«ТУҒАН ЖЕР, ЖАСЫЛ ЖҰМАҒЫМ»
Туған жер, жасыл жұмағым, Көктемде гүлдеп, жайнадың;
Қабыл ал, келді ұланың, Асқарым, асыл аймағым.
Орнаған бейжай тыныштық, Тыншу бар тыныс-деміңде;
Алақандарыңмен тым ыстық, – Шерімді тарқат менің де.
Күн қандай жарқын, шуақты, Шарқ ұрған кезі-ай көңілдің.
Көгінде жүзген сияқты, Өркені өскен өңірдің.
Желісін жұлқып жас құлын, Шақ көнген құрық, ноқтаға.
Қызықтап өзен тасқынын, Қызылсу кешкен топ бала.
Белдерге көк пен гүл шығып, Ауылдың маңы бақ тұнған.
Қотанда – қоңыр тіршілік, Дамылдар дел-сал шақ туған.
Төрт түлік жусап еңісте, Ойнаған қунап қозы-лақ.
Моторлар гүрлеп егісте, Еңбектің қызған кезі нақ.
Су алып қайтқан бұлақтан, Келеді сұлу бір әйбат:
Сұлуға, суға құмартқан, Айнасын бұрды күн ойнап.
Сағынтқан көптен бұл сурет, Көзіммен ішіп-жеп барам.
Жөнелді жүрек дүрсілдеп, Қызықтан қалай шет қалам?!