18.03.2022
  308


Автор: Тортай Сәдуақас

БЕЙБІТШІЛІК МЕКЕНІ

Соғыстың өрті кеулеп кең алабын,
Тынысын тарылтса егер жер ананың;
Сол жердің өсіп-өнген перзенттері, –
Таппайды бұл сұмдықтың неге амалын?!
Асқынған көрмейсің бе жараларын,
Түңіліп тауысқандай бар амалын;
Жуғандай омырауын көздің жасы,
Зарығып шығады енді зары ананың.
Ел аз ба тұрмыс күйі тұралаған,
Ей, адам санаңды не дуалаған?
Бәріміз тумап па едік бір анадан,
Бәріміз дем аламыз бір ауадан!
Арада шыр-шыр еткен ана байғұс,
Перзентін бағып-қағу қарадай күш.
Тілегін тілмен емес, діліңмен ұқ,
Адамзат, санаңа түй, саралай түс!
Табиғат таза еді ғой о басында,
Қозғама қозықасын, қоғасын да.
Ластауды ойлап тапқан настар ғана,
Ізгілік пен сұмдықтың додасында.
Аялап нәр бергейсің құрақ, гүлге,
Шықсын деп шырайланып шуақ күнге.
Ез аз ба ерік тисе ермек іздер,
Күллі өмір күл болсын деп бір-ақ күнде.
Бос қоқыс бола ма әлем қас қағымда,
От шалып, өрт шықпасын аспаныңда;
Азбасын кіршең дүние, абайла, адам,
Басырлар бас көтертпес бас қамында.
Тасыңды таста тыққан қойындағы,
Ынтымақ жолын елдер мойындады.
Құлағымның түбінде тұр, әйтпесе,
Солқылдап содыр заман сойылдары!
 Қойнында өмір қозған ұлан-асыр,
Қорғайық жер дәулетін – мұраны асыл.
Абай бол, ей адамзат, мойыныңа
Жауапты міндет артқан мына ғасыр!
* * *
Жазғырма сен жазым болсаң, Сарыөзек,
Тап болды адам уақытқа бұл тар өзек:
Бір жұмбақты шеше алмай жүр адамзат, –
Әрі дана, әрі нәзік, әрі өжет.
Шоқыңды асып ойға шомған Шоқан да,
Арманы еді оқу, өнер, отарба!
Ракетаны жою үшін, ал бүгін
Тәуекелің керек сенің Отанға!
Өр тұлғаңнан көрем батыр бейнесін,
Ер басына түскен солай кейде сын:
Нар ұлдарың кірген өжет майданға, –
Мерт болса да оққа төсеп кеудесін!
Үркер, бәлкім, туған жердің құстары,
Үзілмесін тек көңілдің құштары.
Адамзаттың ажалына ара түс,
Жер ананың құйттай ғана пұшпағы!
Тәніңді өртеп, осар бәлкім қорғасын,
Топырағың күл боп, гүлің солғасын;
Қару лаңын айғақта айдай әлемге, –
Бұл пәледен құтылмаса болмасын!
Соғыс десе жата алмаймыз жайланып,
Қаншама ана аңыраған қайғы алып.
Бір құдығың жатар бәлкім қоңырсып,
Ракеталар моласына айналып!
Жазғырма сен, Сарыөзегім, сырымды ұқ,
Ол болмаса бір қатерге ұрындық.
Опық жеме, өрт жалмаған сайыңда,
Жер жастанып жатсын күллі зұлымдық!
 Чернобыльда, Невадада, Семейде,
Атом сыры: абайла адам, демей ме!
Сол қатерді болдырмауға болыс сен,
Жеткізе гөр жеңіс күнгі мерейге.
«Бейбітшілік» – аузындағы тобасы,
Ақпасын деп нақақ көздің сорасы;
Жауынгердей ерлікпенен мерт болған,
Сарыөзекте – ракеталар моласы!..
...Бейбітшілік шатырындай бұл мекен,
Шаңырақты құру – басты міндет ең!
Ракеталар жиі ұшады ғарышқа, –
Сол шатырға уық шаншып жүр ме екен?!
* * *
Адам, адам, талпынудан тынбадың,
Қиындыққа қажымадың, қыңбадың.
Құпияның шештің талай жұмбағын,
Дүниенің аштық қанша сырларын.
Қашап мүсін, канал қаздың, қала сап,
Саған біткен ақыл-ой мен парасат.
Махаббатың, мейірімің, өнерің,
Ізгілігің – соның бәрі тамаша-ақ!
Ақыл-ойың бәрін ойлап тауыпты,
Сөйтіп жүріп неге өзара жауықты?
Бір тылсымды біле тұрып тапқан кім, –
Қырып-жояр қаруды осы қауіпті?!
Тыңға салып, тыншытпас бұл құштарлық,
Құштар адам арман туын ұстар нық!
Шыңға өрлеген таяр болса табаның,
Бар қауіпті құштарлық кем тұстан күт!
Жеңістердің бастауы да құштарлық,
Болмасын тек боркемік ой, іштарлық.
Бар жұмбақты шешсін адам, тек қана
Алмасыншы оны өзіне дұшпан қып!





Пікір жазу