18.03.2022
  184


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚАРЫНДАСЫМ

Айналсоқтай бересің айна алдында,
Айнамкөзге, айналдым, айналдың ба?!
Қабағыңа, қарағым, қарай бердім,
Бір қуаныш, ойға бір қайғы алдым да.
Менен де бар ма, жаным, жасырғаның,
Жасыма, қашан-дағы қасыңдамын.
Жел тербеп желегіңді, сыр айта ма,
Жайнаған жаз айында жасыл бағым.
Бой жету, қарағым-ау, осы ма еді?!
Бұл жылдар қалай жылдам өсіреді.
Бірге өсіп сыр бүкпеген, жалғыз ғана
Қарындасым емес тек, досым едің!
Әпкемдей –
бейнетімді көрген неше,
Жанымды сен емдеуші ең шер меңдесе;
Өзіңмен қуанышым асып-тасып,
Құлазып қалушы едім сен келмесең...
Шынымен ширадың ба, құралайым,
Толқымай қалай енді тұра алайын.
Қыр асып кетесің бе, сыңғыр-сыңғыр
Мөп-мөлдір қайнап шыққан тұмадайын.
Бір мерей қуанғаның бізге, ардағым,
Бақытты болсаң екен, ізгі арманым.
Көркейтіп көңілімді,
көз алдымда
Құлпырып тұра берші, қызғалдағым!





Пікір жазу