дайын сайлаған;
Әскердің шыңдап сынағы, Намысын оның қайраған.
Жанында сержант бапкері, Ақылшы аға сырласқан.
Сарбаздың сергек сәттері, – Жатады өтіп тынбастан.
Жан-жақтан келіп табысқан, Жастардың құтты мекені:
Қанаты талып алыстан, Көгершін хаттар жетеді.
Сағыныш тола жүрегі, – Сәулеші қалып жырақта.
Бәрінің бірге тілегі, Бәріне ортақ мұрат та.
Біреуі естіп қалса сын, Бәріне бірдей ол-дағы.
Марқайтып кеткен баршасын, – Бір ғана алғыс болғаны!
Машықпен қиын сынды алып, Жігер мен күші тасыған;
Өседі мұнда шыңдалып, Отанын сүйген жас ұлан!
 4. Жауынгерлік тапсырма
Қас қақпай қарап жолына, – Бағып тұр сақшы барлығын;
Бергендей соның қолына, Ұлы Отан сеніп тағдырын.
Тек қана соған тапсырып, Қойғандай халқы зор ісін;
Жас қыран жасап сақшылық, Сезінген терең борышын.
Тап осы жерден келердей, Төнсе егер елге қауіп бір;
Елінің шебін, елеңдей, Кеудесімен ол жауып тұр!
Тұрады ол күнде осылай, – Бақытын тілеп әр үйдің;
Жатсын деп бейқам шошымай, Ұйқысын қорып сәбидің.
Тұрады сақшы сайланып, Атсын деп күліп бұла таң.
Өмірі елдің жайланып, Көркейсін дейді ұлы Отан.
Өмірді бейбіт тербеткен, Алады ол қуат анадан:
Жайнатқан жерді еңбекпен, Тапсын деп зейнет бар адам.
Өтінде желдің, сыз өтіп, Жаңбырда, боран, бұршақта;
Бақытын елдің күзетіп, – Сайыпқырандарым тұр сапта!
...Өздерің бар деп өмірде, Сәулесін бейқам таратып;
Балбырап жатқан өңірде, – Келеді марғау таң атып.
5. Ерлік дәстүрі
Ел үшін сонау егесте, Мерт болған ерлер қасқиып;
Қорымға жатқан белесте, – Тағзым ет барсаң басты иіп!..
Қорғаған жерін жан сала, – Соққанда дүлей дауылдар:
Қиылып ғұмыр қаншама, – Осында жатыр бауырлар.
Жайратып жауын жанышқан, Тағзым ет қайрат-намысқа:
Арыстан болып алысқан, – Арыстар жатқан алыста!
Туған жер жастай түлеткен, Қалса да сонау жырақта;
Жалындап өткен жүрекпен, Өшпейді рухы бірақ та!
Көз жұмған антпен киелі, Сан ұлттың талай боздағы:
Бұл жердің әрбір сүйемі, Олардың болған өз бағы.
Құрметтеп, күтіп әр уақта, Есімін алған есіне ел:
Айналып асыл аруаққа, Осында жатыр есіл ер.
 Үмітін ізгі үзбеген, Болсын деп бейбіт бұл ғалам;
Соғады жүрек жүздеген, Қарайды көздер мыңдаған.
Шарапат нұрын таратқан, Шаттығын ойлап әлемнің:
Жыртқышты мытып тамақтан, –
Саусақтар жатыр бәлен мың.
Бетпе-бет келіп ерлікпен, Қарасаң үнсіз қас қақпай;
Мәңгілік от та өрлікпен, – Жанады жайнап, асқақтай.
Өнеге боп ол тұрар-ау, Ұрпаққа, келген түлекке;
Тұтанып одан бір алау, – Жалындар өжет жүректе!..
6. Сағыныш
Сағыныштай сарғайды шөп белдерде,
Жаңбырлы жаз алыстады да.
Құсы азайып құса болды көлдер де, –
Басынан базары ұшқаны ма.
Барады, әне, соңғы қаздар қиқулап:
Қоштасып наз алысқаны ма?
Қарап қаппын қаз үнінен күй тыңдап,
Бет алған Қазақстаныма.
Көлім аңсап қарсы алар-ау, қаздарым,
Көргенде талып ұшқаныңды.
Жеткізші елге жүрегімнің назды әнін:
Махаббат, сағыныштарымды.
Күйге бөлеп келген нұрлы аспанын,
Даламның сәуірде сәні едің.
Хатқа алаңдап жүрсе туыс, достарым,
Айта бар жауынгер сәлемін.
Дос-жаранға ақ ұстаушы ем арымды,
Өмірде адамға ор қазбадым.
Алып ұшқан аяулыма әнімді,
Көгімде аман бол, қаздарым!..
7. Оралу
Келемін туған елге түу алыстан,
Жүрегім алып ұшқан қуаныштан.
 Бекзатым, алаңсың ба, сыр алысқан,
Жекжатым, амансың ба, құрақ ұшқан?!
Армысың, керім далам, кеңістігім,
Өрісім, өзендерім, егістігім;
Туған жер, құшағыңды аш, ең ыстығым,
Жәннәті мен жұмағы жер үстінің!
Көсіліп көңіл шіркін даладайын,
Армансыз бәрін-бәрін аралайын.
Қаумалап қапталымнан қарағайың,
Жүгіріп шықты алдымнан бала қайың!
Көктемің көгілдір нұр құйып көктен,
Самал жүр алма кезек сүйіп беттен.
Көк баулар – өңірімді сүйікті еткен,
Көп таулар – көңілімді биіктеткен.
Құлпырған қызғалдаққа қырат тұнып,
Жіберді жас жанымды бүр аттырып.
Шапалақтап қолдарын құрақ та ұрып,
Сыр айтады сыңғырлап бұлақ күліп.
Алдымнан ғажайып бір сарайды ашқан,
Төбемде елжірейді арайлы аспан.
Қуанып қыр қунаған талай жастан,
Ерке елігі жақын кеп, жанай қашқан.
Төл өргізген түлепті өңір мүлде,
Құс әнімен құйқылжып көңіл бірге;
Көзді арбайды – көбелек өрім гүлде,
Көп бояу қызыл-жасыл, көгілдір де!..
Келемін туған елге түу алыстан,
Жүрегім алып ұшқан қуаныштан:
Қадіріңе жетермін бір ұлың боп,
Туған жер, айналайын құрақ ұшқан!..





Пікір жазу