18.03.2022
111
ЫМЫРТ
Қайран ғұмыр, қайта оралмас әр күнің,
Қамсыз жанға алды – шаттық, арты – мұң.
Күн – балапан, ұясынан – нұрлы аспан,
Түлеп ұшып, өтіп жатыр тынбастан.
Күнбатысқа құба жалын тарады,
Бірте-бірте күн де байып барады.
Қонды, міне, ұясына келіп күн:
Ей, ағайын, не тындырып, нені ұқтың?!
Кешіктірмей ай туады, анық бұл,
Сұрақ белгі сияқтанып алып бір.
«Балапанды күзде санар» десек те,
Ертеңіңді ерте тұрып есепте.
Сары жалқын басып кетті батысты,
Неге, неге? Қарама оған атүсті.
Сайран салып жүргеніңде, жұрағат,
Осы бізден кеткен жоқ па бір ағат?!
Батыстағы деп жүргенің шын алау,
Ғайып болған жұмыртқа – күн шығар-ау:
Ғұмырыңнан тағы бір күн батты ма,
Тектен-текке, бостан-босқа, аққұла?!.