18.03.2022
  113


Автор: Тортай Сәдуақас

ТЕҢІЗ

Толқимын көрген сайын көк теңізді,
Дос болып кеткен едік көптен ізгі.
Асыр сап асау толқын асқақтаған,
Маздатқан көкіректе от сезімді.
Аңсадым, алып теңіз, айбыныңды,
Шарқ ұрған шағалалы айдыныңды.
Сағындым құдыретті дауылыңды,
Кеудемнен шайып өткен қайғы-мұңды.
Шалқуға көңіл шіркін неге бейім?
Менің де көз алдымда телегейім;
Өр көңіл өрге жүзген өмір мынау,
Келемін теңіз кешкен кемедейін.
 Кес-кестеп есер толқын ескегімді,
Долы жел үдей соғып сес те қылды.
Алдымнан алтын балық жарқыл қағып,
Білмеймін қаншама айдын кешкенімді.
Өмірдің сыры ма бұл, қайран қалам,
Қайығың кейде құмда қайраңдаған.
Көмекке келген сонда шарапатты, –
О, достар, жаны жайсаң жайраңдаған.
Жартастар қарауытып қалтарыстан,
Көз алмай көсілесің қатты ағыстан.
Құлшына құлаш ұрам арнасына, –
Ғұмыр бұл – кең дария арпалысқан.





Пікір жазу